ПУТИНГЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН ТОҚАЕВ ТМД-да ЖАҢАЛЫҚ ЖАСАДЫ!..
2023 ж. 11 қараша
4999
5
КРЕМЛЬ БҰҒАН ҮЙРЕНЕ БЕРУІ ТИІС!
ҚР Президентінің қазақ тіліндегі сөзін тыңдауға ұмтылып, жаппай құлаққап іздеген Ресейліктердің құлағын құрғатпау керек…
Армандар орындалады екен! Әзірге Ақордадан басталды!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумын қазақ тілінде сөйлеп ашты.
“Қазақ Президенті өз елінде ғана емес, шетелде де, тіпті Ресей Президентімен Мәскеуде, Кремльде кездескенде де Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеуі керек. Сонда ғана олар біздің отыз жыл бұрын Тәуелсіздік алғанымызды еске түсіреді” деп, талайдан бері жазып келе жатқанымыз белгілі.
Сол арманымыз кеше орындалды.
Ресей Президенті Путиннен бастап, Ресейдің Сыртқы істер министрі Лавровтың, президенттің баспасөз хатшысы Бесковтың, бәрінің жаппай жапатармағай құлаққап іздеп, құлақтарына іліп жатқандарын экраннан көріп айызымыз қанды.
Бұл саяси жаңалықтың бағасын Ресейдің белгілі саясаттанушысы Аркадий Дубнов тура бейнелеп берді: “Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында қазақ тілінде сөйлеген сөзі бағалауға қиын ишара”, деді ол.
«Путин бұрын-соңды ТМД-ның достас астаналарына барған кезде мұндайды кездестірмеген. Жергілікті басшылар оған үнемі тек орыс тілінде, Үлкен ағаның тілімен сөйлегенде, бұл дәстүр бұзылмайтындай болып көрінетін, басқаша да болуы мүмкін еместей еді... Ал посткеңестік хаттаманың бұл тәртібі бұзыла бастады: кеше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің Астанаға сапарын қорытындылай келе, делегациялар мен баспасөз өкілдерінің қатысуымен өткен жиында алдымен жұртшылыққа қазақ тілінде сөз сөйледі», - деп жазды А.Дубнов кеше 10 қарашадаTelegram-арнасында.
Ол Тоқаевтың сөзі ресейліктерді таң қалдырғанын атап өтті.
«Бұл «қазақ прелюдиясының» үстел үстіндегі құлаққаптарды іздеуге асыққан Путин мен оның делегациясының мүшелерін қаншалықты таң қалдырғанын түсіну үшін мына бейнені қарап шыққан жөн, бұл кездейсоқ емес екені анық. .. Тоқаев әуелі өзінің сөйлеген сөзін аудармада тыңдауға мәжбүрледі. Бұл бағалауға қиын іс-қимыл болды.
Қазақстан президенті Қазақстанның орыс тілін құрметтейтінін, бірақ негізі дербес тіл саясатын жүргізетінін, ең бастысы қазақтардың ұлттық тілін дамыту болып қала беретінін бірден аңғартты. Ал бұған Тоқаевтың өзі МГИМО-ның түлегі болуы да кедергі болуы екіталай. Айтпақшы, Путин бұл жолы да әріптесінің әкесінің атын айта алмады. Демек, Тоқаев Мәскеуде оқығанмен, бірақ бірінші кезекте қазақ. Кремль бұған үйренуі керек», - деп қорытты Дубнов.
Иә, бұл жолы Кеңес Одағы мен ТМД-да Ресей Президентін Ресей тілінде қарсы алатын 100 жылдан бері қалыптасқан жүйені Қазақ мемлекетінің басшысы қазақ тілінде сөйлеп, бұзды! Жаңалық жасады!
Ресейліктердің таңғалғаны сонша, Путин бұл жолы шынында да, әріптесінің әкесінің атын ұмытып қалатындай жағдайда болды…
Болады екен бәрі. “Болмайды” деген сөз болмайды екен…
Биыл, 2023 жылы 22 қыркүйекте, 1989 жылғы Қазақстанның ең алғашқы тіл заңына 34 жыл толған күні біз “Қазақ тілі қашан тәуелсіздік алады?!.”-деп жазып едік “Қазақ үні” ұлттық порталында! Қазақ Президентінің Ресей Президентіне ресми жиында Қазақша сөйлеген күні 10 қарашада Тіл тәуелсіздігіне алғашқы қадам жасалған тарихи күн деуге болады. Алла жар болсын Алашқа!
