ЭКСПО-2017: БІЗ ӘЛЕМГЕ НЕ ҰСЫНАМЫЗ?

  ЭКСПО-2017: БІЗ ӘЛЕМГЕ НЕ ҰСЫНАМЫЗ? АЛ БЕС ЖЫЛДА АСТАНА ҚАЗАҚЫ КЕЛБЕТ ҚАБЫЛДАП ҮЛГЕРЕ МЕ? Өткен апта біздің елімізге зор қуаныш сыйлады – Астана бір жылдан астам уақыт­қа созылған бәйгеде әлемнің көп­те­ген үміткер қалаларын артқа тастап, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болды. Қуаныш болатын себебі – бұл көрменің өнеркәсіп саласында алатын ор­ны спорттағы олимпиада мен футболдан әлем чемпионаты екеуін қосқандағымен парапар. Ал, ондай аса биік мәртебелі жиынды халықаралық мекемелер кез кел­ген қаланың қанжығасына байлап жібере салмайтыны белгілі. Бұл көрме бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттер аума­ғында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ресей Фе­дерациясының өзі ЭКСПО-2020-ны Екатеринбургта өткізуден дәмелі. Екінші жағынан, көңілді күдік кернеп, Абай атамыз айтпақшы, қуанайын десек те қуана алмай, отырған жайымыз бар. Неге? Біріншіден, біз осы қашанғы шынайы жұмыс жасаудың орнына, көзбояушы­лықпен айналыса береміз? Егер ІІ-Ека­те­ринаның фавориті, қазақша айт­қан­да кө­ңілдесі генерал Потемкин пат­шайым жү­ретін жолдың бойындағы дерев­няларды ғана әрлеп-әспеттеп, сол үшін ол қыс­тақ­тар «Потемкин деревнялары» деген атқа ие болса, біздің көкке көтеріп жүрген бас қаламыз Путин патшаның дуалы аузы­нан шыққан «Деревня с евроремонтом» деген айшықпен тарихта аты қалар түрі бар. Қай нәрсені болсын бетің бар, жүзің бар демей, ашық айтатын адам емес пе, «дос ел еді ғой» деп бізді аямады, пәтша­ғар... Мүмкін, қайта сол тым адал болмаса да, достығы шығар, басқалар секілді көңiлімізге қарап, күле айтпай, жылата айтқаны? Әрине, ол ешқандай артық сөз қосқан жоқ, елдің бә­рінің іші білетін, тек көпшілік алдында сыртқа шығарыла бер­мейтін сөзді ғана айт­ты. Несін жасырамыз, жаңа астананың қызығын қытайлар мен түріктер көрді ғой. Дәл біз секілді Малай­зия мемлекеті де Махатхир Мохамад­тың премьер болған тұсында астананы көшірді. Бірақ, олардың бізден басты екі айыр­ма­шылығы болды: біріншіден, астананы – жаңа астана салынуға тиіс жол-жосық­пен! – таза жер­ден салды; екіншіден, олар өз астанасына тек Малайзияда жасалған бұйым, тауар, заттарды жұмсады! Цемент, кірпіш, темір арматурадан бастап, кеңсе­лер­дегі кальку­лятор, компьютер, теледи­дарларға дейін. Сол арқылы да өз елдерінің экономикасын бір биікке көтеріп алды. Үшіншіден, Путраджайя – тікелей аудар­масы «халық­тық даңқ» деген мағынаны береді, себебі тәуелсіз Малайзияның тұң­ғыш премьері Абдул Рахманның құрметіне орай осылай аталған – малай халқының зияткерлік қабілетін көрсететін, заманы­нан озып ту­ған, әлем мойындап үлгерген «болашақтың қаласы». Төртіншіден, ол – ертегі, аңыз қала, гүл-бақшаға оранған, жердегі жәннат қала, ең бастысы – малай халқы мақсатына жеткенін куәлендіретін арман-қала! Негізгі ойымызға қайта оралайық, Қы­тай мемлекетінің 5000 жылдық тарихында болмаған ғаламат даму қарқынының бір сыры да осы тәсілде жатыр – шетелдік инвесторлар бұл елдегі өз қызметінде тек қана Қытайда өндірілген заттарды пайда­лануға құқылы. Көршілеріміз шетелдік­тердің қаржысы есебінен өз тауарларының сапасын үздіксіз көтеруде. Біздің елге жіберетіндері