Қытай әрдайым ең басты серіктесіміз болып қала береді - Тоқаев
2021 ж. 05 қараша
2384
0
Мемлекет басшысы IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу рәсімінде бейнеүндеу жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде жиынға қатысушыларды IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылуымен құттықтады.
– Биыл біздің достас халықтарымыз өз тарихындағы маңызды белеске жетті. Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына – 100 жыл. Сондай-ақ, екі айдан кейін тағы бір айтулы оқиғаны атап өтеміз. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Бүгін біздің жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестігіміз кемелденіп, жаңа кезеңге қадам басты деп нық сеніммен айта аламын. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай елі әрдайым Азиядағы ең басты және сенімді серіктесіміз болып қала береді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық кең-байтақ Еуразия құрлығында бірлесе дамуға және өркендеуге жол ашып отырғанына, сауда-экономикалық қатынастар – ықпалдастығымыздың берік іргетасы екеніне тоқталып, алдағы кезеңде солай бола беретінін атап өтті.
– Қиындыққа қарамастан, күрделі 2020 жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 5 пайызға өсіп, 15 миллиард доллардан асты. «Өзгерістер желі соққанда, біреулер қабырға тұрғызады, енді біреулер жел диірмен салады», – деген көне қытай нақылы бар. Пандемияға байланысты Қазақстан-Қытай шекарасына енгізілген уақытша шектеу шаралары тезірек аяқталып, алыс-беріс қайтадан жандана түседі деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті құттықтау сөзінде сауда-саттық әрдайым өркендеудің және халықаралық ынтымақтастықтың басты қозғаушы күші саналатынын, бұл қағидат ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан біздің өңір үшін де аса маңызды екенін айтты.
– Осы ежелгі сауда жолы Төраға Си Цзиньпиннің «Белдеулер мен жолдар» атты ауқымды бастамасының арқасында қайта жаңғырды. Қазір жыл сайын Қытайдан Еуропаға Қазақстан аумағы арқылы 500 мыңнан астам контейнер тасымалданады. Құрық теңіз айлағы іске қосылғаннан кейін «Ляньюнган – Карс» тасымал дәлізімен Қорғастан Ыстанбұлға жүк жеткізу мерзімі бес есеге, яғни 60 күннен 13 күнге дейін қысқарды. Біз Қорғастан бөлек, бірқатар көршілес елдермен жаңа шекарааралық хаб құрып жатырмыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індеті жаһандық сауда желісінің жұмысына айтарлықтай нұқсан келтіргеніне тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан тұрақты транзиттік тасымал бағдарын нығайтып, оны әртараптандырып, инновациялық логистикалық әдіс-тәсілдерді енгізу үшін барлық мүдделі тараппен тығыз жұмыс жүргізе беретінін айтты.
– Бүгін есігін айқара ашқан Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі, шын мәнінде, дүниежүзінің әр түкпіріндегі экспортшыларды ұйыстыратын орталыққа айналды. Осы маңызды шараға 120-дан астам мемлекеттен тауар өндірушілер жиналып отыр. Бұл Шанхай көрмесі Қытайдағы алып нарыққа кіретін «алтын қақпа» екенін айқын көрсетті. Осы көрмеге Қазақстаннан 30 ірі өнім өндіруші қатысуда. Олар жалпы құны 100 миллион доллардан асатын азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға келісім шарт жасайды деп жоспарланып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Шанхай көрмесіне қатысушылардың жұмысына табыс тілеп, өзара тиімді сауда байланыстары көкжиегінің кеңейе беруіне ниеттестік білдірді.