Асқар САДЫҚОВ: "ӘР КӘСІПКЕР ХАЛЫҚ ҮШІН ҚАНАТЫМЕН СУ СЕБУГЕ ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК!"
2014 ж. 18 наурыз
4929
5
Асқар САДЫҚОВ, «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:
ӘР КӘСІПКЕР ХАЛЫҚ ҮШІН ҚАНАТЫМЕН СУ СЕБУГЕ
ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК
«Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Аманбайұлы Садықовтың саяси қызметте істегеніне бір жылға жуық уақыт болды. Жаңа жетекші филиал құрамын қайта жасақтап, демократиялық партияның тың жобаларын ұсынды. Басты бағыт-жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жойып, коррупциямен күресті нығайту,- дейді Асқар Аманбайұлы.
Қалтаның қалыңдығын емес, халықтың қамын ойлайтын кезге жеттім.
- Асеке, біріншіден, партия жетекшісі ретінде де жақсы қырыңыздан көрініп келесіз. Саясатты кәсіпкерлікпен қоса алып жүру сізге қаншалықты тиімді. «Ақ жолға» алып келген сізді қандай мақсат? - Кәсіпкерлікті қолдау жөнінде Үкіметте жобалар көп. Бірақ, сол заңдардың қаншалықты пайдасы барын уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан партияның басты мақсаты етіп, коррупцияны жоюды алдыңғы орынға қойып отырмыз. Ол жөнінде әлі де толығырақ қамтып айтып жатармын. Дегенмен, саясатқа халыққа, елге адал қызмет атқару үшін келдім. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматты өз отбасының, ортасының жағдайын жөндеген соң, міндетті түрде халыққа не берерім бар деген сұрақ мазалау керек. Мен өзім де қырықтан асқан шағымда осы белестен өтіп, енді қалтаның қалыңдығын ғана емес, халықтың да қамын ойлауды мақсат етіп отырмын. - Өзіңіздің өмір-баяныныңызды қысқаша айтып өтсеңіз. - Мен Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келдім. 19 жасымда коммунистік партияның мүшесі атанып, партбилет алып үлгердім. Арменияда әскери борышымды өтеп жүрген кезде-ақ, белсенділігімді байқаған басшылар партия қатарына қосты. Ал еңбекке ерте араластым. Мектеп бітірген бойда, ол кезде комсомолдар ауылшаруашылығы жұмысына араласпай, қалаға аттануды жөн көрмейтін едік. Мен де шопандар бригадасына барып, бір отар қой бақтым. Әскерден келген соң, Орынбордағы техникалық университетке түсіп, инженер мамандығын алып шықтым. Содан бері еңбектен қол үзген емеспін. Кәсіпкерлікпен айналысып, «Атамекен» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалын басқардым. Бүгінде елде кәсіпкерлер құдайға шүкір, жетеді. Бірақ, олардың елге пайдасы тиіп жатқаны шамалы. Мен адам баласына пайдасы жоқ кәсіпкер болғым келмейді. Қолымнан келгенше, елдің өркендеуіне, халықтың жағдайының жақсаруына азамат ретінде, кәсіпкер ретінде пайдамды тигізгім келеді. - Сонда , сіз осы уақытқа дейін кәсіпкер ретінде елге пайдалы қандай іс атқардыңыз? - Алдымен Шалқар ауданындағы өзім туып өскен Бегімбет ауылында мешіт салдырдым. Ертеректе Шалқар өңірінде елге атағы шыққан Жанаман ақын өмір сүріпті. 