ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАЙТЫН ПАРТИЯ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ ҚАРСЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙ МА?
2020 ж. 04 желтоқсан
2869
0
Нағыз оппозиция Ұлтқа қарсы партия емес, – Ұлтшыл партия болады!
Белгілі бір партиялар мүдделері бір болса, саясат майданында тізе қосып, бір мақсатта күресіп жүрсе ғана бірігеді.
Ал тіркелмеген ҚДТ партиясының, басшысы Аблязовтан бастап ҚДТ деп қазақша жазып көрмеген партия мүшелеріне ДВК деп түсіндіруге тура келетін шығар, парламент сайлауында «Ақ жолға» мүшелікке кіріп, дауыс беруге шақырғанына ол партияға қатысымыз болмаса да, рахмет айтамыз. Ол бұл «тапсырмасын» «Ақ жол»-еліміз бойынша барлық жерде филиалдары бар, инфраструктурасы қалыптасқан партия. Мүше болу үшін өтінішімізді алып, қуыс-қуыстан іздеп жүрмейміз» деп түсіндіріп, партияны бағалап жазды.
Өзін «ең көрнекті де, көреген саясаткер, нағыз #1 оппозиционер» санайтын Мухтар Аблязов қазір сайлаушылардың көбісінің ол шақырмаса да, «Ақ жолға» дауыс беруге ынталы екенін жақсы біліп отырғаны анық. Ертең сайлау ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың айтқанындай ашық та, әділ өтетін болса, «Ақ жол» жақсы дауыс алып жатса, «Менің шақыруымнан соң дауыс жинап алды, содан соң партия қатары көбейді» дегенге әдемі келіп тұр емес пе?.. Саясаткерлікке салып сарнап жүргені бәлкім, осы шығар…
Ал шын мәнінде жағдай қандай?
Аблязов мұның алдында елдің бәрін ЖСДП партиясына кіруге шақырды. Бірақ ЖСДП партиясы сайлауға қатыспайтындықтарын таяуда мәлімдеді. Сол-ақ екен, оларды «биліктің партиясы, өтірік оппозиция атын жамылып жүр» деп айыптаған Аблязовтың аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Ал ЖСДП партиясы төрағасы Асхат Рахымжанов: «Аблязов ЖСДП партиясына кіруге шақырған бір айда бізге бар болғаны 79 адам ғана кірді» деп, өздеріне тиіп жатса да, шындықты жайып салды. Ал ол 79-дың бәрі, кемінде жартысы аблязовшылдар емес, өз еркімен партияға кіргендер болуы да мүмкін ғой…
Бәлкім, бұл бір айдағы Аблязовтың шақыруына қосылған 79 адам (жартысы) шын мәніндегі аблязовшылдардың шын саны шығар… Оны Аблязов шақырған митингіге жиналғандардың санының өте аздығынан да байқауға болады. Атасының атын қазақша жаза алмаса да, аттан салып отырғандар тек әлеуметтік желілердегі санаулы блогерлер мен басым бөлігі Ресей тілінде жазатын фейктердің қорасы ғана емес пе?..
Аблязов айтса, ДВК-шылдар ана партияға, айнып қалса, мына партияға алақайлап шауып бара бере ме сонда! Алашшыл «Ақ жолға» «аттану» нәтиже бермеді, енді қызыл коммунистерге құдалыққа бара ма? «Малиновкадағы той» деген кинодағыдай, ақтар келсе ақ қалпағын, қызылдар келсе, қызыл қалпағын қойнынан суырып алып кие қоятын мұжықтар секілді құбылмалы тірлік емес пе бұл? Саяси ұйымның нақты өз ұстанымы болмай ма? Аблязов бұл тірлігімен өз жақтастарына кір келтіріп отырған жоқ па?
Айтпақшы, Фейсбукте Аблязовтың постының немесе аблязовшылардың постарының астына «Неге Қазақ тілінде сөйлемейсіңдер?» деп жаза қалған қарапайым қазаққа, (мысалы, мен де жазғанмын) бұлар бар жұмысын ұмытып кетіп, барлығы жабыла кетеді. Ойпырмай-ай, ең болмаса басшылары Аблязов та Қазақ тілін – Ұлт мүддесін талап еткен патриоттарды, олардың балағына жармасып жатқан қаптаған кәндендерінен қорғап: «Иә, Мемлекеттік тілде сөйлеу керек деген талабыңыз дұрыс»-деп бір ауыз айтпайды-ау, шіркін. Содан-ақ бұлардың пиғылы -«Қазаққа болсын» деген ұлттық мүдде емес екені анық.
Негізі, қолдаушылары айтатындай «гений» Аблязовтың ана тілін білуге миы жетпеген сауатсыздығына біздің өздерінің де көбісі мемлекеттік тілді білмейтін билік қуануы керек!.. Әйтпесе, Мемлекеттік тілді міндеттеуді ұран етіп, Ұлттық мүддені қорғаушылар артынан қазір кемінде 70 пайыз ел еретіні анық!
Бұның алдында, Аблязов «Ақ жолды» қолдауға шақырмай тұрып-ақ, белгілі қоғам қайраткері, сепаратизмге қарсы шығып, ұлттық мүддені қорғағаны үшін тергеуде жүрген ұлтшыл азамат Марғұлан Боранбайды «Ақ жолға» қабылдағанда, біз де, Алматыдағы бір топ ұлт зиялыларымен бірге партияға кіруге ниет еткенде партия басшылары кейінге қалдырған еді. Ал енді бүгін баспасөзден «Ақ жолға» қабылданушылар биылғы қыркүйек айында 11 мың, қазан айында 12 мың, қараша айында 15 мыңнан асқанын оқып, партия қатары Аблязовтың «қолдауынсыз-ақ» жеткілікті екеніне көз жеткіздік.
