БІЛІМ мәселесін шешу үшін НЕШЕ РЕТ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН ӨТКІЗУ КЕРЕК, Байтоқ мырза?
2020 ж. 14 қыркүйек
2495
3
Өзін елдегі ең танымал блогер санап жүрген Ғалым Байтоқ туралы естіген боларсыздар? Әрине, орыстілді оқырмандар арасын айтып отырған болар?!. Әйтпесе, қазақтілді ортада «Байтоқ» десе, «Қай тоқты айтып тұрсың, атын естісем құлағым керең болсын», дейтіні анық. Қарапайым ел түгілі оны бір кезде өзі болған «Ақ жол» партиясындағылардан да, басшылық болмаса, басқалары біле қоймайды…
Осы блогер енді, депутат болғысы кеп, "Нұротанның" праймеризіне қатысып жатыр екен.
Сайлау әлі басталмаса да, сайлау алды саяси интригалар басталып кеткен секілді. Бір кездері «Ақ жолдың» сапында жүрген блогер, қазір өзін «Нұр Отанның» «Қарулы қолы» санайды. Ия, оның праймеризге түсіп жатқандағы бағдарламасының атауы «Қарулы қол» екен. Бағдарламасының атауы оқырмандарға өтпей қалса керек, «Бізге қарулы қол емес, ақылды бас керек» деп пікір жазып жатқандар да аз емес. Бас керек екенін басы барлар ғана біледі ғой бірақ…
Жақында ҚР Парламентіндегі «Ақ жол» фракциясының депутат Дания Еспаева Білім және ғылым министрлігіне 2016-2017 жылы (министр Сағадиевтің кезі) бөлінген миллиардтардың есебін сұрап, депутаттық сауал жасағанын «Қазақ үні» ақпарат агенттігі жазған болатын. Онда 2016 жылы министрлікке бөлінген 33 млрд теңгенің және 67 миллион доллардың есебі сұралған.
Бұл туралы өзінің «ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫН СҰРАҒАНЫ ҮШІН «АҚ ЖОЛҒА» АЛҒЫС АЙТУ КЕРЕК!» атты мақаласында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса да жақсы айтты.
«Білім министрлігіне бөлінген миллиардтардың жауабын кім беру керек? Сіз бен біз бе, жоқ Білім министрі ме?
Ал қандай алапат ақша, қыруар қаржы екенін қарайық? Сіз бен біздің балаларымыздың оқуына деп, 2016 жылы республикалық бюджеттен 32,9 миллиард теңге:
-6152 мектепке 26317 мултимедиалық жабдықтар сатып алуға -12 млрд теңге;
-7160 мектепке жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге -16,5 млрд теңге;
-7160 мектепке цифрлық білім беру ресурстарына қосу үшін -4,4 млрд теңге бөлінген!» – деп жазған еді.
Өзін коррупцияға қарсы блогер ретінде көрсететін Байтоқтың бұл депутаттық сауалға неге қарсы шыққаны біреуге түсініксіз, біреуге түсінікті. ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі арнайы мониторингтік тобының мүшесі болып отырған блогер білімге бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалғанын сұрағаны үшін депутат Еспаеваға «қарғыс» айтудың орнына, алғыс айтуы керек емес пе қайта?
Фейсбукте жариялаған жазбасының «бісмілләсі» «Біз праймеризде соғысып жатқанда» деп басталатын Ғалым Байтоқ «Ақ жол» Білім министрлігін Президенттік сайлау кезінде неге сынамады?» деген сұрақ қояды.
«Боты и фейки плохо, но надо отдать должное якобы проправительственным и нур ботам, они предельно вежливы» деп, «Нұр боттардың» пікіріне сүйсініп жүретін Байтоқтың осындай шалағай сынына жауап беруді жөн көрдік.
Бірақ, мәселені шешу үшін сайлау емес, заң керек екені, ол заңның дұрыс орындалуы үшін парламентте осылай депутаттық сауалдар жолдануы керектігіне блогердің сауаты жетпегеніне жаның ашиды… Әйтпесе, Байтоқтың пәлсапасына салсақ, еліміздегі білім мәселесін шешу үшін неше рет Президенттік сайлау өткізу керек екенін ойлаудың өзі күлкілі ғой.
Блогердің тағы бір қателігі, «Ақ жол» партиясының Білім министрлігін тек қазір, кейбіреулер айтып жүргендей, «сайлау қарсаңында» емес, 2012 жылдан бері қатаң сынға алып келе жатқаны туралы хабарсыздығы. Бәлкім, біле тұра, ол туралы жазғысы келмеген шығар?
Мейлі, ғой, әркімнің өз пікірі өзіне…
Тек, әлеуметтік желі саясат алаңы емес екенін еске саламыз.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні