"Ақ жолды" үгіттеушілер ұсталғаны рас па? Перуашев ІІМ-ге сауал жолдады
2020 ж. 28 желтоқсан
2722
0
Азат Перуашев Ішкі істер министріне "Ақ жол" Демпартиясы үшін үгіттеп жүрген азаматтардың ұсталулары жайлы хабарларға байланысты сауал жолдады. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Е.З. Тұрғымбаевқа
Құрметті Ерлан Заманбекұлы!
Маған, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы ретінде "Ақ жол" демократиялық партиясына дауыс беруге үгіттеп жүрген азаматтарды жеке саяси көзқарастары мен сенімдері үшін ұстау, олардан үгіт-насихат материалдарын тартып алып қою, сондай-ақ оларды жауапкершілікке тарту фактілері бойынша арыздар келіп түсуде.
Осы ақпарат расталған жағдайда аталған азаматтарға нақты қандай заң бұзушылықтар бойынша айып тағылып отырғанын, нақты қандай заңның нормаларын бұзғанын және бұл құқық бұзушылықтың нақты неден тұратынын хабарлауыңызды сұраймын.
"Ақ жол" демократиялық партиясының қазіргі уақытта жүріп жатқан сайлау науқанының толыққанды қатысушысы екенін, біздің партиямыздың атынан кандидаттар сайлау комиссияларында ресми тіркелгенін және заңды негізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысып жатқанын ескеруді сұраймын.
"Қазақстан Республикасының Сайлау туралы" Конституциялық заңының 31 бабына сәйкес саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде заңда көрсетілгендей сенімді өкілдерін тарта алады.
"Ақ жол" демократиялық партиясы орталықта және жергілікті жерлерде үгіт-насихат құралдарын шығару және тарату кезінде олардың қандай сайлау қорының қаржысынан төленгенін, материалдарды шығарған мекеме туралы деректерді, қайда басып шығарылғанын және тиражын көрсете отырып, заң талаптарын қатаң сақтап келеді.
Осыған байланысты, ұсталғандарда "Ақ жол" демократиялық партиясы кандидаттарының сенімді өкілдері екендігін растайтын куәліктері, заң талаптары сақталған үгіт- насихат өнімдері болса аталған азаматтардың заңдық құқықтарын қамтамасыз етуді талап етеміз.
Бұдан басқа, аталған Заңның 28 бабына сәйкес, Республиканың кез-келген азаматы мен қоғамдық бірлестіктері кандидаттар мен саяси партияларға қарсы немесе жақтап үгіт-насихат жұмыстарын кедергісіз жүргізу құқына ие екенін айтуға тиіспіз.
Құрметпен,
Партия төрағасы А.Перуашев
"Ақ жол" партиясының сайлау қоры қаражатынан төленді