Мухтар Аблязов (оның төлқұжаты осылай Ресей тілінде, Кеңес үкіметі кезіндегі отарлаушылар бекіткен нұсқамен жазылғаны анық! Ол ешуақытта Мұқтар Әбіләз бола алмайды, ол ойында да жоқ) Мемлекеттік тілді ешқашан қолдамайды, сондықтан ұлттық мүддені қорғап жүрген "Ақ жол" партиясының оларды қатарына қабылдай қоюы саяси ұстанымдар қайшылығына барып тірелетіні де анық.
Қазақшалап, ашығын айтқанда, "Ақ жол" мен Аблязовтың үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой...
Мемлекеттік тілді айтсаңыз шошып кететін Аблязов екі рет, 2011-інші жылы және 2019-ыншы жылы да Қазақ тіліне қарсы шығып, ашық жазды.
Бұл туралы кезінде белгілі ақын, мемлекеттіктіл мүддесін көтеріп жүрген «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса 2011 жылы, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен әйгілі 138-дің Ашық хатын қолдап, ақиық ақын Мұқтар Шаханов бастап, 5 мыңдай адам жиналған Алматыдағы митингіде де қатты айтты. «Қазақ үні» газетіндегі: «ӘБЛЯЗОВ НЕГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ БИЛІКПЕН АУЫЗ ЖАЛАСТЫ?..» атты сын мақаласында да өткір жазды.
«Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» дегендей, біз қазақ тіліне қарсы билік пен іштегі кейбір оппозиция өкілдерін сынап жатқанда, сырттағы Әблязов та қазақ тіліне қарсы Ертісбаевтың ертегісіне қосылып, теріс пиғылын жасыра алмай қалды… Елдің көзін жеткізу үшін Әблязовтың мемлекеттік тілдің дамуына қарсы үндеуін сөзбе-сөз келтірейік: «Сіздердің орыс тілінің мәртебесін жою арқылы қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде қолдау көрсету туралы талаптарыңыз – ұлтаралық қатынастардың ушығуына, елден орыстілді азаматтардың кетуіне, біздің еліміздің шетелдегі беделінің түсуіне әкелетін қадам,»-деп, тура Ертісбаев аузына түкіріп қойғандай, биліктің 20 жылдан бері айтып келе жатқан жаттанды жарамазанын соғады. Әжептәуір саясаткер деп жүрген Әблязовтың сөздері бір-біріне кереғар. Біз мемлекеттік тілді білмей, ұлттық мүддемізді талап етпей жүре берсек, шетел алдындағы беделіміз керемет болады екен де, ал Конституциялық заңды талабымызды – қазақ тілінің қарыштауын қаласақ, шетел алдындағы абыройымыз аяқ асты бола қалады екен… Бұл қандай мазақ?! Қазақ елін қазақ тілін қажетке жаратқаны үшін сыйламайтын шетелдіктердің құрғақ құрметі кімге керек?!»-деген болатын ол.
Бұл – Аблязовтар бастаған баяғы кілең ана тіліне миы жетпейтін, бірақ, халық қазынасын қарпып, миллионерлер болып шыға келген «жас түріктердің»: «Орыс тілін де мемлекеттік тіл етейік»-деп бір шыққан, «Төлқұжатқа «қазақ» деп жазылмасын, құжаттағы «ұлты» деген графаны алып тастайық» -деп екі шыққан үндеулерінен кейінгі кезекті Ұлт мүддесіне қарсы шығуы!
Бұлары аз болғандай, былтыр ғана, 2019 жылы көктемде құс келгенде ауруы қозған Аблязов тағы да қазақ тіліне қарсы шықты… Сонда он жылдай уақыт өтсе де, оның Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ауа райынан мақұрым екендігіне көз жеткізіп, таң қалдым. «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп биыл 2020 жылы сәуір айында, бір айда ғана 125 мың адам қол қойғанын біле ме екен ол. Бұл әрине, ДВК көсемі шақырғанда бір айдағы жиналған бар болғаны 79 адаммен салыстырғанда қиялы болмаса, қолы жетпес аспандағы қыруар сан екенін математик Аблязов жақсы білсе керек…
Биліктегі кейбір кертартпа нигилистердей үнемі елдің алдымен қарсы шыға келетіндей, Қазақ тілі – Мемлекеттік тіл – жаудың тілі ме сонда Аблязов мырза?!. Нағыз оппозиция -Ұлтқа қарсы партия емес, Ұлтшыл партия болады!
Аблязовшыларға айтарымыз : тек Қазақ тілін Мемлекеттік және ресми тіл де, ұлтаралық қатынас тілі де ету туралы заң қабылдауды мақсат етіп, бағдарламаларыңа енгізсеңдер, содан соң «Ақ жол» партиясы сендерді қабылдау мәселесін қарайтын шығар…
Егер ұлттық мүддені қорғаған мұндай талаптан шошып кетіп, бұны өмірі қабылдай алмасаңдар , өзгелерден емес, өздеріңнен көріңдер…
Махамбет Ерғали,
Дереккөз: gu-gu.kz