мен Еуропа мен Американы жаулап алған қытайлық тауарлардың айырмашылығы жер мен көктей. Қытайды қазірдің өзінде әлемдегі кө­лемі жағынан екінші экономикаға жет­кізген, мамандардың есебі бойынша ал­дағы 25-30 жылда бірінші экономикаға айналдыратын күштің тағы бір сыры – мемлекеттің халықтың өз тапқанын сол ха­лықтың өзіне қайтарып беріп отыр­ғанында. Біз бұл жерде бірінші кезекте жемқорлықты меңзеп отырмыз – Қытай­- да жылына 5 мыңға жуық жемқор өлім жа­за­сына кесіледі. Және ату жазасының орын­далуын бүкілхалықтық телеарналар тіке­лей эфирден береді. Ана бір жылы іссапар­мен барған лауазымды жолдасымыз қо­жайындардың делегация мінген ав­тобусты тоқтатып, супермаркетке алып кіріп, үл­кен экраннан осы көріністі «та­машалатқанын» айтып, келгеннен кейін де бір апта бойы есін жия алмай жүрді... Біздің елде бұндайды көрмек тұрмақ, ес­тіген жан бар ма екен? «Қытай мемлекеті халықтың өз тапқа­нын сол халықтың өзіне қайтарып беріп отыр» дедік. Бұл олардың ойлап тапқан жаңалығы емес, халқының қамын ойлаған әбір мемлекеттің атқарар ісі. Сталиннің кезінде де КСРО-да дәл осындай жағдай еді. Соның арқасында өнеркәсібі өркен­демей артта қалған, оның үстіне жеті жыл соғысты басынан кешірген аграрлы ел бар-жоғы 15 жылдың ішінде қуатты ин­дустрия­лық державаға айналды. Айнала алғандықтан да соғыстың бас кезінде Сібір мен Қазақстанға жүздеген өнеркәсіп ошақ­­тарын эвакуация жасап, үш айдың ішінде танкі мен ұшақ шығаруға да қол жеткізді. Бұрынғы Кеңес Одағы да, бүгінгі Қы­тай да көзбояушылыққа салынған жоқ, «паровоздың алдына түсіп алып жүгірген» жоқ. Не істесе де, өз уақытында, сырт жұрт­тың алдында арзан абырой, алдамшы атақ жинайын демей, өз халқының қамын ойлап барып істеді. Қытай ЭКСПО-ны реформа бастағаннан кейін 31 жыл өткен соң ғана, 2010 жылы Шанхайда өткізді. Біз болсақ халықтың тапқан-таянға­нын халықтың өзіне қайтарып беріп оты­рудың орнына – жемқорлардың жемсауы­нан аман қалған байлықты – оңды-солды шашудамыз. Евразиялық медиафорум өт­кіземіз. Сөйте отырып сөз бостандығының мойнындағы тұзақты жыл өткен сайын та­рылтып келеміз. Жақын арада біраз теле­ар­налар мен басылымдардың жабылға­нына да куә болып қалармыз. Ең болмаса АҚШ-тың тұңғыш президенті, президент­тік екі мерзімі біткен конгресс «Ұлттың атасы» деген ат берген Дж.Вашингтонның журналистерге арнап айтылған: «Сіздер мені аямай сынай алатын болуларыңыз үшін мен бар күшімді салатын боламын!» де­ген қанатты сөзін де еске алғымыз кел­мейтін болып барамыз... Барымызды аямай шашып, ЕҚЫҰ-ға төраға боламыз. Дұрыс қой, бірақ бізден басқа бір де бір посткеңестік мемлекет неге біз секілді осы креслоға өліп-тіріліп ұмтылмайды демейміз. Оның саммитін өт­кіземіз. Ал, сол саммит өтіп жатқан күн­дері ия Еуроньюс, ия Би-Би-Си секілді алпауыт ақпарат арналарының бір де біреуі біздің бұл жетістігіміз жайлы ауыз жап­- пай, сағат сайын қайталап, жер-жаһанға жар салып жатпағандығы жанымызға батпайды... Әрбір екі жыл сайын әлемдік дәстүрлі діндердің құрылтайын өткізіп келеміз. «Өткізуге хақымыз бар, себебі біз көпкон­фессиялы елміз, солай бола тұрса да, дінаралық толық татулық, төзімділік (то­леранттық), кеңпейілділік, кешірімшілдік жағдайда өмір сүріп