«Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалына жауап
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына
ҚҰРМЕТТІ ДЕПУТАТТАР!
Сіздердің «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының 95-жылдығын атап өту туралы депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.
Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап тарихымыздың беттерінен айрықша орын алатын «Алаш» қозғалысын, Алаш идеясын насихаттау, дәріптеу және халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында елеулі істер атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен 2008 жылы республика деңгейінде Алаш қозғалысының 90 жылдығы атап өтілді және оның аясында көптеген танымдық, тағылымдық іс-шаралар атқарылды.
Атап айтқанда, Алаш қозғалысына арналған тақырыптық деректі фильм түсірілді, облыстық театрларда қойылымдар көрсетілді, «Алаш мұрасы» көркем әдебиеттер сериясы мен «Алаш» энциклопедиясы баспадан шығарылды, жоғарғы оқу орындарында «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференциялар мен поэзия, проза, әуен және бейнелеу өнері номинациялары бойынша шығармашылық конкурстар өткізілді, тарихы «Алаш» қозғалысы өкілдерінің өмірі және қызметімен байланысты қалалар мен елді мекендерде мемориалдық тақтайшалар орнатылды, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.
Ал, 2010 жылдың қараша айында Орынбор қаласында «Алаш» қайраткері
А.Байтұрсыновтың тұрған үйіне және 1917 жылы жалпықазақ съездері өткен ғимаратқа ескерткіш тақталар орнатылса, 2011 жылы тамыз айында Мәскеу қаласының Покровский бульварындағы Т.Рысқұлов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.
Еліміздің республикалық және облыстық мұражайларында халық назарына Алаш қозғалысының тарихын көрсететін тұрақты тақырыптық экспозициялар ұсынылған және жыл сайын тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып отырады. Сонымен бірге, Алаш қозғалысының қайраткерлеріне арналған Семей қаласында «Алаш арыстары» – Мұхтар Әуезов», Алматы қаласында А.Байтұрсыновтың, Солтүстік Қазақстан облысында М.Жұмабаевтың мұражай-үйлері қызмет атқарады.
Көптеген ономастикалық объектілерге Алаш қайраткерлерінің есімі берілді.
Алаш қозғалысының мұрасын дәріптеу білім беру саласында да жүргізілуде. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында «Алаштану» таңдау курсының оқу бағдарламалары әзірленуде, білім беру ұйымдарының бағдарламалары кеңестік дәуірдегі «ақтаңдақтардан» тазартылып, қоғамдық-цикл пәндері Алаш қозғалысының қызметі, қайраткерлерінің өмірі туралы материалдармен, олардың әдеби туындыларымен толықтырылды.
Атап айтқанда, «Қазақстан тарихы» пәнінің оқу бағдарламаларына Алаш қозғалысы, оның тарихы, мақсат-мүддесі, көшбасшылары, қайраткерлері және көсемдері жөнінде оқу материалдары енгізілген. «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларында Алаш арыстары А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбергенұлының, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, С.Торайғыровтың халықтың ой-санасын оятуға, азаттық идеяларын, адамгершілік ұстанымдарын насихаттауға бағытталған ағартушылық сипаттағы көркем шығармалары кеңінен қамтылған.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2006 жылдан бері «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы қызмет атқарады.
Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Кұдайбердіұлы сияқты көптеген арыстарымыздың еңбектері жарық көрді. Тұңғыш рет М.Шоқай туралы фильм түсіріліп, басқа елдерге тарап жатыр.
Ал, Алашорда автономиясының орталығы – Семей қаласында Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнату үшін оның таңдаулы жобасына бірнеше рет байқау өткізіліп, нәтижесінде үздік жоба іріктелді. Бұл ескерткішті Алаш қозғалысының 100-жылдық мерейтойы қарсаңында орнату жоспарланып отыр. Бұдан басқа да тағылымды, танымды игі шаралар жалғасын табатын болады.
Ел тәуелсіздігінің бастауында тұрған «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының мерейтойлық атаулы күндерін салмақты әрі сапалы дайындықпен жоспарлап, заңнамалық белгіленген тәртіпке сәйкес республикалық деңгейде 100-жылдығын өткізгенді мақсатқа сай деп ойлаймыз.
С.Ахметов
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.