БІЗДЕ ҰЛТТЫҚ НАМЫС ДЕГЕН БАР МА, ЖОҚ ПА? - Дулат Исабеков
2021 ж. 24 тамыз
2855
3
- Өз тілімізді өзіміз осынша қорлауға бейім тұрған елміз
- Парламент өзі дайындаған заңдарды өзі қадағалауы тиіс
Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, биік елдік мақсаттар бағытында маңызды жиын өткізгенін бұрын хабарлаған болатынбыз. Ол келелі кеңесте әйгілі қаламгерлер мен қайраткерлер де көптен көкейде қордаланған ой-пікірлерін іркіп қалмады.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі бүгін оқырман назарына көрнекті жазушы Дулат Исабековтың осы жиында сөйлеген сөзін ұсынады.
– Бұл бағыттағы әңгіме азанда бастап, кешке бір-ақ аяқтайтын бітпес зарға айналды ғой. Қазіргі Қазақ елінің өзі қандай жағдайда деп сарапқа салып отырсаң, әй, біз осы ұлттық мемлекет бола алмаймыз-ау деген күмән иектейді. Неге десеңіз, барлық салада тіл мәселесін айта-айта әбден жалықтық, өмірі бір орындалмай-ақ қойды! Түбегейлі өзгеріссіз жылжитын түріміз жоқ.
Қараңызшы енді, біз қатарластар бүгінде дәрігерлердің қызметіне көп жүгінеміз: солардың біреуі қазақша сөйлей ме?! Тіпті, астанаға жол түсіп, Мәдениет министрлігіне барғанда кейбір ғана бөлімдер болмаса, бұлардың да ылғи орысша сөйлеп отырғанын көресің. Жер-жердегі мектептеріміз де қазақша – бірақ ондағы балалардың да көбі өзара орысша тілдеседі. Яғни, өз тілімізді өзіміз осынша қорлауға бейім тұрған елміз.
Халқымыздың өзінде кінә бар. Балаларының атын Олег, Арсен немсе Иосиф деп қоятын қазақтың ұлттық санасы оянбай-ақ қойды.
Біздің мекемелеріміз бен олардың басшыларының бәрі түгелдей тек қазақ тілін білетін адам болуы керек. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігіміздегі іс-қағаздары қазақша толтырылады деп ойлайсыздар ма? Жаңа Қазыбек айтқандай, ол министрлікті де бұрышқа тығып қойған жалғыз аудармашының жұмысына жүгініп отырған мекеме деуге негізіміз бар. Анау Украинаны қараңызшы, кеше қақпаға гол соққан ойыншы «Слава Украине!» деп, орыс тілінде айқай салып еді, оны басшылары сол орыс тілінде айтқаны үшін келесі мачтқа қатыстырмай қойды! Гол соғып, ел абыройын асырған саңлақтың өзін! Ал біз орысша сөйлеу әдетінен арыла алмай, әлі күнге дейін Ресейге жалтақтаумен жүрміз.
Мәселен, біздің Президентіміз Россия серкесі Путинге қазақша сөйлесе олар мұны басқаша қабылдайды. Сондықтан көршілеріміз бөтен ойлап қалмасын деп жасқаншақтап-ақ бітетін болдық.
Енді міне, Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығына да келіп жетіппіз. Ширек ғасырдан асқан осы уақыт аралығында ана тіліміз үшін не істедік?! Не тындырдық? Экономика саласында шыққан асуларымыз қайсы? Бізде, жалпы, мемлекет бар ма, жоқ па? Мәселені, бәлкім, осылай қою керек шығар.
Одан соң өмірімізге өте бір қорқынышты құбылыстар дендеп ене бастағандай. Әнегүні, дәлірегі, бұдан жиырма күндей бұрын мына Смағұл, Бексұлтан үшеуіміз үлкен бір кісімен сөйлесіп, көңілдегі қауіп-қатерімізді айттық. Қытай Халық Республикасының көптен сөз болып жүрген елу алты зауыт-фабрикасы Қазақ еліне ақыры біртіндеп кіре бастағандай. Бұл қалай болғаны? Ертең солардың әрқайсына үш мыңдайдан ғана қытай жұмысшысы қоса келгенде не күйге түсеміз? (Елу алтыны үш мыңға көбейтіп көріңіз!). Сол кірген адамдар одан соң өлсе шыға ма бұл жерден?! Ал он бес-жиырма жылдан кейін олардың саны қаншаға жетпекші?!
Қазір кейбір көрген-білген адамдар дабыл қағып айта да бастады, Алматы шетіндегі барахолканы барып көріңіздер, қытайдың әрбір вагонынан қазақтың қыздары шұбырып шығып жатады. Дөрекілеу айтқанда, екі-үш мың теңгеге сатылып қытайдың қойнында жатқан қыздарымызға да тоқтам болмай барады. Мұндайда соларды шетінен шашынан сүйреп сабаса да артық болмайды-ау деп ойлайсың. Не деген сұмдық?! Бұл көргенсіздік қайдан шықты? – Оларға еркіндік алғалы бері дұрыс тәрбие көрсетпедік. Қытай ма, шүршіт пе, зәңгі ме, кімнен жүрсе, онымен жүрсін, бәрібір деп бетімен жібердік. Мұндай масқараны реттейтін де кез жетті емес пе! Қауіпсіздік комитеті осындайға қарамағанда қайда қарап отыр? Бізде ұлттық намыс деген бар ма, жоқ па?
