Қазақ қашқындарының қарасы 158-ге жетті...

Жарығы бар, өзі жоқ жұрт болдық... Қазақтың қазанына түсіп, қазынасын жымқырған­дардың ұзын-саны белгісіз, бірақ, көп және күн сайын саны артып, молайып жатыр. Бұған шүбәңіз болмасын!.. Ал, қазақтың қариясы мен сәбиінің несібесін ұрлап, әлемді айналып қашып-пышып жүрген Қазақ Елінің баукеспе-ұрыларының қарасы қазір 158 адамнан асып-жығылды. Интерпол арқылы іздеу салып, халықаралық іздеу жарияланған Рахат Әлиев, Мұхтар Әблязов, Храпун­овтар отбасы мен ағайынды Рысқалиевтер де ұрлықы ақшаны аямай, Еуропаның ең қымбат қорғау­шыларын жалдап, арқасын бит, тапқанын ит жеп жатыр... Қазақ Елінің кейбір мемлекеттермен “қылмыскерлерді қайтарып беру” жөніндегі келісімнің жоқтығы және Страсбург соты құзырының бізде қолданылмайтындығы аяққа тұсау болып, ірі ұрыларымыз қолынан келгенінше алшаң басып жүр. Бюджет қаржысын бөлесінің байлығындай “үрлеп ішіп, шайқап төккен” бұл жігіттердің тектерінің “мықтылығы” сондай – балалары түгелдей “талантты”, шеттерінен “қабілетті” болып келеді: түп-тұқияны қалмай шетелдерде оқып, белдері бесіктен шықпай жатып, бірден аудан әкімі немесе облыс басшысының орынбасары орынтағына қонжияды. Өйткені, біздің елімізде “Қоғамның рухани-адамгершілік қасиеттерінің оянуына” жыл сайын 14 млн 740 мың теңге бөлініп, кітапшалар шығарылып, шаралар өтеді. Ал, парламентке биыл бюджеттен 3 млрд 716 млн теңге бөлінсе, келесі жылы оның көлемі 3 млрд 976 млн теңгеге өсетін болады. Ә дегенде, ел басшысын, парламент пен үкіметті ұстап тұруға жылына бюджеттің кіріс бөлігінің 1 пайызы көлеміндегі қаржысының жұмсалатынына шошып кеттік. Бұл, шамамен, 50 млрд 126 млн теңгені құрайды. Үсті­міздегі жылы Президент Әкімшілігіне 3 млрд 477 млн теңге бөлінсе, оның 85 пайызы, яғни, 2 млрд 997 млн теңгесі тек Елбасының қажеттілігіне жұмсалады. Бірақ, “Қуырдақтың көкесін – түйе сойғанда көресің” демекші, біз “халық қалаулыларын” асырау үшін Елбасының шығындарынан 3,5 есе көп қаржы жұмсай­ды екенбіз. Парламентке салықшылар жыл сайын 9 млрд 822 млн теңге төлейді. Қарапайым есеп-қисап мынадай: біздің Мәжілісте 107 депутат, Сенатта 47 депутат бар, барлығы 154 депутат, яки, әрбір депу­таттың қызметі жыл сайын 93 миллион 784 мың теңгеге бағаланып отыр. Не деген батпан құйрық?!. Енді Үкімет басшысы – Премьер-министр біздің қалтамыздан 12 айда 1 млрд 638 млн теңгені “қағып алады”. Керек десеңіз, біздер – салық төлеушілер – Премьер-министр Кеңсесі интернет жүйелерінің шығынына 320 млн теңгені тықылдатып санап береміз. Ол-ол ма, Президенттің Іс Басқармасы жоғарғы биліктегі шенеуніктердің денсаулығын қадағалауға 4 млрд 831 млн теңгені “жұтып қояды”... Биліктің жағдайы неғұрлым қуатты болса, халықтың халі соғұрлым солғын тартып барады. Қоңыр қазақтың денсаулығында ешкімнің шаруасы жоқ. Жастардың дені оқу-тоқусыз қалды; ал, тұяғы ілініп, диплом алғаны жұмыс таппай, тентіреп жүр. Саясаткер Айдос Сарым өткір сөзі қазақтың қазіргі ахуалын дөп басқан секілді: “Мен мынадай астрономиялық мысалды жиі айтам: түнде далаға шығып, жұлдыздарды көреміз. Сөйтсек, біз көріп отырған жұлдыздардың жарығы олардың осыдан мыңдаған жыл бұрынғы жарқылы екен. Сол жарықтың жерге жетуі үшін мыңдаған жыл қажет. Ал осы арада кейбір жұлдыздар өшіп те қалады, жарылып та кетеді. Міне, Олжас ағамыз да (Ақын Олжас Сүлейменовты айтады. Қ.Ғ.) осындай “жұлдыз”. Бұрынғы жарығы бар, ал өзі жоқ...” Қайран, дүние! Кешегі сар даланың саңлақтары – жаужүрек сақтардың бүгінгі ұрпағы – қазақ жұртының көңілі пәсейіп, рухы мүжіліп барады, құдды, жарығы бар, өзі жоқ жұлдыз тәрізді... Бар қазына байлығымызды талан-таражға салып, итше тартқылаған ұры-қарылар артына қайралап, “қайтқан малдан – қайыр шығарар” емес... Тіпті, түнеукүні Қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстанның сырттан тағы да 1 млрд АҚШ доллары көлемінде қарыз алатындығын айтты. Шөбере-шөпшегіміздің бағын байладық-ау... Қайда барып, мұң шағамыз?!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

www.qazaquni.kz