Храпунов Назарбаевқа қарсы майданға кірісті

hraunov_knigaВиктор Храпунов дұшпанының танауына ши жүгiртiп ойнағанды бұрыннан жақсы көретiн. Бiрақ бұл жолғысы ешбiр ойынның ережесiне сай емес. Өзiнiң айтуынша, ол Назарбаевқа қарсы майданды шындап бастаған көрiнедi. Әрине, бұл жердегi айқаста ол, жал-құйрығын шарт түйiп, аттандап ат мiнiп келе жатпағаны анық. Есесiне атты адам түсiп, жаяу адам жатып қарайтындай кiтап жазып тастапты. Қашқын шенеунiктiң жаңа кiтабы жуырда ғана француз тiлiнде басылып шықса керек. Ендi ол үш тұғырлы тiлдi жақсы көретiн ата жауына арналған кiтабын үш тiлде: қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде шығаруды көздеп отыр.
Жақында ғана “Республика” басылымына сұхбат берген Виктор Храпунов жаңа кiтабы туралы, оны жазғандағы түпкi мақсаты туралы бiршама мәлiмет берiптi. Сөйтiп, Қазақстанда лауазымды қызметтер атқарып, Алматыны талай жыл басқарып, қазақтың байлығын бөктерiп әкеткен экс-шенеунiк не дейдi?
“Мен Қазақстанның экономикасына қатысты мынадай пi­кiрдемiн. Бiз бұрында бiлетiнбiз, бүкiл мұнай-газ секторы Назарбаев пен оның отбасы мүшеле­рiнiң қолында екенiн. Тек ол ғана шетелдiк инвесторлармен тiке­лей жұмыс iстей алады. Мұнай мен газды былай қойғанда, алтын да, қара алтын да оның меншi­гiнде. Мейлi, солай-ақ болсын, ол отбасымен “алтын үйде” отырсын. Бiрақ Қазақстанның басқа байлығы халыққа бұйыруы керек едi ғой. Бүгiнгi күнi барлық электр энергетикасы, жылу энергетикасы, түстi металлургия, қара металлургия, аграрлық сектор, байланыс, барлық коммуналдық жүйе, транспорт, қысқасын айтқанда, барша экономика бiр адамның қолына жинақтал­ған. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына қарсы жасаған қылмысы емегенде не?”
Көрдiңiз бе, Храпуновтың бұл жолғы беталысы қатты. Ол Назарбаевтың халыққа қарсы саясат ұстанып отырған мешкей диктатор екенiне елдi сендiруге тырысқан сыңайлы. Алайда жалпылама сөз­дер оны осы мақсатына жеткiзе ала ма? Мұндай сауалдың әркiмнiң көкейiнде туындайтынын экс-әкiмнiң өзi де сезген сияқты. Сондықтан сөзiне дәйектер келтiрiп, тұздықтай түскен.
“Ендi банк және қаржы секторы туралы айтайын” дейдi ол. Сөйтедi де, “Техсакобанктың” кезiнде мықты банк болғанын, тiптi қаржы дағдарысынан да ықпағанын, бiрақ кейiн қаржы нарығынан шеттегенiн, өйткенi оған президенттiң күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың араласқанын айтады. Мұндай қатер кезiнде “Ва­лютТранзитБанктiң” де басына төнiптi. Басшысы банктi берме­генi үшiн түрмеге тоғытылған. “Ақырында биыл сол банктiң басшысы түрмеде жатып жүрек талмасынан көз жұмған” дейдi Храпунов.
Банктi айтқан соң, бәрiн айтайын дедi ме, “Альянс Банк­тiң” де өткенiне көз жiберiптi. Храпуновқа сенсек, “Альянстың” аяғын тұсау басталғанда, банк басшысы екi қолын төбесiне қойып, шетелге қашқан. Бiрақ кейiн елге келiп, тiзерлеп отырып кешiрiм сұраған. Дөй адам қашқынды ке­шiрген, бiрақ банктi алып қойған. Қазiр оның қайда жүргенi де белгiсiз көрiнедi.
