Праймериз дегеніміз не?
2020 ж. 23 маусым
3067
0
Праймериз дегеніміз не немесе бізде шынайы көппартиялық жүйе неге қалыптаспады?
Осы сауалға Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты, «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры Бейбіт Құлмағамбет жауап берді.
- Праймериз дегеніміз партия ішіндегі білікті азаматтарды іріктеп, депутаттық және басқа да партия жұмысына лайықты орындарға дайындау. Праймериз- демократиялық, көппартиялық жүйесі қалыптасқан Батыс елдерінің тәжірбиесі. Сайлаудан бұрын өтеді. Жеңіске жететін жағдайда құрылатын үкімет мүшелері, муниципалитет мэрлері, парламент және жергілікті депутаттарды іріктеу, дайындаудың алғашқы жұмысы. Бұл кісілерге байланысты мінездеме дайындап, оларға деген партия мүшелерімен жалпы сайлаушылардың көзқарасын анықтау. Елімізде қалыптасқан жалғыз партия негізіне құрылған саяси жүйеміз бізде тек сол партияның ғана праймериз өткізе алатынын көрсетіп отыр. Басқа партиялар материалдық жағынан қаржылай қауқарсыз, мүшелері аз болғандықтан және мемлекет, қоғам жағынан аса қолдау таба алмағандықтан мұндай шара жүргізе алмайтындай шалажансар күйде. Егер партиялардың негізгі мақсаты көпшілік дауыстың арқасында билікке жетіп, өз бағдарламасын іске асыру болса, қазіргі біздегі шағын партиялардың ондайды армандауының өзі қиял қуғанмен тең іс. Биліктегі партия негізін олигархтар, банк иелері, жер латифундистері, зауыттардың, сауда орталықтарының иелері және «дәулетті» шен иелерінен құралған, өз партиясының мықты финанстық жағдайын жасаушылар болса, басқа партиялар,»тоқалдан туғандардың» кебін киген. Қазіргі кезеңде билікті бір саяси партия ғана басқарғандықтан, бір жағы ауыр басқан кемеге ұқсас, бір жағына қисайған. Саяси «противовесі» жоқ, бір үлкен толқында төңкерілуге әзір.
Тепе-теңдік заңын ешкім жоққа шығармауы керек. «Төбенің басында тек біз ғана отырумыз керек»,-деген көзқарас тағы күш алып, Сенат сайлауында іске асырылмақ. Сенат мүшелерін облыс мәслихаттары сайлайды. Ал қазір маслихаттарда басқа партиялардың мүшелері жоқ. Бар болғанның өзінде бірлі-жарым. Кім өтетіні тағы белгілі. Мұны неге асығып іске асырмақ? Неге жаңа мәслихат сайлауларын өткізгеннен кейін Сенат сайлауларын өткізбеске? Жоқ, қазіргі сайлау заңы соған мәжбүрлейді деулері мүмкін. Ондай болса, сайлау заңына қазіргі өтпелі кезеңге байланысты өзгертулер енгізілсін! Алдыңғы саяси бәсекелерде «Ақ Жол», «Ауыл» және басқа партиялар қатысса да орын берілмеген, көптеген заң бұзушылықтарға толы сайлау әділетсіз өткізілгендіктен, нәтижесі тек бір партиялық маслихаттардың құрылуына әкелген. Өтпелі кезеңде өте маңызды, мемлекеттің келешек жағдайы шешіліп, сол бір ғана партия облыстық маслихаттарда сайлау өткізіп, тағы өздерінің тек партиялық Сенатын қалыптастырмақ. Бір нәрсені жақсы ұғу керек, қоғамда билікке реніш көбейген. Монополиялық бір ғана партия үстемдігіне негізделген билік жүйесі енді қоғамның жақсы болашақ құрылар деген үміттеріне жауап бере алмайтын күйде. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары мемлекет құру мақсатында тек бір партиялық жүйе керек болса да, келе-келе іштен іру, кең орын алған жемқорлық, жасанды, тек күшті бір партия мен әлсіз басқа партиялар жүйесінің уақыты өтіп, шынайы оппозициялық партия өкілдері отыру тиіс парламенттің қалыптасу керектігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Жан-жақты ұйымдастырылған, орнықты, өзін – өзі басқаратын демократиялық саяси және мемлекеттік басқару жүйесін жасақтап, көппартиялық және парламенттік басқару жүйесіне көшу қажеттігін уақыттың өзі күн тәртібіне қойып отыр. Дамыған демократиялық мемлекеттерде сайлау алдыменен жергілікті муниципалдық басқару жүйесін, қала басшылары- мэрлерді сайлаудан басталады. Бізде бұл аймақтық бөлінуге, унитарлық жүйеге қауіп әкелуі мүмкін деген сұрақ тууы мүмкін. Орынды күмән.
