Ересек адам ертегіге сене ме?

Қашып жүрген атыраулық экс-шенеунік Берік ЖАНКЕЕВ сұқбат беріпті...

jankeeb ondaganob

Мүсілім Оңдағанов                                                                     Берік Жанкеев

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен бірге оның қызметтес бірнеше шенеуніктері бой жасырып қалып, іздеу жарияланды... Солардың бірі, Атырау облыстық денешынықтыру, туризм және спорт басқармасының бұрынғы бастығы Берік ЖАНКЕЕВ кенеттен пайда болып,  баспасөзге орыс тілінде сұқбат беріпті... Берік былай дейді: “Менің атам соғыс ардагері, демалыстағы офи­цер, коммунист әрі сыйлы адам болды. Ол мені адалдыққа тәр­би­елеп, қатаң тәлімге үйретті. Мен мектеп қабырғасында бел­сен­ді оқушы болдым, спортпен шұ­ғылдандым, бокстан спорт ше­берлігіне кандидаттық қорғадым. Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен 90-шы жылдардан таныспын. Сол кезде-ақ ол бірнеше ірі компаниялары бар ауқатты адам еді. Ол жұмыс істеген Алматы мен Ақтөбе қалаларында беделді кәсіпкер болатын. Бергей көп­теген атыраулық жігіттерді де қасына жұмысқа шақырды. Оның дер­бес қауіпсіздік қызметі болды, бі­рақ, мен ешқашан Бергейдің жүр­гі­зушісі немесе оққағары болған ем­­еспін. Тек құрал-жабдықтар жет­­кізетін компаниясында қызмет жасадым... Аманжан Рысқалиды маған қосақтаудың қажеті жоқ. Мен оны жылына бір-екі рет қана көретінмін. Аманжанның нашар отбасыларына ылғи көмектесіп тұратынын жұрттың бәрі біледі. Ол, әсіресе, Атырау облысындағы спорттың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Аманжан облыстық дзюдо, бокс, таэквондо федерацияларын басқарып, қаржылай қыруар жәрдем көрсетті. Мен облыс спортын басқарған кезімде жүздеген спорт ғимараттары салынды. ...Бергей Рысқалиев сияқты ондаған жылдар бойы жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарған адамның кенеттен қылмыстық топтың басшысы болып шыға келуі мүмкін емес. Әдетте, облыстың барлық бюджеттік мекемелерінде жыл сайын жоспарлы тексерулер жүр­гізіледі, ал, екі жыл сайын Қар­жы министрлігі егжей-тегжейлі есеп-қисап жасайды. Сонда осынау мемлекеттік қызметтегі мекемелер қайда қараған? Республикада барлық көрсеткіштер бойынша бірінші орындағы Атырау облысы қалайша бір сәтте түкке жарамсыз болып қалды?.. Жаңа аймақ әкімі келгеннен кейін мен оның өз жақтастарын өзімен бірге ерте келетінін түсініп, өз еркіммен қызметтен кеттім. Ол-ол ма, енді кешегі шенеуніктерді шетінен қамай бастағанын көр­ген­де, көзге түскім келмеді. Кінә тағылып, қапасқа түскендер облыс хал­қына аса сыйлы, ұзақ жыл­дық тәжірибелері бар өз ісі­нің май­талмандары еді. Олар өз­дері­нің заңға қайшы келетін еш­те­ңе жа­самағандықтарын біліп, еш­кімнен жасырынбады, әділдікке сенді... Мен кінәлі болғандығымнан емес, заңсыз сотталып кететінімді білгендіктен жасырынып жүрмін. Мен ақыры әділдіктің жеңіп, біздің жазықсыз әріптестеріміздің толық ақталып шығатындығына, қылмыстық істердің тоқтатылып, біздерді аңдудың доғарылатындығына сенемін. Біз 21 ғасырда, құқықты мемлекетте өмір сүріп отырмыз...” *** ...Қайдам, қашып жүрген адам­ның қиялы жүйрік бола ма, жүрегі жұмбақ бола ма, түсінбедім... Бірақ, ересек адамның ертегіге сенгені ғажап құбылыс қой?!. “Ертегі” демекші, Берік Жанке­евтің біздің облыстағы әріптесі, кеше ғана Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру, туризм және спорт басқармасының бұрынғы бастығы кезінде талай Әлем мен Олимпиада чемпиондарын дайындап, өмірі ертегідей болып жүрген Мүсілім ОҢДАҒАНОВтың бүгінгі тағдыры да бұлыңғыр тартты. Батыс өңірі спорт батырларының ұлағатты ұстазы, адуынды ақылшысы, мерейлі мақ­та­нышы Мүсілім Оңдағанов та қазір азар да безер ақталуға тырысып, қа­лайда қорғануға мәжбүр болып отыр. Бір замандағы Орал қаласы әкі­мінің орынбасары Мүсілім Оң­да­ғановтың жастардың жігерін жа­нып, намысына от жаққанын қа­лай­ша мүлдем ұмыт қалдырдық?!. Сол жалынды жас­тар Жайықтың на­мы­сын қорғап, беделін биіктетпеп пе еді?.. Намыстының ғұмыры құрдымға кетсе, серкенің тағдыры сергел­дең­ге түссе – елдің ертеңі не болмақ?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА