ТҰРСАҢ – ЭКСПО-ҒА, ЖҮРСЕҢ – ЕСIМОВКЕ
2014 ж. 26 ақпан
2020
0
Қазақтың дархан халық екенi өтiрiк болды. Әйтпесе Алматының әкiмi Ахметжан Есiмов “үйiм жоқ, үйiм болмаған соң күйiм жоқ” дегендi осыдан жарты жыл бұрын айтқан. Ал ендi қай қазақ “жылу жинап, әкiмге баспана алып берейiк” деп мәселе көтердi? Ешкiм де. Ең құрыса, “асар жасап, Қаскелең мен Талғардың бiрiнен екi ауыз қоржын там салып берсек, қайтедi?!” деп ұсыныс айтатын да тiрi жан табылмады. Әкiм қысылған сайын халық қасарып бақты. Мiне, соның ақыры “берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан” дегеннiң керiне айналып отыр. Неше жыл Алматыны басқарса да, қалтасы құтаймаған әкiм қала көшелерiне 42 “копилка” орнатып тастады. Ахаңның “копилкасын” толтыру шарасы 1 наурыздан басталмақ. Дегенмен оның бiрқатары қазiрдiң өзiнде жұмыс iстеп тұр. Темiр тұлпар тiзгiндеген темiр төзiмдi жұрттың денi оған сағат сайын 100 теңгеден “садақа” тастап жатыр.
“Паркомат – копилкалардың” қайсысы қаланың қай көшесiнде орнатылғаны жөнiнде қолымызда толымды дерек жоқ. Бiрақ “жылу жиғыш” терминалдардың адам көп жүретiн, көлiк қояр орын табылмайтын қым-қиғаш жерлерге қойылғаны анық. Бұл әрi қалтаңыздағы саршұнақ тиындарды салдыр еткiзiп тастай салатын мешiттiң көк жәшiгi емес. Ахаңның “копилкасы” онлайн тәртiбiнде жұмыс iстейдi. Паркомат орталық базаға енгiзiлген. Сондықтан ақша төлемей жалтарған “жадный” жүргiзушiлердiң iсiмен жол полициясы айналысады. Және оларға екiншi рет қателеспейтiндей айыппұл салынады. Сонда темiр тұлпарыңыздың тiзгiнiн iлетiн “мама ағаштың” ақысы қанша? Көп те емес, аз да емес – 100 теңге. Бiрақ ұзақ тұрсаңыз, тұрақ құны да өсе бередi. Әр сағат сайын 100 теңгеден қосылады. Бес сағаты – 500, он сағаты – 1000 теңге. Есесiне, түнде – тегiн. Күнi бойы ақша төлеп, кешкiсiн көлiгiңiздi тегiн тұраққа қалдырып, үйiңiзге таксимен кете берем десеңiз, еркiңiз. Қалау өзiңiзде.
Әкiмшiлiктiң жоспарына қарағанда алдағы уақытта халықтың қалтасын қаққыш мұндай “копилкалардың” саны 300-ге жететiн көрiнедi. Демек алдағы санаулы жыл iшiнде Алматыда көлiк қоятын тоқымдай жер қалмайды. Қойдың ба, төле! Төлемесең, жаяу жүр! Ашынған әкiмнiң талабы – осы.
Дегенмен “копилканың” iшiне түскен олжаның бәрiн Есiмов қалтасына басып алады екен деген ой тумауы керек. Ресми деректерге қарағанда, арнайы көлiк тұрақтары орналасқан жер телiмдерi – мемлекеттiң меншiгi. Оны паркомат қойған компаниялар жалға алады. Сөйтедi де түскен табыстың 10 пайызын мемлекет қазынасына құяды. Сонда қалған 90 пайыздың неше бөлiгi Ахметжан Есiмовке тиедi? Бұл ендi, жұмбақ. Дұрысы, әкiмнiң болашақ үйiнiң көлемiне және қандай материалдан салынатынына байланысты.
