Сәкен Майғазиев "Демпартия" белсендісін сотқа берді
2021 ж. 15 шілде
2961
0
Шымкент қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды abai.kz.
Әнші белсендіні "ар-намысқа тиіп, қорлады" деп айыптап отыр. Ал белсенді "565 млн теңгенің есебін сұрағаным үшін істі болдым, әншінің ары таза болса, соттасқанша халық алдында есеп берсін" дейді.
Аталған іс бойынша алғашқы сот тыңдауы 15 шілдеде басталады.
Аружан Дүйсебаеваның сөзіне қарағанда, шағымға наурыз бен сәуір айларында Youtube арнасында шыққан екі видео түрткі болған. Онда "Шымкентте наурыз тойына бөлінді делінген 565 миллион теңгенің дауы" жөнінде айтылады.
Шағым беруші видеодағы төрт сөйлем (атап айтқанда, "мемлекет тарапынан бөлінген 565 млн теңгені жоқ қылды", "жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық", "жемқор" т.б ) Майғазиевті ауыр қылмыс жасады деп айыптап, "намысына тиеді" деп санайды. Шағым беруші соттан Дүйсебаеваны жоғарыда көрсетілген бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі видеоны өшіруді және әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды міндеттеуін сұраған.
14 шілде күнгі баспасөз жиынында Аружан Дүйсебаева өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді.
– Егер Майғазиевтің шынымен ары таза болса, жемқорлыққа қатысым жоқ десе, неге халықтың алдына шығып, өзінің ұстанымын айтпайды? Мына қаржы мынаған кетті, мынаған жұмсалды деп неге түсіндірмейді. Ол неге egov сайтындағы құжаттарды жоққа шығарады? Журналистер, зерттеушілер барлығы нақты фактімен көрсетті емес пе, – деді ол.
Сәкен Майғазиевтің адвокаты Айжан Нұрлықұлова 14 шілдеде Азаттық тілшісіне "қазір комментарий бере алмаймын. Істің мән жайы сот барысында анықталады" деп қысқа қайырды. Ал Майғазиевтің өзінің Қазақстанда еместігі хабарланды.
Осыған дейін "Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға бюджеттен 565 млн теңге бөлінгені" жайлы ақпарат тарап, қоғамда дау туғызған. Шымкент қаласының әкімдігі ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қалалық мәдениет үйінің жетекшісі Сәкен Майғазиев "Наурыз шараларына ары кеткенде 180 миллион теңгенің ары жақ, бері жағындағы ақша жұмсалды. 565 миллион теңге емес" деп мәлімдеген. Ол "тексеру жұмыстары жүргізіліп, олқылық табылмады" деп айтқан.
Дегенмен мемлекеттік сатып алу сайты дерегіне қарағанда, наурыз мерекесіне орай деген атауы бар келісім-шарт сомалары 180 млн теңгеден анағұрлым көп.