Шынында да, ҚР Президентінің қазақ тіліндегі сөзін тыңдауға ұмтылып, жаппай құлаққап іздеген Ресейліктердің құлағын құрғатпау керек…
Тоқаев нағыз жоғары деңгейдегі халықаралық дипломат екенін мемлекет басшысы ретінде күшті көрсетті.
Дипломатияда ешбір сөз текке айтылмайды, ешбір қимыл текке жасалмайды.
Бұл Тоқаевтың алғашқы Халыққа жолдауындағы халық тілегін тап басып айтқан: "Қазақ тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болатын уақыт келеді" деп мәлімдеген бастамасының басы, алғашқы қадамы деп қабылдайық.
Әрине,мемлекет басшысы шетелдердегі ресми сапарларда мемлекеттік тілде сөйлеп жүр. Бірақ Ресей Президенті бастаған делегациямен кездесуде Тіл Тәуелсіздігін көрсету мүлде басқа мәселе! Бұл Тоқаевтың кезінде айтқан “Тіл -үлкен саясат” деген сөзінің үлкен саясатта іске аса бастауы!
Әлемнің әйгілі бес тілін беске білетін Қазақстан президенті Мәскеуде оқыса да, ең бастысы қазақтардың ұлттық тілін дамыту елдің негізгі саясаты болып қала беретінін Ресейдің сарабдал саясаттанушысы да анық байқапты.
Ал біздің биліктегі саясаткерлеріміз, мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлеріміз бірнәрсе байқай алды ма?!.
Президент халықаралық ресми жиналыста, Ресей Президентімен кездесуде Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлескенде, өткен айда ғана қабылданған Мемлекеттік Тіл саясаты тұжырымдамасынан “Мемлекеттік тілде заң қабылдау керек” деген жалғыз сөзді жау көргендей алғызып тастаған Президент Әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері не ойлады екен?!. Өздерінің ел мен тіл тағдырын шешетін ең жоғары жауапты жерде отырғандары артық екені саналарына барды ма екен?!. Ресейліктерден бұрын өзіміздің шенеуніктердің құлаққап іздегендері аз болмаған шығар…
Осыдан тура 55 жыл бұрын, 1968 жылы 14 ақпанда “Қазақ әдебиеті” газетінде биыл 100 жылдығын билік емес, халық тойлаған қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, детектив жанрының негізін қалаушы, еліміздегі кітаптары ең көп оқылған қаламгер Кемел Тоқаевтың мемлекеттік тіл туралы мақаласы шығады. Онда ол: “Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз екені баршаға аян. Біздің ұлттық асыл қазынамыз – қазақ тілінің кіршіксіз таза болуына, шұбарланбауына атсалысуымыз керек. Сондықтан қазақ сөздерін әлдекімдердің көңіл күйіне қарап өзгерте беруге болмайды”-деп жазады. Кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезінде “ҚАЗАҚ ТІЛІ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ!”-деп батыл жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік екені анық. Өйткені, соның алдында, тура осы қазақ жазушыларының органы “Қазақ әдебиеті” газетінде 1957 жылы ұлт мүддесін қорғаушы белгілі әдебиетші-ғалым Рахманқұл Бердібайдың қазақ тілінің жағдайы туралы мақаласынан кейін газеттің бас редакторы, қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтен бастап, бірнеше қызметкерді қызыл билік қызметінен кетірген.
Кемел Тоқаев бұл кезде бұлай ашық жазатындай өзі еркін жүрген тәуелсіз жазушы да емес, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің “Ведомостар” басылымының бас редакторы, яғни заң шығарушы органның жауапты қызметкері.
Тоқетері, Тоқаевтың Ақордада Ресей Президенті Путинмен кездесіп отырып, Қазақ тілінде сөйлеуі, бұл Алаш арманын орындау, бұдан 55 жыл бұрынғы әке ұстанымына, аманатқа адалдық деп қабылдаймыз.
Қазақта “Ұзағынан сүйіндірсін” деген ақжарма үміт, ақ тілек бар.
Халықаралық саясаттағы қайратты қадам ішкі саясатымызда іске аса беруін тілейміз!
Өйткені, осыдан 55 жыл бұрын, өткен ғасырда, Тәуелсіздік алмаған, Кеңес империясының қаһарлы кезінің өзінде кемел жазушы Кемел Тоқаевтың тура тауып айтқан сөзін ықшамдап келтірсек:
“Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз. Сондықтан қазақ тілін әлдекімдердің көңіл күйіне қарап өзгерте беруге болмайды!”
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.