30- шы жылдары қуған-сүргін заманда ол кісі репрессияға ұшырап кеткен екен. Сол кісі тұрғызған мешіт те кейіннен қиратылған. Бірақ ел аузында керемет мешіттің болғандығы ұзақ жылдар айтылып жүрді. Жанаман ақынның атына өз қаражатымды жұмсап, мешіт салдым. Қазір, сол мешіт қайта ел игілігіне айналды. Ауылдықтардың қуанышында шек болмады. Жоғалтқанын қайта тапқан ауылдастарымды көріп, мен де қуандым. Содан кейін Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінің ауласына балалар алаңын салдырттым. Одан өзге де халық игилігі үшін атқарған шараларым аз емес. Сондықтан, мен әрбір кәсіпкер қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, ел үшін көмек қолын ұсынуға дайын тұруы керек деп ойлаймын. - Енді, басты тақырып - партияға қайта оралсақ. «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалына басшы болып келгенде, бастапқы істі неден бастадыңыз. - «Болар елдің жігіті, бірін-бірі ер дейді,» демекші, мен бұрынғы басшы Ізімғали Көбеновтің атқарған жұмыстарын мүлдем теріске шығарудан аулақпын. Ел ішіне іріткі салмақ болғандардың жаңа басшының келуіне байланысты анау-мынау деп таратқан сөздері де болған шығар. Бірақ, ол кісі де өзінің мүмкіндігі жектенше партия жұмысын алып жүре алды. Мүмкін кейбір істері көрінбей қалған да шығар. Дегенмен, өзім ең бірінші ыдырай бастаған партия мүшелерінің басын біріктіруді жөн деп таптым. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Егер барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып , бірігіп жұмыс істесек алмайтын асуымыз болмасы анық. Басшы болып келгелі біраз аудандарда болып, партия мүшелерімен жолықтым. Ертең Ырғыз, Шалқар сияқты шалғай аудандарды аралаймын. Партия филиалына қазір Ақтөбе облысы бойынша ғана 15 мың адам мүше. Болашақта партияға жастарды көбірек тартсақ, бұл сан бірнеше есеге көбейетіндігіне сенімдімін. Бірақ, мәселе санда ғана емес, сапада екендігін де естен шығармауымыз керек. Партияның беделі сонда ғана көтеріле түседі. Партия басшылығына келгеніме 6 айдан асып кетті, қазіргі күнге дейін партия мүшелерінің басын біріктіру ісімен айналысып отырмын.«Ақ жол» - кәсіпкерлер мен зиялылардың басын қосқан халықтық партия
- «Ақ жол» негізі қандай партия? - Мен үшін «Ақ жол» оппозициялық партия, бірақ олай десек, елді үркітіп алғандай болатын сияқтымыз. Дәл қазіргі уақытта халық, оппозиция десең, биліктің жауы, бұлардың көксегені де билікке жету, түймедейді түйедей қылып, елді дүрліктіруші топ деп те түсініп қалатын сияқты. Ал, билікпен бірігіп, билікті толықтырып жұмыс атқарамыз десек, жауырды жаба тоқушылар деп те қалуы да мүмкін. Сондықтан, мен елге «Ақ жол» халықтың партиясы деп түсіндіремін. Бар мақсат-мүддеміз халық игиілігі үшін іс атқару ғана. - «Ақ жолды» халық қазір кәсіпкерлердің партиясы деп жүр. Бұған не дейсіз? - Бұл сөздің де әрине, жаны бар. «Ақ жол» кәсіпкерлердің басы біріккен партия. Сонымен бірге бізде зиялылардың қалың тобы, ақын-жазушылар, ғалымдар, ұстаздар бар. Яғни, жоғарыда айтып өткенімдей, халықтық партиямыз. Ал кәсіпкерлер кімдер? Кәсіпкерлер нағыз халықтың жанашырлары. Елді асырушылар кәсіпкерлер болу керек. Мәселен, Ақтөбе ірі-ірі өндіріс ошақтары шоғырланған қала. Мұнда Қазхром, Ақтөбемұнайгаз сияқты алып мекемелер бар. Бірақ сол мекемелерге көп болғанда он мың жұмысшы қабылданады. 