Тоқаев Цойды орнынан алып тастауы мүмкін екенін ескертті
2021 ж. 02 сәуір
2573
0
1 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Президенттің сөзінше, жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес.
- Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда, - деді ол.
Мемлекет басшысы халықты екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
- Азаматтарымызды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырамын. Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты. Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын, деді Президент.
Сосын Президент Цойға тікелей сөйледі:
Үкіметтің вакцина жеткілікті көлемде қамтамасыз етіледі деген уәдесінен кейін мен 1 ақпаннан бастап жаппай вакциналауды жарияладым. Екі айдан кейін халықтың 0,2% пайызына да жетпейтін бөлігі екпе алды. Алексей Владимирович, мен сізге бұған дейін дәл қазіргі кезеңде денсаулық сақтау министрі – үкіметтегі шешуші фигура екенін, сізде ерекше өкілеттіліктер бар екенін айттым. Жұмысты жақсы бастап едіңіз, кейін баяулап қалдыңыз, деді мемлекет басшысы.