Елбасы: Әлемдегi тұрақсыздық жаһандық соғысқа ұласпайды
2014 ж. 26 наурыз
1496
0
ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жаһандық текетiреске және жаңа ауқымды соғысқа ұласпайды деп санайды.
Бұл туралы ол бүгiн Гаагада өткен ядролық қауiпсiздiк саммитi аясында өткен қазақстандық тiлшiлермен кездесуiнде мәлiм еттi.
"Мен үнемі көпполярлылық туралы айтамын. Кеңес Одағы құлағаннан кейiн барлығы тек бiр ғана держава АҚШ қалды деп есептедi және әлем бiрполярлы болып кеттi. Соңғы оқиғалар көрсетiп отырғандай, әлем көпполярлы болады. G-8 мен G20 экономикалық дағдарыстың да, саяси дағдарыстың да шешiмiн таба алмады. Сондықтан 190 ел интерактивтi режимде қосылып отырған менiң G-Global ұсынысым өзектi болып барады. Ол 8 емес, 20 ел емес, барлығымыз бiрлесе отырып, шешуге бағытталған ыңғайлы алаң. Егер халықаралық заң аясында болсын десек, онда бұл мәселені БҰҰ шеңберiнде қоюуымыз керек", - дедi ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiм ара-тұра бұзылады және келiсiмдi бұзушыларға қарсы ешқандай санкциялар қолданылмай келедi. Осы орайда мәжбүрлеу әдiсiнiң енгiзiлуi керек болып тұр. Егер халықаралық келiсiм шарттары сақталмаса, мемлекеттер жазалануы тиiс.
"Дегенмен мен жүз жыл болған оқиғалар орын алады деп есептемеймiн. Ол кезде жаппай қырып-жою қаруы болмаған едi. Егер тағы бiр дүниежүзiлiк соғысы басталып кетсе, адамзат өркениетi жойылуы мүмкін. Сондықтан осыны қаперде ұстаған жөн. Қазақстанның БҰҰ аясында жалпы қарусыздану пактiсiн қабылдау жөнiндегi ұсынысы өте өзектi болып табылады және өте орынды деп бағалануда", - дедi Президент.
Қазақпарат