400 мың тұрғыны бар үлкен қаланың қалған адамдары жұмысты қайдан таппақ? Егер, әрине шағын және орта бизнес болмаса. Жүз мыңдаған халықты жұмыспен қамтып отырған әрине, кәсіпкерлер. Өкінішке орай орта және шағын бизнестің қарқыны әлі бәсең. Бұл бір. Екіншіден, орта және шағын бизнестен түскен қаражат ғана осы жергілікті жердегі әлеуметтік сала - жол салу, газ тарту сияқты жұмыстарға жұмсалады. - Сонда «Ақ жолға» біріккен кәсіпкерлер қолда бар қаражаттың бәрін әлеуметтік салаға үйіп-төгіп, жомарттық танытады деген сөз бе. Халыққа жанашыр болу үшін ғана кәсіпкерлер партияға бірігіп отыр ма? - Кәсіпкерлер ең алдымен өз проблемаларын шешу үшін, әрине, партияға кіріп отыр. Өйкені, халыққа пайдасы ұшан-теңіз кәсіпкерлердің өздерінің де түйіні шешілмеген проблемалары толып жатыр. Ине мен түймені де шығара алмай , өнім өндіру ісін дөңгелетіп алып кете алмай отырған кәсіпкерлер дәл бүгінгі күнде халыққа көк тиын пайдасын тигізе ала ма? Үкіметте кәсіпкерлікті дамыту туралы бағдарламалар ұшан-теңіз. Партияға біріккен кәсіпкерлер жоғарғы жаққа өз ұсыныстарымыз бен талаптарымызды жолдап отырмыз. Семинарлар өткіземіз кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында. Басты мақсат- ауылшаруашылығын көтеру.Ауылды дамытуда үкімет бағдарламаларының шикі тұстары өте көп...
- Осы ауылшаруашылығын көтеруде Үкіметтен миллиардтаған қаражат бөлініп жатыр. Қолдау деген осы. Енді қандай көмек қажет? - Ауылды базалық дамытуда нақты бағдарламалардың шикі тұстары өте көп. Мысалы, малды асылдандыру дегенді өз басым онша қолдамаймын. Америкадан, Англиядан әкелген асыл тұқымды малдың бабын біле бермейміз. Және ол малдың дені бұл елді жерсінбейді. Қазаққа қазы қажет болса, жылқыны қалай баптауды ата-бабамыздың өзі бізге жеткізіп келді. Мысалы, Ресейдің орманда өскен жылқысында бір елі қазы болмайды. Ал, қазақтың жылқысы сары далада желіп жүріп, жайылу керек. Онымен салыстырғанда, асыл тұқымды малға ерекше бап керек, шүйгін шөпті алдына үйіп салып, бордақылауға кеткен қаражат өзін өзі ақтай ма? Ал, оның орнына жергілікті ақбас сиыр біздің табиғатымызға да бейім. Оның бабын да оңай таба аламыз. Сондықтан, мұхиттың арғы жағынан сиыр алдыртқаннан, жергілікті малдың басын көбейткен тиімді екенін Үкіметтегілер әлі түсінбейді. - Жастардың бәрі ауылдан ат-тондарын ала қашатын болды. Ауылда қалған кәрі-құртаң, бала-шаға мал өсіріп жетістірмесі анық. Сонда малды кім бағады? - Ауылға мал дәрігері, адам дәрігері, сауатты мұғалімдер қажет. Бірақ, үйсіз –күйсіз олар ауылда тұрмайды. Спорт алаңдары жоқ, әлеуметтік