Қарашаның 22-сінде Франция астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясы өтіп, онда әлемнің 161 мемлекеті жасырын дауыс беру арқылы EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығын Астанаға алып берді. Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-мемлекеті Астананы қолдап, 44-і қарсы дауыс берді. Осылайша Белгияның Льеж қаласымен бәсекеге түскен Қазақ елі астанасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО-2017 Орталық Азия өңіріндегі ғана емес, ТМД аумағында өткізілетін алғашқы халықаралық көрме болмақ. Халықаралық «EXPO» көрмесінің Астанада өткізілуі – жаһан жұртшылығының Қазақстанды мойындай білгендігінің белгісі.
Бүкіләлемдік әмбебап EXPO көрмелері – бұл жаһандық маңызы бар оқиға, өз маңыздылығы бойынша тек бүкіләлемдік экономикалық EXPO көрмелерінің форумдарымен ғана салыстыруға келеді, ал туристік ұтымдылығы бойынша әлемдегі ең таралған спорттық жарыстармен тепе-тең.
1851 жылы принц Альберттің ұсынысы бойынша Лондон қаласында бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіптік көрме өткізілді. EXPO көрмелері әлем елдерінің экономикалық, ғылыми, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндік беретін оқиға ретінде кеңінен танылды және тарихи тәжірибе айнасы, инновациялық идеялармен алмасу, бірігу мен келешекке деген ұжымдық көзқарасты танытатын шара болды. Одан бері 161 жыл өтсе де EXPO көрмелері өз маңыздылығы мен мәртебесін жоғалтқан жоқ. Керісінше әлемдегі ең беделді көрме алаңы болып табылады. EXPO көрмелерін миллиондаған туристер келіп көреді, сондықтан әр ел ұлттық мәдениет ерекшелігі мен өз экономикалық, технологиялық даму деңгейін әлемге танытатын бірегей павильонын жасауға ұмтылады. Осының нәтижесінде келушілер павильондардың ғажайып сәулеттік бейнесімен бірге ең жаңа ғылыми жетістіктер негізінде жасалған экспонаттарды көруге мүмкіндік алады.
Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып енді және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияның Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің қорытындысы бойынша «C» категориялы 104 қатысушы ел ішінде, біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды. Шанхай (ҚХР) қаласындағы EXPO-2010 көрмесінде Қазақстан павильонын жарты миллионнан астам адам келіп көрді. Қазақстан Кореяда, Есу қаласына өткен EXPO-2012 көрмесінде жалпы ауданы 774 шаршы метр павильонда өз экспозицияларын көпшіліктің назарына ұсынды.
Ұсынылып отырған 2017 жылы халықаралық «EXPO» көрмесі Астанада 3 айға – 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылады. Көрмеге әлемнің 100-ге тарта елі мен 10 халықаралық ұйым қатысады, көрмеге 5 миллион адам келеді деп күтілуде. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. EXPO-2017 өткізу елорданың да, тұтас республиканың да экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша ынталандыру болады. Астанадағы және оның маңындағы кіші және шағын бизнес, ең алдымен қызмет көрсету саласы, қонақ үй бизнесі мен ішкі туризм дамуға елеулі дүмпу алады. Бұл шара көрме нысандары мен астананың инфрақұрылымын салуға жеке ивестицияның елеулі көлемін тартуға мүмкіндік береді. Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрлері мен қонақжай мінезімен таныстырды, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы танымалдылығы мен тартымдылығын жоғарылатады.
Елорданың мәдени дамуы да маңызды іс. EXPO өткізу кезінде Астана қаласы дүниенің әр бұрышынан келген әр түрлі мәдениет үндеріне толады. Күн сайын көрме аумағында концерттер, шоу, Ұлттық Күндер және басқа ойын-сауық шаралары өтетін болады.
Туристтер мен көрмеге қатысушылардың көп саны оларға қызмет көрсетуші жеке қызметтердің белсенді дамуына жол ашады. Өйткені келушілерге тұратын орын, сапалы тамақ, аудармашылар, экскурсиялар мен ойын-сауық қажет болады. Сондықтан қосымша жұмыс орындары мен табыс табу мүмкіндіктері пайда болады.
Кіші және орта бизнес иелері үшін Астанадағы EXPO-2017 көрмесін өткізу жаңа энергия сақтағыш технологиялармен танысуға және кейіннен оларды енгізуге, инвесторлар мен бизнесті одан әрі дамытуға идеялар іздеуге тамаша мүмкіндік бола алады.
Студенттар мен жоғары сынып оқушылары үшін бұл көрме өзге тілдерді үйренудегі тіл жаттықтыруға, жетекші әлемдік ғылыми мектептермен танысып, бұдан былайғы кәсіби өсу үшін идеялар табу мүмкіндіктерін бермек.
Биылғы жыл біздің мемлекетіміз үшін табысы мен қуанышты мол жыл болды. Біріншіден, 2012 жылы тұманды Альбион елінде өткен әлемдік спорт додасында Қазақстан құрамасының елеулі де әсерлі жетістіктері бүкіл әлем жұртшылығына Қазақстанды танытты. Екіншіден, Париждегі жеңісіміз қазақстандықтар үшін мақтанышпен қабылдайтын жаңалық болды. Бұл кеңауқымды шара елімізге дүниежүзілік деңгейдегі мүмкіндіктер әкелетіні сөзсіз...
Гүлмира САДЫҚОВА