Президент Марат Тәжинді "Барыс" орденімен марапаттады
2020 ж. 29 сәуір
1017
0
Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның Чехиядағы төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин 3-дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Елші мемлекеттік қызметтегі, елдер арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтудағы ерекше еңбегі үшін марапатқа ие болды.
Марат Тәжин 1960 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын "экономист" мамандығы бойынша бітірген.
Тәжин - философия ғылымдарының кандидаты (1985). Әлеуметтану ғылымдарының докторы (1988). Лондон университетінің докторанты (1988). Профессор (1993 жылдан). Стамбул университетінің құрметті профессоры (2008 жылдан бастап). Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресей әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетел академигі, Қазақстанның саяси ғылым академиясының академигі және президенті, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының президенті, Түркі тілдес елдердің әлеуметтанушылары одағының президенті.
Әр жылдары Тәжин ҰҚК басшысы (2001 жыл), президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары (2002 жыл), сыртқы істер министрі (2007 жыл), елдің мемлекеттік хатшысы (2013 жыл) болды.
2014 жылдың ақпан айынан бастап елдің Ресейдегі елшісі қызметін атқарды. 2017 жылғы қаңтардан бастап президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды.
2019 жылдың 24 наурызы мен 18 қыркүйегі аралығында Тәжин Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болды. 2019 жылдың қарашасында елдің Чехиядағы елшісі болып тағайындалды.
Ол "Құрмет" (2002), I дәрежелі "Барыс" (2007), II дәрежелі "Барыс" (2016) ордендерімен; алты медальмен марапатталған.
Марат Тәжин - Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері.
Дипломатиялық дәрежесі бар - төтенше және өкілетті елші.