Кәрім Мәсімов қанша жылға сотталуы мүмкін - Бас прокурор жауабы
2022 ж. 14 наурыз
1879
0
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте ҚР Бас прокуроры Берік Асылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева еліміздің Бас прокурорынан «Әлеуметтік желілерде депутаттарға халықтан көптеген сұрақ келіп жатыр. Соңғы күндердегі ең өзекті сұрақтардың бірі - «Егер Кәрім Мәсімовтің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, олар қандай жазаға таратылуы мүмкін?» Соған байланысты қылмыстық іс қай кезеңге келді?», - деп сұрады.
Осы орайда Бас прокурор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.
«Оның ішінде мемлекеттік опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу үшін билікті асыра пайдалану және пара алу бойынша қылмыстық істер тергелуде. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық бағаны сот береді. Бірақ, алдын ала айтар болсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекспен 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қазір тергеу әлі жүргізіліп жатыр», - деді Берік Асылов.