жатырмыз» дейміз. Көпконфессиялы болғанымыз бағымыз емес екенін байқамаймыз. Болашақта со­рымызға айналмаса да жарар еді. Дешті-Қыпшақ мемлекетіне дейін атақоныс өл­ке­мізде салтанат құрған Хазар қағанаты­ның түбіне жеткен бабаларымыздың шек­тен шыққан толеранттығы екенін, қаға­нат­ты құлатқан иудея дініндегілер бол­ға­нын марқұм Рахманқұл Бердібаев тәрізді абызымыз шыбын жаны шырқырап жазса да, құлағымызға ілгіміз келмейді. Көпдінділіктің түбі жақсылыққа апар­майтынын біле тұрып 1992 жылы 15 қаң­тарда, Тәуелсіздіктің келгеніне бір ай да толмай жатып – қайда асықтық?! – барлық дін тұрмақ, діни ағымдарға да толық бос­тандық беріп қойған, оларға деп есік-те­сігіміздің бәрін айқара ашып тастаған, діни ұйымдар жайлы әлемдегі ең либе­ралды заң қабылдадық. «Бұл бетімізбен кете берсек құримыз, бармағымызды шай­нап қалмай тұрып заңға өзгеріс енізейік» деген қоғам қайраткерлерінің, парламент депутаттарының ұсынысын Конститу­ция­лық Кеңес арқылы 2002 және 2009 жылы желкесін қидық. 2009 жылы «Жас қазақ үні» осы тақырыпқа арнап мақалалар топ­тамасын жариялады. Ең соңғысы «Ан­ти­конституционное постановление Кон­сти­туционного Совета» деп аталды. Онда атал­мыш кеңестің тым болмаса, өз қаулы­сын баспасөз бетінде ашық жариялауға шамасы келмегені сыналды. Екі жыл өт­кен соң, теріс саясатымыз өзінің улы же­місін беріп, діни ағымдағылар бой көрсете бастағанда, тағы да асығыс-үсігіс діни ұйымдар туралы заңға өзгеріс енгіздік. Атын да, затын да өзгерттік. Бірақ, мис­сио­нерлер жайлы бапты алып тастауға тағы да жарамадық. Ал, Ресейдің осындай заңында миссионерлер жайлы бір ауыз сөз жоқ! Тағы да ең алдымен еліміздегі ты­ныш­тықтан екіжүзді Батыстың алдында жақсы атты болғанды артық санадық... Азиада өткіздік. Оған қатысқан қазақ­стандық спортшылар арасындағы қазақ ұлтының өкілдерінің саны бір қолдың сау­сағына да жетпейді. Лондондағы олимпиа­да 7 алтын иеленіп, жарыс нәтижесінде 12-орынға іліктік деп отыз күн ойын, қы­рық күн тойын жасадық, бөркімізді ас­панға аттық. Жеті жеңімпаздың біреуі ғана қазақ, үшеуі ғана қазақ жерінің туабітті түлегі. Серік Сәпиев болмағанда әлемге қарар бет қалмас еді. Футболдан құрама командамыз Андорра деген ергежейлі мемлекеттің деңгейінде, жеңілістен көз ашпайды, жиырма жылда адымдап алға басудың орнына тек кейін кетіп барады. Клубтық командаларымыз да сол шамада. 1965 жылы осы жолдар авторы «Қайрат» КСРО біріншілігінің жоғарғы лигасынан 1-лигаға түсіп қалғанда – балалық қой - өкпелеп, өлеңмен хат жазғаны бар еді. Сонда әкем: «қашан командада 11 қазақ болмай, «Қайратыңның» осылай болғаны болған!» деп еді. Әулие екен. «Қайратым­ның» күні ол кездегіден де төмен... Неге бұлай? Себебі оларды легионерлер жаулап алған. Жаулатып қойдық. Ең бол­маса команда мен құраманың жартысы қазақ спортшысы болсын деген ереже де жасай алмай отырмыз. Ендеше қазақ спорты­ның қамын ойлаудың орнына, қаржыны ауылдағы қаракөздерге салудың орнына, бұқаралық спортты дамытудың орнына қазақ спортшысы қатыспайтын немесе аз ғана қатысатын, қазақты таныт­пайтын арзанқол азиадалар мен олимпиа­далардың кімге керегі бар? Кімді алдағы­мыз келеді? Енді, міне, тағы бір кезекті, бұл жолы бұрынғылардың барлығынан