УКРАИНА ЕУРООДАҚҚА ҚОСЫЛА МА?
2013 ж. 27 желтоқсан
1970
1
Киевтің Тәуелсіздік алаңындағы қарсылық акциялары үш апта бойы жалғасып жатыр. Қарашаның 21-і күні Украина үкіметі Еуропа Одағымен ынтымақтастық және еркін сауда аймағын құру туралы келісімшартқа қол қоюға дайындықты тоқтату туралы шешімін жария еткен соң елде билікке қарсы жаппай шерулер басталған еді. Елдің Еуропа Одағымен интеграциясын жақтаушы жүздеген мың украиналық желтоқсанның 8-і күні Киевте 2004 жылдан бері болмаған ең ірі наразылық акциясына жиналды. Украина премьер-министрінің орынбасары Сергей Арбузов Киевтің таяуда Еуропа одағымен (ЕО) ассоциация келісіміне қол қоятынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 12 желтоқсанда Брюссельде ЕО сыртқы кеңею істері жөніндегі комиссары Штефан Фюлемен кездескеннен кейін айтқан болатын.
Арбузовтың айтуынша, Украина келісімге қол қоймас бұрын Брюссель мен Киев бір талқылап алатын біраз «экономикалық түйткілдер» бар. Арбузов пен Фюле бұған қоса ЕО мен Украина келісімге қол қоюдың жол картасын жасайтынын, ЕО Украинаға Халықаралық валюта қоры арқылы қаржылық көмек көрсететінін және екі жақ арасында кеңесулер жалғаса беретініндігіне тоқталды. Бұған дейін ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон Украина президенті Виктор Янукович келісімге қол қоюға «әлі де ынталы екенін білдіргенін» айтқан. Ресми Киевтің ЕО-мен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімнен бас тартып, оның орнына Ресеймен экономикалық байланыстарды нығайтатыны туралы қарашадағы шешімі Украинада халық наразылығын тудырған еді. Ресей телеарналарының Украинадағы ЕО-ға қосылуды жақтайтын азаматтардың шеруі туралы репортаждарын көрген сарапшылар «мұндай әдістер СССР кезінде де қолданылмап еді» дейді. Ресейдің мемлекеттік телеарналары «бейтарап ақпарат тарату» ұғымын түсіне бермейді. Олардың Украинадағы шеру туралы таратқан хабарларын көрген сарапшылар осындай тұжырым жасады. Жарты ай бұрын Украина президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен серіктестік шартына қол қоюдан бас тартқан еді. Осыдан соң басталған демонстрациялар туралы Ресей арналары жалған ақпарат таратып отыр. Жексенбі, желтоқсанның 8-і күні Киевтің Тәуелсіздік алаңында үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп жиналған жүздеген мың адам Ленин ескерткішін құлатты. Осы оқиға туралы Ресейдің «Бірінші арнасы» «бар-жоғы жүз қаралы адам жиналған шеру аяқталып келеді» деген хабар берді. Ресей журналистері шерушілерді «Януковичті биліктен кетіріп, Украинада хаос орнатуды қалайтын Батыс қаржыландырған бұзақылар» деп сипаттаудан жалығар емес. Ресейлік «Московский Комсомолец» газетінің сыншысы Александр Мелман: Мемлекеттік телеарналар күрес әдісіне көшкен, бұл қазіргі сәтте айқын көрініп тұр. Олар тапсырма алған, тапсырманы орындауға көнген, себебі олар Кремльдің бірбеткей екені, мұндай мәселеде ешқандай мәміленің болмайтынын түсінеді, - дейді. Швеция сыртқы істер министрі Карл Бильдт Twitter-дегі парақшасында «Біз қазір «Еуромайдан» акциясына қатысты оқиғаларды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Украина қуғын-сүргіннен бас тартып, реформалар жүргізуі тиіс» деп жазды. Украиналық «Бесінші арна» телеарнасының хабарлауынша, Еуропа Одағы (ЕО) Украина билігін наразылық танытушыларға күш қолданбауға шақыруға тырысып отыр. Қазір Киевте Еуропа одағы сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон мен АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд жүр. Олар елдегі саяси дағдарысты реттеу мақсатында билік және оппозиция өкілдерімен кездесіп жатыр. Кэтрин Эштон Украина президенті Виктор Януковичпен кездескен соң оппозициялық «Батькивщина» партиясының жетекшісі Арсений Яценюкпен бірге «Еуромайдан» акциясы басталған Тәуелсіздік алаңына барды. Янукович кеше Украинаның бұрынғы үш президенті - Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенкомен кездесіп, Украинаның ЕО-мен жақын байланыс орнатуға тырысатынын, бірақ «Ресеймен де сауда байланысын қалпына келтіруі тиіс екенін» айтқан. «Мен Ресейдің пайдасына бола ЕО-мен қарым-қатынасты үзуге немесе керісінше саясат ұстануға қарсымын. Егер Украина Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болса, Ресейдің газ беруді тоқтатуы сияқты проблемалар болмаса, еуропалықтар жылы орындарында жайбарақат ұйықтайды деп ойлаймын. Сондықтан біз өз мүддемізді қорғауымыз қажет» деді Украина президенті Виктор Янукович. Ол бұған қоса 11 желтоқсанда Украина делегациясы Брюссельге баруы мүмкін екенін де айтқан. Бірнеше күннен бері өтіп жатқан наразылықтар биліктің ЕО-мен серіктестік келісімінен бас тартуынан