Мұндайда Түркианың тәжірбиесін пайдалануға болады.Түркиа Жұмхуриеті – Республиканы бөлгісі келетін күштер болғандықтан ол елде облыс басшысын Президент тағайындайды, қала басшылары мэрлер сайлау жолымен келеді. Вали- облыс әкімі қала жұмыстарына кірісуге хаққысы жоқ, тек жол, көпір және басқа да күрделі республикалық жобаларды басқарып, қадағалайды. Беледие башканы-мэр болса бүтін қаланы басқаруда мәслихатқа бағынады, есеп береді. Бұл жүйенің артықшылығы салықтардың үлкен мөлшері қалада қалып, жергілікті мәселелерге жұмсалуы. Орталықтан алақан жайып, ақша күтпейді. Неғұрлым қала азаматтарының іскер болуына, жаңа өндірістер ашуына қала басшысы жағдай жасаса, сонша тұрғындардың жағдайы түзеледі. Есебінде қателесіп, басқара алмаса қайта сайланады. Бұл жерде мэрдың «крышасы» қала халқы, соған қызмет жасап, абырой жинайды. Кейін осындай саяси дәрістен өткен, сайлау арқылы келгендерден үкімет мүшелері, басқа да мемлекет басшылары қалыптасады . Мысалы, Тайып Ердоған Истанбул мэры болып, сайлаудан өтіп, шыныққан саясаткер болып қалыптасты. Сондықтанда биліктегі партия шынайы, заңды негіздегі саяси бәсекелестіктен қорықпай, ашылғысы келетін партияларға рұқсат беруі керек. «Әкімшілік ресурстарды» қолдануды доғарып, қудалау саясатынан бас тартуы уақыт күттірмейтін қажеттілік. Бұл арқылы ішіндегі жеке бас мансабын қуған жемқорлардан құтылып, өзінің саяси имиджин түзей алады. Ашық саяси күреске, шынайы сайлауға әзір болса, әрине . Демократияны дамыту Президентіміздің шынымен алдына қойған мақсаты болса, қазіргі шағын партияларға бюджеттен ақша бөлінуі қажет, заң негізінде, дамыған батыс елдеріндегідей. Саяси жүйені толыққанды көппартиялық, демократиялық жүйеге айналдыра білуіміз үшін. Бұл тек халықтың ғана тілегі емес, биліктегі ел болашағын ойлайтын кісілердің де ойы шығар деген үміттемін.Қандайда қақтығыс немесе төңкеріс жасалуы халықтың немесе биліктің мүддесіне келмейді. Елдің шыдамдылығы осыны көрсетіп келеді. Бірақ жемқорлық меңдеген жүйеге өзгеріс әкелу ауадай қажет, әйтпесе басында айтқанымдай, бір жағы ғана толы мемлекеттік кемемізді алғашқы үлкен толқын оп-оңай төңкеріп кетуі мүмкін. Бұл үшін темірді бұрай бермей, қыспақты кобейтпей, Президентіміз берген уәделерінде тұрып,саяси реформаларды күшейтуі тиіс. Біз осындай, мемлекетімізді күшейтетін, қазақ еліміздің дамуына бағытталған тың саяси өзгерістер күтеміз.