Макрон: Газадағы тұрғындарды қорғау керек
2023 ж. 02 қараша
3554
0
Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапары аясында Maqsut Narikbayev University студенттеріне дәріс оқып, сауалдарына жауап беріп жатыр. Таяу Шығыс және Израиль мен Палестина қақтығысы туралы да пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Айтуынша, Францияда Израильді де, Палестинаны да қолдайтындар бар.
«Менің көшбасы ретінде позициям қандай? Бұл жай ғана бір жерде оқи салатын мәселе емес. Біз Израильге жасалған террористік шабуылдардың барлығы дұрыс емес деп есептейміз. Біз осы мемлекетті қолдаймыз. Ешкім өз мемлекетінде біреудің өлтірілгенін, мыңдаған адамның өмірі қиылғанын қаламас еді. Бұл террорлық шабуылдарды айыптауымыз керек», - деп атап өтті Франция басшысы.
Екіншіден Макрон халықаралық құқықты сақтау керектігін айтты.
«Террорлық ХАМАС-ты жазалау керек, бірақ сол жерде өмір сүретін бейбіт тұрғындар кінәлі емес, оларды қорғау керек. Сол себепті, Газадағы тұрғындарды қорғау үшін, құтқару үшін гуманитарлық көмек жіберуді сұрадық, ешқандай террорлық шабуылға қатысы жоқ адамдарды қорғау керек деп есептейміз.
Менің көңілім толмайтын нәрсе – адамдардың өмірін алалайтындар бар. Палестиналықтардың өмірі немесе израильдіктердің өмірі маңыздырақ деген ақылға қонбайтын пікірталас бар. Менің ойымша, бұл жерде жалпы адамның өмірі туралы, адамның құндылықтары ерекше деген түсініктер айтылуы керек. Бұл БҰҰ-да негізделген. Сонымен біздің ойымыз – біріншіден, терроризммен күресу, екіншіден – халықты қорғау, үшінші – саяси диалог құру керек», - деді Эмманюэль Макрон.