соң басталған еді. Украина үкіметі ЕО-мен қарым-қатынас орнатудан гөрі Ресеймен экономикалық байланысын жақсартуды жөн көрген. Киевтегі митингіге қазақстандық бірнеше белсенді қосылды Киевтегі Еуропамен интеграцияны қолдаушылардың үкіметке қарсы шеруіне қазақстандық белсенділер де қосылып, украин оппозициясына қолдау көрсеткендерін айтады. Астана мен Мәскеу арасындағы кейбір экономикалық келісім-шарттардың Қазақстанға тиімсіз екенін айтып түрлі қарсылық акцияларын ұйымдастырып келген қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан Азаттыққа бірнеше қазақстандық белсенді азаматпен бірге Киев қаласына барып, наразылық акциясына қосылғанын мәлімдеді. Мұхтар Тайжан: – Мақсатымыз – бірнеше аптадан бері Украина билігінің шешіміне қарсы жаппай наразылық акциясын өткізіп жатқан халыққа қолдау көрсету. Киев уақытымен кеше (желтоқсанның 8-і күні) кешкі сағат 20-ларда келдік. Бізді Киевте украин таныстарым қарсы алды. Артық жүгіміз болмағандықтан бірден минигіге бардық. Наразылық акциясына жиналғандар бізді өте жақсы қабылдап, қуанып жатыр. Мен сол жерде сөйлеп, бір топ Қазақстан азаматының сәлемін әкелгенімді, наразылық білдірушілерді қолдайтынымызды, украиналық белсенді азаматтар тек Украинаның ғана емес Қазақстанның да еркіндігі мен бостандығына дем беріп отырғанын айттым. Біз келерден сәл ғана бұрын акцияға қатысушылар советтік кезеңнің белгісі болып тұрған Ленин ескерткішін құлатты. Сол жерде болдық. Түнімен наразылық акциясында жүріп таң ата аздап қана көз шырымын алдық. Киевтің мэриясының жанынан өтіп бара жатқанымызда акция ұйымдастырушылардың күзет қызметі шақырып, митинг ұйымдастырушылардың мэрия ішіндегі штабына алып барды. Киевтің мэриясы наразылыққа шыққандардың қолына өткен. Штаб ішінде жан-жақтан келген адамдар демалып жатыр екен. Сол жерде де сөз алып, олармен ынтымақтастығымызды білдірдік. Қазақстанның ресейлік әскери полигондардан зиян шегіп отырғаны, Кеден Одағының біздің еліміздегі зардабы туралы, Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып, апатқа ұшырап жатқан зымыран тасығыштар мен халықты улап жатқан гептил жөнінде ондағыларды хабардар еттім. Содан соң Майданға бардық. Майданда концерт өтіп жатыр екен. Адам көп. Сол майданда жүрген бірнеше қазақпен кездесіп қалдық. Мұндағы атмосфера ғажап, халықтың бірлігі өте күшті. Украин халқы өздерінің ұлт екенін әлемге әйгілеп отыр. Жалпы, митинг өте мәдениетті түрде өтіп жатыр, артық агрессия байқалмайды. Акцияға шыққандардың барлығы да тек украин тілінде сөйлейді. Ал наразылық акциясын қолдап отырған Украина Радасының депутаттары алаңға тігілген шатырларда халықты қабылдап жатыр -деген болатын.
Маман пікірі: Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы: Украинада өзгеріс болатын сияқты. Мүмкін шығынмен. Мүліктік, экономикалық шығынның болатыны екібастан. Менің айтпағым, адам шығыны. Біріншіден, 85-тегі кәрі «ферзь» болжам жасады. З. Бжезинский қолына қалам алды дегеніңіз - геосаяси өзгерістер болады деген сөз. Социалистік елдерде КСРО-ның ыдырау болжамын жасағандардың бірі деп танитын ол «Украина Европаның бір бөлігіне айналады» деді. Төңкерістер тізбегіне қатысқан көрінбейтін технологтар жұмысын қызу жүргізіп жатыр. Екіншіден, В. Путин халыққа жолдауында «Біз әлемдік немесе аймақтық гегемонияға ұмтылмаймыз. Өзгелердің мүддесіне араласып, бөгдеге өмір сүруді үйретпейміз» деді. Елдің саяси доктринасын жариялау барысында осылай айтылса, орыс технологтары «Украина үшін күресте» жүріс беріп қойған сияқты. Қырғызстандағы соңғы төңкеріс кезінде ашық мәлімдеме жасап, араласып тіпті ұрысып кеткен Путин бұл жолы сүтке тиген мысық тәрізді... Күтейік енді... Динара Нұрышева, саясаттанушы: Украинадағы қалыптасқан жағдайдың даму жолдары алуан түрлі болуы мүмкін. Ресей мен Еуропалық Одақ арасында жалтақтаған Янукович бұл саяси ойыннан жеңіліп қалуы әбден ықтимал. Бірақ жеңілу дереу жаңа сайлау өткізу дегенді білдірмейді. Оның үстіне, Януковичтің президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартуы жөнінде үлкен күмән бар. Осы орайда Ресейге арқа сүйері анық. Сайлау болған жағдайда да, мемлекет ахуалының жақсаруына еш кепіл берілмейді. Сонымен бірге, оппозиция қызметі әлі де болса әлсіз. Әзірге дейін олар лозунгтардан бөлек күрделі бағдарламалар қалыптастыра қойған жоқ. Сондықтан да майданды саяси құрал ретінде пайдаланыла алатын тараптың рөлі жоғары болады. Олай болмаса, билік уақыт созып, халықтың түрлі себептерден митингке шықпауын күтуі мүмкін. Қайткенмен, демонстранттармен компромисске келу үшін билік қарулы күштерді қолданбай, бейбіт тәсілдерді қолданған маңызды. Сейілбек АСАН