да қымбат, барлығынан да ауыр мегажобаны ұтып алдық. Үкіметіміздің есебі бойынша оны өткізуге 1,5 млрд доллар қажет көрінеді. Осы есепке біздің күмәніміз үлкен. Себебі, көрмеге үш айда ең кем дегенде 3 миллион адам келуі, кем дегенде екі-үш күн қонақ болуы, көрмені, қаланы, астананың Бура­бай тәрізді жақын маңайын аралауы, көруі тиіс. Көрсетуге тиіспіз. Ол үшін қаншама қонақ үйден бастап көптеген инфра­құры­лым іске косылуы керек. Соның бәріне қажетті қаржы көлемі осынша ғана бол­ғаны ма? Кейінгі он жыл бойы бюджетті қалай қисаптап, қалай атқаруды үйрене алмай-ақ қойған, жыл сайын орта есеппен 40 млрд теңгеге жуық қаржыны игере ал­майтын үкіметіміз бұл жолы да тәспісінен жаңылып отырған жоқ па? Ең бастысы, алдағы бес жылда Астана қазақы келбет қабылдап үлгере ме, үл­гермей ме? Әзірге елордаға сырттан келген қонақтардың Еуропаның көп елінің біріне тап болғандай күй кешетіні ешкімге де жасырын емес. Бұл жолы Президентті кі­налауға да болмас. Мүмкіндік алып берді. Уақытынан бұрын болса да. Әлемге не ұсы­на аламыз? Біздіңше, ең бірінші кезекте ЭКСПО- 2017 деген арнайы министрлік деңгейінде жоғары өкілетті мемлекеттік мекеме құ­рылып, көрмеге қатысты барлық шаруа­мен сол айналысқаны жөн. Және оның басына Иманғали Тасмағамбетов тәрізді мемлекетшіл, ұлтшыл, білімді, жігерлі, азу­лы азамат отырса ғана, ойлаған нә­тижеге қол жеткізеріміз хақ. Екінші кезекте, марқұм Сейілбек Қышқашұлының бидайдың тек дәнін орып алатын ұшағы; мақта жинайтын «қолы бар» комбайны; бір жүргенде жер­ді әрі жыртып, әрі егіп, әрі тыңайтқыш сеуіп кететін тракторы; көмір кенін қоспасыз таза күйінде қазып алатын, әрі жол салар­- да жерді керемет нығыздайтын, тағы бас­қа көптеген операция істей алатын бесаспап машинасы секілді бір қарағанда адам айтса нанғысыз техникалық жобалардың тәжі­ри­белік нұсқаларын жасап, іріктеуден бастау – ауадай қажет. «Сіздің бұл идея­ңыздан түк шықпайды, өйткені ол ақылға сыймайтын, нағыз есуастық идея емес!» деген сөзді әйгілі Нильс Бор бекер айтты дейсіз бе. Сол отандық «есуас» идеялардың ішінен болашақта Эйфельдің мұнарасына, Эдисонның электр шырағына, Беллдің те­лефонына таласар туындылар табылары сөзсіз. Ол үшін уақыт талабына сай арнайы «Инновациялық ЭКСПО» деген құзырлы комиссия құрылып, әлгі жобалармен со­ның тікелей айналысқаны дұрыс. Оларды ҮИИР-дің қарауына қалдыру – жемқорлар құлқыны мен бюрократияның құрдымы­ның құрбаны ету деген сөз. Бүгінге дейін сырты алтын, іші жез, пай­дасынан зияны мол көп жобаның бәрін бастағанда да «бұл іс біздің атымызды шығарады, елімізді әлемге танытады» деп келдік. Жылтырағанға мәз болдық. Біз Алла-Тағаланың қазаққа арнап берген мол несібесін қазақтың болашағына жұмсау­дың орнына, оның қызығын алдымен өз еліміз көрудің орнына, жалған атақ, жа­санды абыройдың жолында өзгенің қалта­сын толтырып, оңды-солды орынсыз ша­шып жүріп, Жаратушының қаһарына ұшырамасақ болар еді. Себебі, әділдігі шексіз Алла-Тағала адам баласына беріп бір сынайды, алып екі сынайды. Бергенді ала білмеген, игілікке, ізгілікке жарата біл­меген елден алып қояды. Кейін қайтадан беруі қиынға соғады... Бұрынғы күнәлары­мызды осы көрме тұсында жууға тырысып бағайық! Шуақ Айбалтаұлы