нысандар қирап жатқан ауылға тұрмадың деп жастарды кінәлау да орынсыз шығар. Сондықтан алдымен ауылды жөндеу керек. Ауылда қалғандар әлі де Үкіметке ауыз ашудан жалықпаған. «Сыбаға» сияқты ауылды қолдайтын қаражат ауылға жеткен соң, құмға сіңген судай болып жоқ болып кетеді кейде... Ауыл адамдары жалқау болып бара жатқан сияқты. Бұл проблемалардың барлығы бүге-шүгесіне дейін үкіметте қайта қаралып, ауылды қолдауға арналған тың жоба керек. Осындай жобаларды болашақта кәсіпкерлер бірігіп, Үкіметке ұсынбақшымыз. - Сіз жеке басыңыз тасы өрге домалаған, белгілі кәсіпкерсіз. Билікке яғни мемлекеттік қызметке баруға ниет танытпай, партияға жол тартуыңызға не себеп болды? - Өз бойымдағы жігерім мен тәжірбиеме қарап, Үкімет жұмысына өзімді әбден лайықпын деп есептеймін. Бірақ әлі билікке баратын уақыт келген жоқ сияқты. Себебі: мені алдымен халықыма не бердім, еліме қандай қызмет істедім деген сұрақтар мазалайды. Менімше, билікке іскерлікте шыңдалған адамдар бару керек. Олар халықтың қаражатын қанамай, керісінше, елге берері мол азаматтар болу керек. Бізде бәрі керісінше. Билікке барып алғандар, қалта қамын ойлаймын деп жүріп, сол жерге елге қызмет ету үшін қабылданғандарын естен шығарып алып жатады. Қара бастарының қамын ғана құнттайды. Тағы бір айтпағым, «Ақ жол партиясының» сүбелі бағдарламаларының бірі- коррупциямен күрес. - Дәл осы бағытта қандай іс атқармақсыздар? - Мен өз сөзімде мақсатымыз кәсіпкерлікті дамыту деп атап өттім ғой. Сол кәсіпкерліктің дамуына да жол бермей отырған-жемқорлық. Мысалы, тендер мейлінше ашық түрде өту керек. Ол үшін оған қатысты заңдарды жетілдіру керек. Халық шарасыздан пара беруге мәжбүр. Біз партия филиалы болып алғашқы акцияны осы жемқорлық мәселесіне арнағымыз келіп отыр. Мысалы, СПИД-ке қарсы , нашақорлыққа қарсы қоғамдық шаралар өткізіліп жатады. Дәл солай жастарды, халықты орталық алаңдарға жинап, жемқорлыққа қарсы үн қосуға шақырамыз.Шараны әрине құқық қорғау органдарымен бірігіп өткіземіз. Үндеу қабылдаймыз. Үлкен шараға халықты жинау үшін эстрада жұлдыздарын, спорт жеңімпаздарын шақырамыз. Кәсіпкерлерді жемқорлық құртып отыр. Тендер алу үшін адам салу, жоғарыдағылардың телефон арқылы өз адамын қолдап, үкімін жүргізу сияқты әрекеттер көп. Соның кесірінен жігерлі бизнесмендердің ісі кері кетеді. Салынуы тиіс нысан сапасыз болады. Үш айда салынуы тиіс мектеп ғимаратының құжатын жоғарғыдағылар бір жылға созып, кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салады. Сондықтан ең бастысы, парақорлықты жою үшін тендерге қатысты заңдарға өзгертулер енгізілуі тиіс. Жырып кеткен, бұрып кеткен қаражат таза халық игилігіне жұмсалуы тиіс. Жастарды да партияға көптеп тартуымыз керек. Оларды әрине спорт арқылы жігерлендіруге болады. Спорттық кешендерді кәсіпкерлер көптеп салу керек.Ана тілін ұмытқандар - ұлт үшін жоғалған адамдар...
Ал орыс тілінің ресми тіл ретінде қолданылуына қарсымын!
- Сіз кездесулерде көбіне бір ғана қазақ тілінде сөйлеп жүрсіз. Жасыратын жоқ қазіргі жас кәсіпкерлер балаларын орыс мектептеріне береді әлі де. «Жаңа қазақтар» отбасылары да орысша шүлдірлейді. Бұған пікіріңіз қандай? -Қалталылар балаларын шет елдерде оқытады. Біз олардан ел игілігі үшін ертең қызмет атқарады деп үміт күтеміз. Бірақ, олар елге оралғанда ана тілінді сөйлеуді ар санайтын болып келеді. Мен ондайларды ұлт үшін жоғалған адамдар деп есептеймін. Бір ауыз сөзбен ғана қалың қолдың бетін қайтарған қуатты ана тілімді мақтан тұтатын адамның бірімін. Жеке басым, қазір орыс тілінің ресми тіл ретінде қолданылуына қарсымын. Ресми тіл болған соң іс-қағаздар бәрібір орыс тілінде жасалады. Содан кейін орыс тілді қай қазақ өз тілін үйренуге ниеттенсін. Мемлекеттік тілді білмейтін адам биліікке, мемлекеттік қызметке қабылданбауы тиіс деп есептеймін. Қазір орыс тілі ресми тіл болғаннан кейін де шығар, жаппай қазақ тіліне көшуде кешігіп жатырмыз. Қазақ тілінің беделін көтеру бүгінгі күннің нақты ісі. Қазақ тілін дамытуды қағаз жүзінде емес, әрбір отбасы өз үйінде бастауы керек. - Сіздің Ақтөбе қаласындағы Мирзоян көшесін алып тастау туралы батыл бастамаларыңызды білеміз. Бұл бағытта не істеліп жатыр? - Осы Ақтөбеде кезінде халықтың қанын судай шашқан қаныпезер Мирзоянның көшесі бар. Мирзоян Қазақстанды басқарып тұрғанда Сталинге хат жазып, нақты 6749 адамды аттырған. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының байырғы мүшесі Сәуле Рақымқызы «Қазақ үні» газетіне берген сұхбатында былай деп нақты жазады: «Мен жақында Мирзоян туралы мәлімет алдым. Осы мәліметті президент мұрағатынан алу үшін бір апта отырып, ақыры аяғында қол жеткіздім. Бұрын соңды мұрағат қызметкерлері ешқандай мәлімет жоқ деп шырылдаған еді. Бірақ өзімнің қайсар, қайтпас мінезімнің арқасында мына хатқа қол жеткіздім. «Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталин жолдасқа! «Кеңестік саясатқа қарсы жасалған әрекеттердің негізінде біз бірінші деңгей бойынша 8 мың адамды, екінші деңгей бойынша да 8 мың адамды ату жазасына кесуге рұқсат алдық. Қазір бұл меже толығымен жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін Кеңестік ұстанымға қарсы шыққандарды түгелдей жазалауымыз керек. Арнайы ұйымдардың арқасында біз тағы 1600 адамның қитұрқы әрекетке баруға дайындалғандарын әшкереледік. Сол себепті, «Халық жауы» атанғандарды қоғамнан толығымен аластау үшін сізден бірінші деңгей бойынша тағы 600 адамды, екінші деңгей бойынша 1 мың адамды ату жазасына кесу үшін рұқсат сұраймыз. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Коммитетінің хатшысы Мирзоян» – деп қол қойып, хатты түнгі сағат 10-да жіберген»-дейді. («6749 адамды Мирзоян жазықсыз ажал құштырды» http://www.qazaquni.kz/15599.html). Ал осындай жауызды Ақтөбе халқы, анау саясаттың ордасы саналатын Алматы неменеге ардақтап отырғанын түсінбеймін. Бұл ел үшін құрбан болған әруақтарды қорлау емес пе?.. Біз жақында бұған қарсы акциялар, дөңгелек столдар ұйымдастырмақпыз. Ақтөбеден Мирзоянның атын алмай, тынбаймыз. - Отбасы демекші өз отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз. - Отағасы ретінде балаларыммен үйде тек ғана қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазақ баласы ата бабамыздың кәсібі төрт түлік малға жақын болуы керек. Балаларымды ауылға апарып атқа мінгіземін. Ауылдағы фермада қазақтың құмай тазылары мен төбеттерін асыраймыз. Қазақ тазыны мәпелеп, баптап асыраған ғой. Ата кәсібіміз мал бағу болса, ит те жеті қазынаның бірі. Демалыс күндері балаларыммен ит жүгіртіп, аңға шығып мәре-сәре болып қаламыз. Ондағы ойым балаларым ұлтымыздың салт-дәстүрін біліп өссін деймін. Мысалы, қонақ кәде, кімге қандай жілік беру керек деген сияқты ұсақ-түйек салттарымызды да балаларыма айтып, мән-мағынасын түсіндіріп отырамын. Кәсіпкер ретінде де, әрбір кәсіпкер ұлтқа қызмет ету үшін, халқымыздың салт-дәстүрін жетік білу керек деп ойлаймын.Раушан СЕЙСЕНБАЕВА,
Ақтөбе облысы.
www.qazaquni.kz