Қытай инвестициясы нені көздейді?

На-55

Қытай Орталық Азияға инвестиция құя бастады. Миллиардтаған долларға келісімшарт жасасқан Қытай Ресейдің қытығына тиіп те үлгерді. Оған себеп біреу-ақ. Ресми Мәскеу аймаққа ықпал ететін негізгі күш болса, ол сол күшінен айырғысы келмейді. Бірақ аймақтағы мемлекет басшылары Мәскеумен ақылдаспай, Қытаймен өзара инвестиция жайлы келісімшарт жасасты.  

Жақында Қытай Халық Республи­касының төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азия мемлекеттерін аралады. Орталық Азия елдеріне сапары барысында Қытай төрағасы сауда және экономикалық қатынастарды кеңейту мәселесін талқылады. Ауғанстаннан 2014 жылы халықаралық коалиция күштері шығарылғаннан кейінгі аймақтық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталған болатын. Қазақстан және Қытай Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) аясында байланыс орнатып келеді. 2013 жылы қыркүйекте Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен ШЫҰ-ның саммитіне қатысқан аймақтағы елдердің басшылары бірталай мәселенің бетін ашқан болатын. Қытай 2010 жылдан бастап Орталық Азияның ең ірі сауда әріптесі атанып келеді. Пекин аймақтағы инфрақұрылымның дамуына, оның ішінде теміржол қатынасын, автокөлік жолдарын жақсарту жобаларына, авиациялық, энергетикалық және телекоммуникациялық салалардағы жобаларға қатысып келеді. Қыркүйектің 13-інде өткен саммит барысында аймақтағы елдердің басшыларымен кездесуге мүмкіндігі болатынын біле тұра, Қытай басшысы Орталық Азиямен экономикалық байланыстарды нығайтуды ол жиыннан бұрын талқылағанды жөн деп тапқан. Си Цзиньпин Орталық Азиядағы төрт елге барып, энергия жайлы әрқайсысы миллиардтаған доллар тұратын екіжақты келісімшарттарға қол қойған болатын. Бішкек саммитінің қарсаңында Қытай басшысының инфрақұрылымға қатысты келісімдерге қол қоюы мүше мемлекеттер арасында экономика және қауіпсіздік салаларындағы байланыстарды нығайту мақсатында 1996 жылы құрылған ШЫҰ аймақтағы сауда және инвестиция бойынша ынтымақтастықтың тұрақты форумына айнала алмағанын дәлелдейді. Мамандар Пекиннің Орталық Азиядағы басты мақсаты – энергия шикізатына ие болу, минералдық ресурстарды Қытайға жеткізетін тасымал жолдарын салу деп болжайды. Сонымен қатар сарапшылар Қытайдың бұл жоспары Ресеймен арада бақталастық тудырып отыр. Себебі Мәскеу Орталық Азияның, әсіресе аймақтағы ең ірі мұнай өндіруші ел Қазақстанның энергия шикізаты экспортынан айрылғысы келмейді дейді. Шетел журналисі Рирдон-Андерсон «Ресей үшін ең бастысы – қазақ мұнайының қомақты бөлігін өзінде қалдырып, оны Қытаймен бөліспеу. Сонымен бірге бұл «шикізат Каспий арқылы Жерорта теңізі аймағына тікелей жөнелтілмесін» дегенді де білдіреді. Олар Қазақстанның мұнай құбырын бақылауға алғысы келеді, Қазақстанның Еуропа Одағымен тікелей саудаласа бастағанын қаламайды», – дейді сарапшы. Сонымен қатар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей және Қытай басшыларымен келіссөздер барысында екі ел арасындағы бақталастықты тиімді пайдалана білді дейді сарапшы. Соның арқасында Си Цзиньпин Астанаға сапары кезінде Қазақстанның мұнай секторына кіру үшін миллиардтаған доллар қаражат бөлуге уағдаласты. Си Цзиньпинмен кездесуден соң Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың «Қазақстанға қажетті мұнай өңдеу зауытын салуға көмектесетінін», Астана мен Пекин ынтымақтастықтың «жаңа кезеңіне өткенін» айтты. Си Цзиньпиннің сөзінше, «бұл келісім-шарттың арқасында Қытай Қазақстанның мұнай секторындағы ірі акционерге айналды». Қытай алып жоба – Қашаған кенішін игеріп жатқан компания акцияларының 8,33 пайызын иеленетін болды. Қытай басшысы Си Цзиньпин Орталық Азияға сапарын қыркүйектің 3-і күні Ашғабаттан бастады. Ол Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен табиғи газ тасымалдау келісіміне қол қойды. Бұл құжат бойынша, 2020 жылға қарай Түркіменстанның Қытайға газ экспорты екі есе ұлғаймақ. Осы келісім негізінде Қытай ұлттық мұнай корпорациясы Түркіменстанның ауған шекарасына жақын тұстағы Оңтүстік Йолотан кенішінде үш өндіріс нысанын салуға көмектесетін болды деп жазады Азаттық радиосы. Қытай басшысы Ташкентке де барып, Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен қазіргі Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан мұнай құбырын Түркіменстанның Оңтүстік Йолотан кенішіне дейін созу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл құбырдың сыйымдылығы Түркіменстанда салынып жатқан үш газ құбырымен бірдей – жылына 30 миллиард текше метр газ тасымалдай алады. Си Цзиньпин Қытайға Орталық Азиядан табиғи ресурстарды тасымалдау қарқынын арттыру үшін жаңа автокөлік жолдарын, теміржол желілерін салу туралы келісімдерге де қол қойды. Ол қыркүйектің 11-і күні Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесу кезінде құны 3 миллиард доллар болатын инфрақұрылым жобалары жөніндегі келісімдерге қол қойды. Бұлардың арасында қосымша табиғи газ құбырларын тарту, Қырғызстанның оңтүстік және солтүстік аймақтарын қосатын жаңа жолдар салу, Бішкектің жылу жүйесін жетілдіру жобалары бар. Қытай басшысы қырғыз үкіметі өкілдерімен екі ел арасындағы ортақ шекара аймағында ынтымақтастықты нығайту мәселелерін де талқылаған. Қытайлық сарапшылардың айтуынша, Пекин бұл аймақ арқылы есірткі тасымалдаушылар мен діни экстремистер өтуінен, ұйғыр сепаратизмінің дендеп енуінен қорқады. НАТО-ның Орталық Азиядағы тасымал дәліздерін жауып, 2014 жылдың соңына қарай Ауғанстаннан біржола кету жоспары аймақтық қауіпсіздікке қатысты уайымды ұлғайтты. Бұл жайттар ШЫҰ аясында қауіпсіздікке байланысты ынтымақтастық мәселесі экономикалық даму мәселесінен маңызды Бішкек саммитінің күн тәртібін айқындап берді.            Сейілбек АСАН,                                                                                                                                                                                                                                     өз тілшіміз,                                                                                                                                                                                                                               Алматы қаласы