Жаман үйді қонағы билейді – Абаев митингілерге шетелдіктерді қатыстыру жайлы
2020 ж. 01 мамыр
1833
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Парламент Сенатында қаралып жатқан бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына қатысты тағы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек «Ашық диалог» бағдарламасында министрге «Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы халықаралық стандарттарға әлі де сай еместігі туралы адам құқығын қорғау ұйымдары сын айтуда. Бұған қатысты не айтар едіңіз?» деген сұрақ қойылды.
«Ең алдымен, адам құқығын қорғау ұйымдарының бәрі де бұл позицияны ұстап отыр деп айта алмас едім. Иә, заң жобасын жүйелі түрде сынап келе жатқандары бар. Кейде солар үшін бәрін бұрынғы қалыпта қалдырып, 1995 жылғы заңмен өмір сүре берген ыңғайлы болар ма еді деген сезім де туындайды. Әйтсе де, заң жобасының прогрессивтілігін саналы түрде шеттеу – меніңше, бұрыс стратегия. Себебі заң дайындау – сауда ісі емес. Біз Үкімет атынан ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздікті, ел аумағының тұтастығын саудаға салып отырған жоқпыз», - деді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде құқық мамандарының кейбірі шетел азаматтарына митингілерге қатысу құқығын беру туралы ұсыныс білдіріп жатқанын еске алды.
«Әлбетте, бәрін түсініп отырмыз. Тіпті халықаралық статуттардың да осыны талап етіп отырғанына хабардармыз. Дегенмен, қазақта «жаман үйді қонағы билейді» деген жақсы сөз бар. Біз әрине, қонағын құдайдай сыйлаған халықпыз. Бірақ, қонақ қойдан жуас болуы керек», - деді ол.
Министр заңды қабылдау мәселесінде қауіптердің бәрін, елдің ерекшелігін, аумақтық жағдайын, халықтың саяси мәдениеті мен құрылымын, этностық құрамы мен дінін, конфессиясын ескеру керектігін айтып өтті.
«Менің ойымша, шетелдіктерге митингке қатысу құқығын беру – әлі ерте. Алайда, осынау жағдайда көңілге кірбіңді басқа жай ұялатады: осы әңгімелердің артында заң жобасына енгізілген өте маңызды жаңашылдықтар көрінбей қалды. Ең бастысы – ескерту тәртібі енгізілді. Бұл прогрес емес пе? Енді митинг өткізу үшін тек ескерту жазсаңыз болғаны. Ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ. Бейбіт жиындарды өткізуде презумпция қағидаты енгізілді. Заңмен тікелей өткізуге тыйым салынған жерден басқа пикеттерді кез келген орында өткізу құқығы берілді. Ескертуді берудің мерзімі қысқартылды. Митингке қатысушылардың саны бойынша шектеулердің бәрі алынып тасталды. Сол себепті заң жобасына жалпы көзқараспен қарап баға берген абзал», - дейді Дәурен Абаев.