Тiзерлеп демекшi, осы сұхбатында Храпунов “мен Назарбаевтың алдында тiзерлеп, жалынып, кешiрiм сұрағым жоқ” дегендi бiрнеше мәрте қайталайды. Осы сөзi арқылы ол билiкте жүрген шендi-шекпендiнiң нелiктен әдiлдiк жолына өте алмайтынын ұқтырғысы келген секiлдi.
Банктер туралы бiраз мә­лiмет берген ол жайлап жылжи отырып, Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақиянов жөнiн­де де сөз қозғай кетедi: “Ол екеуi де Қазақстанды демократияландыру жолында кү­рестi. Бұл әрине, Назарбаевқа қалай ұнасын? Сондықтан екеуiн түрмеге тоғытты. Кейiн Әблязов саясатпен айналыспау жөнiнде қол қойып, қапастан босады. Бiрақ оның экономика саласында жұмыс iс­теуiне де мүмкiндiк бермедi. Сөйтiп, ол шетелге қашуға мәжбүр болды. Қазiр Назарбаев сол саясаткермен айқаста тек мемлекеттiк машинаны ғана пайдаланып жатқан жоқ. Англия, Украина, Ресей, Франция, Испания, Польша, Чехия, және тағы басқа мемлекеттердi де кiрiстiрiп қойды. Шетелдiк қымбат құрылымдарды, агенттiктердi жалдап отыр”.
Храпунов кiтабын неге басқа тiлде емес, француз тiлiнде шығарды? Мұның мәнiсi былай екен. Еуропа елдерiнiң iшiнде Назарбаевтың жолына қызыл кiлем төсеп күтiп алатын мемлекет – Франция. Сондықтан Храпунов француз халқының ғана емес, француз басшыларының да көзiн ашып, қазақ президентiнiң қандай адам екенiн көрсеткiсi келедi. Және бұл мақсатына жетерiне де сенiмдi. Әнебiр жылдары Николя Саркози 24 министрiн жетектеп Қазақстанға келгенде бiр күннiң iшiнде жиырмаға жуық мәселеге орай 6 млрд теңгенiң келiсiмшарты жасалған көрiнедi. Храпунов мұны сыртқа шыққан қаржының есебiнде көрсетедi. “Осыдан кейiн Франция үшiн Назарбаев супер-мәртебелi мырза болмағанда, кiм болуы мүмкiн?” деген сауал да тастайды.
Қашқын әкiмнiң бұрынғы мәлiм­демелерiнен бүгiнгi сөзiнiң бiр ерекшелiгi – ата жауы мен оның отбасынан басқа ешкiмге соқтықпағаны. Бұрын сөзiнiң арасына өзге де шендiлердi сыналап кiргiзетiн экс-әкiм бұл жолы ондайға бармаған. Есесiне президенттiң ұрпағынан көрген құқайын астын сызып тұрып айтыпты. Соның бiрi – Алматы қаласын басқарып тұрғандағы бiр оқиға. Әкiмнiң алдына 20 жастағы екi бозбала келiп, “мынаны бiзге бересiз!” деген көрi­недi. Бiрi – Дариға Назарбаеваның баласы да, екiншiсi Дариғаның құдасы Берiк Имашевтың баласы. Олардың “мынаны” дегенi – Алматының энерго секторы екен. “Әр киловатқа 1 теңгеден қосасыз. Соның өзi бiздiң 7-8 млрд. теңге иеленуiмiзге жетедi” дептi әлгi шiркiндер. Әкiм оған көнбеген әрi осы қылығы арқылы Дариға мен оның әкесiне жақпай қалған. Осының бәрiн жiпке тiзе келiп: “олардың Назарбаев үшiн қымбат адамдар екенi рас. Бiрақ олар электр энергиясының жауапкер­шiлiгiн алғысы келмедi. Тек көлденең табысты ғана ойлады. Мүмкiн, мұны бiрiншi рет айтып тұрған шығармын, дегенмен президент командасының мүшесi ретiнде менi президент сатып кеттi”, – деп күйiнедi Храпунов.
