"Қайтадан оқы": Нығматулин Экология министрін сынап тастады
2020 ж. 11 маусым
1256
0
Экологиялық мониторингті дамытуға екі миллиард теңге бөлінгенімен, мәселе әлі қаз-қалпында. Керісінше, Экология министрі атмосфералық ауаны бақылайтын орындардың санын қысқартып, индикаторларды азайтқан. Ауаның жағдайын айтудың орнына министр Мырзағалиев өзен-көлдерді тазарту жұмыстарына тоқталып, мәжілісмендерді бүгін әбден шатастырды.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.- Екі миллиард теңгеге қатысты айтар болсам, қаражат екі бағыт бойынша жұмсалды: біріншісі «Қазгидрометтің» шығыны көбейді, сондықтан біз бағалар тізімін өзгерттік. Екіншіден, біз гидротехникалық құрылыстардағы мониторинг көлемін арттырдық, - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Министрлік трансшекаралық өзендер бойынша зерттеулер санын 300-ден 921-ге дейін жеткізген. Мырзағалиев тағы ақша бөлінсе, жұмыстар жақсарады деп отыр. Алайда депутаттардың министрден сұрағаны бұл мәселе емес еді.
Тіпті Мәжіліс спикері ашуға булығып, ресми орган басшысының түсініксіз жауабына ұрысты. Министрлік бюджет қаржысын толықтай пайдаланса да, әр қыста Теміртауда қара қар жауып, Өскемен мен басқа да қалаларда ауа ластанып жатқанына бақылау жоқ деп шүйлікті Нұрлан Нығматулин. Сол үшін Мырзағалиевке қайтадан оқы деп кеңес берді.
- Не болды? Ақшаны оңды-солды шашсыңдар, ал, елде ауаның ластану мәселесі әлі бар. Экология министрі бұл мәселені жіті қадағаламаса, басқа кім жауапты болуы керек? Мемлекет ақшаны берді, ол болса, өзінің қауқарсыз екенін көрсетті. Бір бағдарламаны басқа жобамен шатастырды. Мағзұм Маратұлы, егер саланы білмесеңіз, қайтадан оқу керек. Үкіметтегі әріптесіңізден көмек сұрап, лекция тыңдаңыз. Сізден мұндай жауап күту – ұят, - Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.