ЫДЫРЫСОВТЫҢ КЕЗЕКТІ ӨТІРІГІ
Қазақ шенеуніктерінің ылғи жалған сөздерін мың мәрте естісек те, әрбір жаңа өтірігінің деңгейі мен дәргейіне таң қалудан жалықпай келеміз...
Әлемдік өркениеттің сандаған ұйымдарына «қазақ топырағында адам құқықтарын көздің қарашығындай сақтаймыз» деп, ант суын ішіп, мүше болған біздің өкімет басым жағдайда сөзінен тайып, баспасөзге алакөздік танытып, адам құқықтарына қырын қарауды әдетке айналдырып алған сыңайлы. Мысалы, 2009 жылдың аяғында ОБСЕ-ге төрағалық етудің табалдырығында қандай қуатты сөздер мен уытты уәделер берілді десеңші... Тіпті, көңіліміз босап, жүрегіміз жібіп кеткен...
Бірақ, осыдан кейін де талай ойранның куәсі болдық. Әсіресе, қазақтың министр дәрежесіндегі шенеуніктері алдап соғар Алдар Көсе мен қырықөтірікті Қожанасыр аталарымызды он орап алды. Бір кезде «Қазақ тілін үйренуге министрлердің миы жетпейтіндігін» мойындап, керек десеңіз, «Қазақ тілінің министрлерге қажет еместігін» «дәлелдеуге» тырысып-баққан қазіргі Сыртқы Істер министрі Ерлан Ыдырысовтың таяздығына біраз жылдар АҚШ-тағы елшілігі қосылып, қазіргі таңда қазақтың қас жауы болып алғанға ұқсайды...
Қазақ тілінде екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын, туған әкесі, қазақ көсемсөзі көрнекті өкілдерінің бірі Әбілфайыз Ыдырысовтың бір кітабы түгілі, бір сөйлемін оқымайтын, шұбар тілді меңгерген, іштен шыққан «шұбар жылан» Ерлан американ саясатшылары секілді оқта-текте «еркін ой, ашық сөзін» сездіруге ұмтылатын әдет тауыпты.
АҚШ Конгресінің Thehill.com. сайтында Ыдырысов ыңырана отырып, «өтірікті – шындай, шынды – Құдай ұрғандай» етіп: «ОБСЕ-ге төрағалық етіп, шексіз тәжірибе жинақтаған Қазақстан қазір БҰҰ-ның Адам құқықтарын қорғау Кеңесіне толыққанды мүше болуға сақадай сай» деп соғыпты...
Өтірікшінің өруінше, «Қазақстандағы адам құқықтары Орта Азияның өзге елдеріне қарағанда, анағұрлым жоғары дәрежеде қорғалған. Былтырғы Жаңаөзен оқиғасының өзіне шұғыл назар аударып, жылдам іс-шаралар қолданған Қазақ билігі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған арандатушыларды тауып, ашық та әділ сот өткізу арқылы, жазаға тартты. Оның үстіне, Жаңаөзен қаласы мен басқа да кішігірім қалалардың әлеуметтік жағдайларын өсіріп, өркендету үшін ірі көлемдегі инвестициялар бөлінді»...
Қазақтың нанын жеп, тілін менсінбейтін Ерлан Ыдырысов ендігі жерде «Қазақстан әлемдегі демократиясы қарыштап дамып, адам құқықтарына көбелек қонбайтын өркениетті, мамыражай елдердің қатарына қосылуға тиіс» деп тұжырымдайды...
Әрине, адам құқығын қорғау – адамзат жаралғалы бері күрмеуі қиын, шиеленісті мәселе болып келеді. Демократия да бір күнде басымызға орнай қалатын бақ емес. Бірақ, адамның құқын қорғайтын алғашқы қадам – шенеуніктің шындықты айтуы болса керек.
Баяғыда бір данышпан «Бір рет өтірік айтқан адамға сенуге болмайды» деген екен. Ал, өтірікті – өмірінің өзегіне айналдырған адамдарға ше?!.
Құлтас ДОСТАН