Президент легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салатын заңға қол қойды
2025 ж. 15 сәуір
1694
0

Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
— Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, — делінген хабарламада.
Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған.
Уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жоғарғы жетістіктер спорты түрлерінің тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды.
Басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл — Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері.
Спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ережелер жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді.
Шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіруді көздейтін бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді.
Уәкілетті органға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттілігі беріледі.
Айта кетейік, заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Еске сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса 2021 жылғы 17 қарашадағы “ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫН ФУТБОЛҒА ӘЛЕМГЕ МАСҚАРА БОЛУ ҮШІН ҚҰЙЫП ОТЫРМЫЗ БА?!“ атты депутаттық сауалы мен 2024 жылдың 6 қарашада "ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫ ХАЛЫҚҚА ЖҰМСАЛУЫ ТИІС!" атты депутаттық сауалында федерация жұмысын қатаң сынға алған болатын. Аталмыш сауалдар қоғамда үлкен резонанс тудырды.
- Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтатату керек! - деп мәлімдеді депутат.
Депутат Қазыбек Исаның спорт саласын, футбол федерациясын сойған депутаттық сауалын 26 депутат қолдап, қол қойды!
Аталмыш депутаттық сауалда кезіндегі лигионерлер шеруін тоқтату туралы талабын да еске салды.
- Біз бұған дейін бірнеше рет спорт саласы, оның ішінде футболға кетіп жатқан сансыз миллиардтар туралы депутаттық сауал жасадық. 2021 жылы жасаған сауалымыз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақ қазынасы арқылы байып жатқан шетел легионерлері шеруін тоқтату туралы талабымыз да қоғамның қатты қолдауына ие болған еді. Өйткені сол кезде тек премьер-лиганың 150 футболшысы, яғни 40 пайыздайы шетелдіктер еді. Тіпті, бірінші лигада да 16 легионер бар еді...
Ал 2024 жылғы Парламенттегі спорт туралы заң жобасы таныстырылымында Ұлыбритания, Франция, Германия тб дамыған елдер, тіпті көршіміз Өзбекстан да 17-18 спорт түрін ғана қаржыландырса, біздің Қазақстан олардан 10 есе асып түсіп, 180 спорт түрін қаржыландыратыны, яғни, министрліктің спортты сауын сиыр етіп алғаны туралы көтерген мәселеміз де көптің қолдауына ие болған-тұғын, - деді депутат.
Атап өту керек, сол кезде Мәжілісте талқыланған заң жобасында осы легионерлерді тоқтату мен 180 спорт түрін қысқарту секілді бірқатар мәселелер оң шешілген болатын.
Жалпы, "Ақ жол" демократиялық партиясы Парламентке келгелі бері бұл мәселені тұрақты түрде көтеріп келеді:
https://akzhol.kz/kk/blog/migrated_581 (2014 ж.)
https://akzhol.kz/kk/blog/migrated_5713 (2015 ж.)
https://akzhol.kz/kk/blog/migrated_2135 (2015 ж.)
https://akzhol.kz/kk/blog/migrated_6427(2018 ж.)
https://t.me/peruash/226 (2020 г.)
https://akzhol.kz/kk/blog/kspoj-sportt-biudzhet-arazhatnan-arzhlandrua-tjm-salu-kerek-abaikz (2020 ж.)
https://akzhol.kz/kk/blog/segz-ola-elmzdeg-sport-degejn-dl-krsetksh-abaikz (2021 ж.)
https://t.me/peruash/5337 (2022 ж.)
https://t.me/peruash/5337 (2024 ж.) және т.б.
Енді, міне, "Ақ жол" демократиялық партиясының талабы ескеріліп, легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салатын заңға Президент қол қойды.