Дегенмен, есепке жүйрiк қулар шағын “копилкалар” шаш етектен пайда түсiретiнiн айтады. Мысалы Алматыда 600 мыңға жуық жеңiл көлiк бар екен. Соның жартысы ақылы тұраққа қойды десек, 300 мың көлiктiң иесi паркоматқа “садақа” тастайды. Бiрi келiп, бiрi кетiп жататын көлiктерге әр орын күнiне 5 сағат қызмет көрсеттi дегеннiң өзiнде 150 млн. теңге жиылады. Егер осы 150 миллионды 30 күнге көбейтiп жiберсеңiз, 4 млрд. 500 млн. теңге шығады екен. Бұл – әр ай сайын түсетiн табыс. Жылына – 54 млрд! Өндiрiстi дамытып, кәсiпкерлiкке өрiс ашып, керегi не? Қанай бер халықты!
Сонда Алматыдағы “копилкалардың” бiр айғы түсiмiн Ахметжан Есiмов ала алмай ма? Әлде 4,5 миллиард теңгеге үй тұрғызу қиын ба?
Бұл жөнiнде билiктiң әр адымын аңдып отыратын тәуелсiз сарапшылардың да өз айтары бар. Олардың пайымынша, “аузы аңқайып” жүретiн Ахаң тағы да “далада қалуы” мүмкiн. Өйткенi “садақа жәшiктерiнiң” иесi Алматыда емес, Астанада отыр. “Копилкаларды” төңкерiп, соқыр тиынын да қалдырмай бюджетке құяды. Сөйтiп, жұрттан жиылған “жылу” ЭКСПО-ның әуресiне жұмсалады.
Ал ендi бiреулер “Ахметжанның “үйiм жоқ” дегенi өтiрiк. Ол барахолканы өртеп, базардың бәрiн өз қолына алды. Тiптi барахолканың бiрнеше базарына иелiк еткен Болат Назарбаевтың өзiн күлшелi жерден айдап шықты” дейдi. Кiм бiледi, мүмкiн, рас та шығар. Бiрақ базар баспана болмайды ғой. Ол – бизнес. Ал баспана “садақаның” үлесiнен тұруы керек. Қазақ билiгi үшiн бұл жазылмаған заңдылыққа айналған.
Сонда бiздiң Ахаң қайтедi ендi? Сiрә, тұрақтың “копилкасынан” тұтамдай пайда түспесiн әкiмнiң қу iшi баяғыда-ақ сезген секiлдi. Өйткенi Алматы басшысы өткен жылы тағы бiр ерекше жоба ойлап тапқан. Дәлiрек айтсақ, қаладағы иiн тiрескен көлiк тығыны мәселесiн сылтауратып, кейбiр көшелерге ақылы жол жүйесiн енгiзудi жоспарға енгiздi. Австриялық «EFKON» компаниясымен жасалған келiсiм жемiсiн берсе, ендi санаулы айдың iшiнде әл-Фараби мен Саин көшесiне де “қайыршы жәшiктер” орнатылмақ. Сөйтiп, бара-бара үлкен даңғылдардың бәрi ақылы болуы мүмкiн. Мiне, осы жобаға жұрт қарсылық танытып, қауқар көрсетпесе, Ахаңның болашақ үйiнiң iргетасы қалана бастайтын шығар.
Бiрақ... Бiрақ Ақордадағы дөкей оны да ЭКСПО-ның есебiне қосып жiберсе ше? Онда Есiмовке тағы бiр сұмдық ойлап табуға тура келедi. Қысқасы, баспанасыз әкiм мен бассыз билiктiң алақан жаюы – қаратабан халықтың шымбайына батып-ақ тұр. Тұрсаң да – төлейсiң, жүрсең де – төлейсiң. Жанармайдың құны удай. Ал сұғанақ билiк сауған үстiне сауа бергiсi келедi. Қазiр халық көтерем сиыр сияқты. Билiк – не өзi, не көзi тоймайтын сұғанақ қатын, желiнiңнен қан шықса да қақтап сауа бередi.
...Айтпақшы, Украина дәл осындай паркоматтарды 2008 жылы Киевке орнатқан. Алты жылдан кейiн билiктiң асты үстiне келдi. Ал сiз алты жыл күтесiз бе, сонда?!
"Жас Алаш", Құдайберген Баян