Бірлесіп жасаған жұмыстың берекесі болады - Мұрат Бақтиярұлы
2020 ж. 19 тамыз
2584
0
БАҚ беттерінде Қызылорда облысы және Қызылорда қаласы әкімдерінің арасындағы араздықты өршітуге бағытталған материалдар тарауда. Бұл арнайы қолдан ұйымдастырған, ақшаға жалданғыш “мысықтілеулес пенделердің” жұмыстары деп білемін. Қала әкімі Н. Нәлібаевті танып білгеніме жиырма жылдай уақыт болыпты. Әсіресе Шиелі ауданының әкімі қызметінде жүргенде отыздағы әкім өзін іскерлік, адами жағынан көрсете білді. Біз қызмет барысында, ол кезде облыс әкімінің орынбасары лауызымында едім, жиі араластық. Шиелі менің туған жерім. Нұрлыбек Шиелінің дамуына тың, жаңа серпін берді деп толық айта аламын. Оны Шиелінің халқы да айтып жүр. Енді Қызылорда қаласын қараңыздаршы. Бұрын және қазір. Аспан мен жердей. Қызмет бабында көп қалаларда болуға тура келеді. Салыстырмалы түрде алсақ Қызылорда - тазалығы жағынан көп қалалардан алда тұр. Бұл әрине қала тұрғындарының мәдениеті және қала әкімдігінің тынымсыз жұмысы емес пе. Есімде осыдан бес ай бұрын болар, Нұрлыбек Мәшбекұлы маған “ аға қала басшылығында ұзақ отырып қалдым, жұмыс ауыстырғым келеді, өтіп жатсам Парламентте азын-аулақ жинаған тәжірибемді заң шығару саласында қолдансам ба “ деген еді. Мен де оның ойын құптап, бір орында ұзақ отырып қалсаң, өзіңді де, өзгені де жалықтырып жібересің деп әзілдеген болатынмын.Сол ортада облыс басшылығы ауысты. Жаңа әкім Гүлшара Әбдіхалықова іскер қала басшысына “ жұмысыңызға қанықпын, сіз маған керексіз бірге қызмет жасайық” деп нақты ұсыныс айтқасын осы қызметте қалып жұмыс жасап жатыр. Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы қызметтің барлық сатысынан өткен қайраткер, ұсақ - түйек өсек - аяңға мән бермейтінін жақсы білемін. “Ит үре бергенмен, керуен көше береді” деген аталы сөз бар. Бірлесіп, түсінісіп, ақылдасып жасаған жұмыстың берекесі болады. Онсыз да облысымыздың әлеуметтік-әкономикалық жағдайында қордаланған проблемалар жеткілікті. Оны шешу үшін ат үстінде жүрген азаматтардың ынтымағы мен адалдығы керек. Қазір ой, білім, жұмыс қуатындар емес бос сөз, күншілдік пен қызғаныш қуатындар көбейіп тұр. Үйінде жатып , саясаттың не екенін білмесе де саясат соғатындар мен ойдан өсек таратып азаматтарымызды бір- біріне айдап салушылар көбейіп тұр. Ары таза, қызметін адал атқарып жатқан қызметкерлеріміз болса да , атын атамай, түсін түстемей ақ барлық алыстағы ауылдағы қарапайым мемлекеттік қызметшіден бастап, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары ұрылар мен қарылар деп қаралап жатқандар да одан да көп. Қайтеміз, қаралап, өсек таратып жатқандар да біздің бауырларымыз. Мұнан да өтеміз . Еліміз, қиындықты басынан өткізіп жатқан алтын халқымыз аман болсын!
Мұрат Бақтиярұлы, Қазақ үні