Қазақтың қазанының қаспағы
...«Естімеген – елде көп»...
«Жалдамалы журналист» деген тіркес шығыпты. Орысшасы мүлдем қорқынышты: «Киллер-журналист»! Ілгеріректе: «Жазушы (яғни, «журналист» десеңіз де қателеспейсіз) – адам жанының инженері» дейтін еді. Қалам ұстаған әрбір қазақтың баласы адам жанының мыңқатпарлы иіріміне үңіліп, «инженер» болуға тырысатын...
Сөйтсек, бүгінгі таңда адам жанын зерттейтін инженер емес, адамның жанына жара салатын жалдамалылар дайындалып жатыр екен. Қазіргі журналист – құрастырып-құраушы қаламгер емес, қиратып-құртудың майталманы болып шықпақшы...
Сірә, «Адам жанының инженері» атану үшін – Қазақ ұлттық университетінің «журналистика» факультетін тәмәмдау керек болса, «Адамның жанына жара салатын жалдамалылық» үшін – аудандық университеттер те жетіп қалар?!. Әйтпесе, баспасөзде сөзі сұйық, ойы ұйық, мағынасы жоқ, мәні солғын мақаласымақтар қаптар ма еді...
Қазақ еліндегі мемлекеттік деңгейде ойлап, ұлттық тұрғыда толғанатын мемлекеттік қызметтегі кадрлардың күретамырына «жалдамалылардың» көмегімен балта шабылып, бүгінде жұрт сөзіне сенетін әкім, халық уәжіне құлақ асатын министр қалмай барады...
Соңғы кезеңде «жалдамалылардың» құдайы беріп, жаңа салаға «заказ» алған сыңайлы. «Мұртын мұнаймен майлаған» (Бауыржан Халиолла) салаларды түгендеп-тазартып, тиянақты тәртіп орнатып қойғандай, жалдамалылар ендігі жерде нені бүлдіріп, нені сындырып қойғанын қайдам, ауылға алаңдайтын жалғыз қазақы уәзір Асылжан Мамытбековке «қол салыпты»...
Осыдан бірқыдыру уақыт бұрын Елбасы «мұртын мұнаймен майлаған» салалардағы жас шенеуніктер туралы: «Бұлар өздерінің не үшін отырғандарын да білмейді!» – деп, әділ сын айтып еді. Кім білсін, Американың арсыздығын абайсызда «жұқтырған» шөпжелке біреулер нанотехнологияны – «тезірек министр болумен» шатастырып алды ма екен, әйтеуір, кеңестің қажырлы комсомолы мен талапшыл коммунисінің көзін көріп, темірдей берік тәртіп пен құрыштай бекем тәрбиесін алған ағаларына бөрінің артындай шулап, бас салыпты. Әлде, скотч ішкіш сабаздарды зейнетке шығып, «бейнетке» былқыған өктем көкелері өкірештендіріп, айтақтады ма?!.
Әйтпесе, титтейінен толағайдай топ жарып, қай қызметтің де көркін қыздырған Асылжан Мамытбеков үкіметтің үркердей тобының тобылғысындай бағыт-бағдары мен болжам-толғамы биік, тәлім-тәжірибесі мен білім-білігі мол, кісілігі мен кішілігі кәміл, белді де белсенді мүшесі емес пе?!.
...Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде қаржысы мен қуаты кем саланың ұны мен нанының ақысын өсірмей, ұстап тұру оңай ма?!.
...Құдайдың берген ұшан-теңіз астығын пәрменді көмексіз жалғыз Мамытбеков екі қол, бір күрекпен жинап-теріп, бастыра ала ма?!.
Күнделікті ішіп-жем мен азық-түліктің нарқында қытайдың тау бұзатын арзан бағасы мен орыстың опырып түсетін жоғары сапасына қасқая қарсы тұруға дәрмен жеткізу жеңіл ме?!.
Қайсыбір саланың батпанқұйрық басшылары қазақтың байлығын қытай мен жөйтке, орыс пен үндіске пұлдап, емін-еркін «үрлеп ішіп, шайқап төгіп» жүргенде, ауыз судың қамын күйттеп, Су ресурстары комитетінен 300 млрд теңге үнемдеу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа ма?!.
Қазақтың миллион гектар жері қара қытайға жалға өтіп кетерде, долы дауылға кеуде тосып, қарсы тұруға кімің шыдап бағады?!.
Ауылшаруашылығы уәзірлігі – көлденең шөпті көсеп алмайтын қағазбасты мекеме емес. Халыққа нан тоқсан сайын, жыл сайын емес, күн сайын керек, яғни, ауылшаруашылығының жұмысы бір сәт те кідірістеуді кешірмейді. Егін салып, мал өсіру – қажырлы еңбек, тынымсыз қимыл, толассыз тер төгумен ғана жемісін береді. Бұл салада бос сөз, құр уәдемен құтыла алмайсың. Авраам Линкольннің: «Можно дурачить часть народа все время, можно дурачить весь народ некоторое время, но, нельзя дурачить все время весь народ!» дегені – дәп ауыл шаруасының белшеден батқан бейнетіне бағытталған сияқты...
...Әрине, қазақ қоғамының шешуі күрмеулі мәселелері жетерлік. Бәлки, күрмеудің бір қиын түйіні – құнды кадрлардың қадірінің кетуінің кесірінен мемлекетті тиімді басқара алмауда жатқан шығар...
Сондықтан, шындықты шаранасында тұншықтырып, ақиқатқа қарсы оқ атпай, қазақ үкіметіндегі халықтың әл-ауқаты құлдырауына тосқауыл қоя алатын Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков секілді санаулы да сауатты басқарушылар мен қарымды қаржыгерлердің қадірін білгеніміз абзал.
Сөз жоқ, ер-азаматқа жоғары лауазым да, ауқатты тұрмыс та керек. Әйткенмен, жалпақ жұртымызға «мұртын мұнаймен майлаған» емес, қазақтың қазанының қаспағын қырған қазақтың қара баласының қажырлы еңбегі қымбат саналуы керек.
Құлтас Достан