Мемлекеттік тілді меңгеретін уақыт келді - Азат Перуашев
2020 ж. 05 желтоқсан
3402
2
«Ақ жол» - 18 жылдан бері саяси сахнада сәтті жұмыс істеп келе жатқан, әбден қалыптасқан партия.
Бұл туралы Азат Перуашев "Время" газетіне берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
- Естеріңізге сала кетейін, 2004, 2012 және 2016 жылдары партиялық тізім бойынша үш рет Мәжіліске өткен, билік партиясын санамағанда, жалғыз партия - «Ақ жол». ЖСДП мен "Бірлік" мұндай жетістікке жете алмады. ЖСДП біреулердің үгіт-үндеуінен емес, өздерінің идеологиялық-ұйымдастырушылық қабілеттерінің жеткіліксіздігінен сайлауға қатыспады деп ойлаймын. "Ақ жолдың" жүйесі дамыған, өңірлердегі өкілдері де танымал адамдар. Біздің нақты ұстанымдарымыз бар, - деді депутат.
Оның сөзінше, қыркүйек айының өзінде ғана партияға 11 мың адам партияға мүше болған. Әсіресе, жастар арасында "Ақ жолға" мүше болуға қызығатындар қатары күн санап артуда.
- Қазақта "Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады" деген қанатты сөз бар. Біздің мүшелікке адам қабылдамауымызға Әбіләзовтың түк қатысы жоқ. Тіпті, ЖСДП мәліметі бойынша, Әбіләзовтың үндеуінен кейін оларға небары 78 адам ғана қосылған екен. Сондықтан, мұндай үндеулерге көңіл бөлудің де қажеті жоқ деп санаймын, - деді "Ақ жол" төрағасы.
Сондай-ақ, Перуашев "партия бюджеттік қаржыға қатысты есеп бермей жүр" деген қауесеттерге де жауап берді.
- "Ақ жол" жыл сайын қаржыны игеру бойынша есеп жасап отырады. Ревизиялық комиссияның есебі "Қазақ үні" газетінде жарияланып тұрады. Бақылауға тәуелсіз аудиторлар шақырылады, сонымен бірге, қаржылық қызметімізді Есеп комитеті де тексереді. "Хайп" жасағысы келген біреу орыстілді БАҚ-та жалған осындай ақпаратты таратқан секілді. Мемлекеттік тілді меңгеретін уақыт келді, - деді ол.
Қазақ үні