Әңгiмесiнiң қаншалықты шындық екенiн өзi бiлер, дегенмен оның кiтабында мұндай қызықты дүние­лердiң аз емес екенi анық. “Әйтсе де, көптен берi үндемей жүрген қашқын әкiмнiң дәл осы кезеңде соғысты бас­тап кеп жiбергенiне не себеп?” деген орынды сауал туады.
Храпуновқа салсаңыз, ол: “ең жақсы қорғаныс – шабуыл” деп түсiнедi. Дегенмен бұл мәселеге келгенде бiздiң тiлiмiздiң ұшына орала кеткен үш нұсқа бар. Бiрiншiсi, “мен құсап жегендердiң бәрi жер басып жүргенде менi неге қуғынға салды?” деп қитығатын сияқты бұл. Әрi еуропаның “ауасын жұтқан” адамның демократия туралы ойлануы заңды. Дамыған, әдiлеттiк салтанат құрған ел басшыларының Қазақстанға және оның президентiне деген көзқарасы өзгерсе, мұның жүрегiне қатқан тоң аздап болса да жiбiмек. Дұшпанын мұқат­қан адамға бұдан артық не керек? Демек Храпунов қайткен күнде де Назар­баев­тан есе қайтарғысы келедi.
Екiншi нұсқа бұдан гөрi шындыққа жақындау деп пайымдаймыз. Кәрi дұшпаны өз ажалымен өле кетсе, бұл “Храпунов ұрып едi” деген атақтан айырылып қалмақ. Сондықтан ата жауын мүмкiндiгiнше “ата” бергенi пайдалы. Бұл әрi өзгелерге нағыз демократ болып көрiнуi үшiн керек. Оның мұндай пиғылы өз сөзiнен де аңдалып қалады. Мәселен, қашарының алдында үрейiн қашырған кейбiр сәттердi еске алғанда ол Заманбек пен Алтынбекке жасал­ған жауыздықты есiне алады. Сөйтедi де, “күндердiң күнi туғанда, менiң де сондайға ұшырауым немесе қылмыскер болып шығуым мүмкiн едi” дейдi. Сонда мұны естiген Қазақстан халқы “Е, Храпунов та батыр екен, қашып кетпегенде ол да оққа ұшар едi” деп ой қорытуы керек пе? Әрi-берiден соң, Алтынбек пен Заманбек кiм, Храпунов кiм? Қазақтың қарағайдай қос ұлы шетел аспақ түгiлi, елден кетудi ойлап көрiп пе едi? Қысқасы, Храпуновтың көңiл түкпiрiнде халық менi де батырға баласа екен деген есекдәме жатқан сияқты. Егер ондай пiкiр қалыптастыра алса, ата жауы “аунап кеткен” күнi “Сәлем, Қазақстан!” деп жетiп келгенге қандай әдемi мүмкiндiк туар едi?!
Үшiншi нұсқа Әблязовпен бай­ланыс­ты. Соңғы жағдайлар қашқын олигархтың жағдайы қиындай түскенiн көрсеттi. Егер ол Ресей мен Украинаның бiрiне экстрадицияланса, Қазақстанға жетiп қалуы да ғажап емес. Құдай қосқан құдасы екенiн есеп­темегеннiң өзiнде бұл Храпуновқа оңай соқпасы анық. Себебi оған Ақордаға қарсылардың бәрiнiң де аман жүргенi керек. Әблязов елге жеткiзiлсе, мұның да тынысы тарыла түспек. Сондықтан Әблязов пен Назарбаев жағаласып жатқанда Храпуновтың балақтан алуы – Ақорданы әлсiрету үшiн жасалған қадам болмақ.
Ал ендi бұл нұсқалардың қайсысына тоқтауды оқырманның өзiне қалдырайық. Алайда арадағы айқас халық көзiнiң ашыла түсуiне септесерi сөзсiз. Халықтың байлығын тонап, бiр-бiрiне дұшпан болғандардың жазасын күндердiң күнi болғанда халықтың өзi берер! Бiз осыған сенемiз!
Құдайберген Баян, "Жас Алаш" газеті