Премьер экс-елші Әлиевтің кінәсін дәлелдеуді сұрайды
Мальта Парламентінің депутаты, «Жасылдар» партиясының мүшесі Арнольд Кассола Үкімет басшысы Лоуренс Гонзиге Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің адамзатқа қарсы жасаған қылмыстарын, сондай-ақ Мальта елін ақшаны тазалауға пайдаланғаны үшін өкімет қандай шара қолданып жатқаны жайлы сауал жіберді. Лоуренс Гонзи жауап хатында Әлиевтің Еуроодақ азаматшасына үйленгендігі себепті одаққа мүше елдерде емін-еркін жүріп-тұра алатынын, сондай-ақ Әлиевке қарсы айыптауларды тексеру Мальтаның заңдық құқығына кірмейтінін жеткізді. Премьер-министр ел арасында егер де бұрынғы елшіге қатысты қандай да бір дерек болса, полицияға хабарласуын өтінді.
Сонымен қатар, ол: «Жергілікті полиция экс елшінің ақшаны жуып, шайғанын тексеруге тиіс», – деді. Естеріңізге сала кетеміз, бұл қылмыстық істі қозғауға Әкежан Қажыгелдиннің екі оққағарының Әлиев ҰҚК-нің төрағасының орынбасары кезінде, тергеу тұсында өздерін ұрып, соқты, азаптады, деп айып таққаны себеп болып отыр.