Шымкенттен бір бауырым сонау сырттан кіретін зауыт-фабрикалармен қоса келетін қытайлықтар «осында, кемі, он жыл отырып, қазақтарды мұнай өңдеуге баулимыз, істің қыр-сырын үйретеміз дейтін көрінеді» деп хабарласты. Айналайын-ау, біздің батыс аймақтарда ежелден қалыптасқан мұнайшылардың бірнеше буын ұрпағы бар емес пе?! Олар қайда қалды? Немесе сонау Тәуелсіздік алған кездегі он жасар ұл-қызымыз бүгінде қырық бір жасқа келді ғой. Көптеген елдерден озып кеттік деп мақтана бермей, соларды тәрбиелеп шығатындай уақыт өтті емес пе! Шындықты жасырғанмен іс өнбейді. Міне, мен осыны айтар едім.
Қазыбек, өзің секілді жанашыр жігіттердің Парламент төріне шыққаны қуантады. Қадамың оң болсын!
Парламент өзі дайындаған заңдарды өзі қадағалауы тиіс. Бұл мәселені “Ақ жол” партиясы көтеріп жүргенін де білемін, біз қолдаймыз. Мәселе сонда.
Мысалы, Тіл туралы заң орындалды ма? Орындалған жоқ. Біздің қол көтеріп қабылдап алған заңымыздың кейін іске асу-аспайтынымен шаруамыз болмай кететіні неліктен? Жалпы, қастерлі ел мүддесін қолдамаса, Парламент не үшін қажет?
Әнеу күні Қазыбектің Мәжіліс отырысында айтқан: «Біз қазақтың мүддесін, қазақтың тілі мен мәдениетін қорғамасақ мына жерде неге отырмыз?!» деген сөзі көкейіме қонды.
Расында да, өз сайлаушыларының үмітін ақтамай, тек ана ұсынысқа да, мына ұсынысқа да қол көтеріп, айлық алып бос отыра беретін депутаттардың не керегі бар?
Демек, әуелі Парламент тірілуі керек. Өйткені, ол біздегі ең күшті орган. Мәжілістің айтқаны екі болмауға тиісті. Егер біз демократиялық ел болатын болсақ, Президенттің өзі де Парламентке бағынуы қажет. Өткенде Бразилия мемлекетінің басшысына мотоциклмен бетпердесіз жүргені үшін үкіметі 110 доллар айыппұл салды. Ал біз басшымызға ескерту жасай алар ма едік? Әй, қайдам! Міне, осы себептен де Парламент пәрменін күшейткен жөн. Парламенттің айтқаны, оның қойған талабы сөзсіз орындалуы шарт.
Әлгінде Қазыбек айтқандай, елдік мүдделерге қатысты сауалға сырғытпа сөзбен үн қатқан Премьер-министр Парламент алдында жауап беруі керек. Үкіметтегі іс-қағаздары 93 процент мемлекеттік жүргізіліп отыр деп қалай аузы барып айтады?! Және өзі орысша сөйлеп отыр ғой. Ал қазақ тіліне аударылған құжаттардың мәтінін түсіне алмайсың. Амалсыздан «не айтқысы келді екен» деп орысшасына қарауға мәжбүр боласың. Тіл деп осы айқайлағанымыз айқайлаған.
Одан соң біздің билікті халқымыздың санының көбейгені мүлде қызықтырмайтын секілді. Өкіметтің демография деп бас ауыртқанын көрген емеспін . Өйткені аз халықты басқару оңай ғой. Мысалы, біздің Ақмола облысындай ғана жері бар Бангладеште 150 миллион тұрғын қоныстанған. Осылар қалай сыйып отыр, қайтіп күн көреді деп таңырқайсың. Ал жер көлемі жағынан тоғызыншы орын аламыз деп мақтанатын біз 19 миллион адамды асырай алмай жүрміз. Мұндайда шет елдердің жақсысынан қашан үлгі ала бастар екенбіз деп қиялдайсың.
Негізінде, бұл жағынан сонау сырт мемлекеттерде оқып келген дарынды жастарымыздың ұтқыр жобалары бар екені даусыз. Бірақ, біздің іс басындағы кейбір ағайындар сол жобаларды білгенімен, бұдан өз қалтама не түседі деп емексиді. Өкініштісі, туған жерде жағдайы болмай, елдің келешегіне көзі жетпей алаңдаған небір ақылды, іскер, талантты жігіттер сырт елдерге ағылып кетіп жатыр. Шет мемлекетте оқып келген өз немерем де бар. Мен оны “су ішсең су іш, у ішсең у іш, өлсең осы жерде өл” деп тыпыр еткізбей ұстап отырмын...
Жоғарыда тоқталған қытай зауыт-фабрикаларының келе бастауы қатты алаңдатады.
Кейбір деректерді салыстырып отырсам, біз өз жерімізде толықтай қожалық ете алатын халыққа айналуымыз үшін санымыз 63 миллионға жетуі керек екен. Бірақ сол межеге қалай жетеміз? Міне, осы міндетті де естен шығармай, нақты әрекетке көшуіміз қажет. Ал таяу уақытта Тілге, Ұлттық мүддеге қатысты өзге де кезек күттірмейтін шаруалар туралы Алматыдағы бүкіл шығармашылық ұйымдар жиналыс өткізіп, соның шешімін хаттама ретінде мемлекет басшысына жібергеніміз жөн.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Мемлекеттік сйылықтың лауреаты
Қазақ үні