
...«Күштінің құйрығы – диірмен тартады» дейді қазақ. Ақиқат сөз.
Күштіден көз жазып қалу, күштіге селқос қарау – өміріңе өте қауіпті. Мысалы, мұхиттардың иеніндегі Американың қазақтың тағдырына қатысы шамалы сияқты көрінеді. Шындығында, мүлдем олай емес. Америка – әлемдегі ең қуатты, ең қу, мүмкін, ең қатыгез ел...
Америка – қолы ұзын, күші бекем, ықпалы жойқын мемлекет. Жершарына танымал көріпкел кемпір: «Американың 44-ші Президенті қара нәсілді болады» – деп, шынымен болжады ма, әлде, бұл әншейін лақап сөз ба, арасын ажырату қиын. Бастысы, Американың 44-ші Президенті қара нәсілді болды...
Сорына қарай, қара баланың тағдыр-талайы тәтті болмады, дүниежүзілік қаржы дағдарысы Америка Құрама Штаттарын Санди дауылынан бетер қиратып, әлсіретіп, есеңгіретіп кетті...
Өзін «протестант» санайтын Барак Хусейн Обама жас кезінде Барри Соеторо деген атпен Индонезиядағы мұсылман мектебінде оқып, студенттік жылдары Пәкістанда да болғандықтан ба екен, болмысындағы сабырлылық пен салиқалылық қасиеттерін сарқа пайдаланып, әліптің артын бағып, дағдарыспен арыстанша арпалысты.
Кениялық мүмін Хусейннің ұлағатты ұлы Американың бай-шонжар адамдарының табыстарына салынатын салықтың мөлшерін көбейітті. Мұның өзі мұсылманның «кедей-кепшіктерді тамақтандырыңдар» дейтін ізгі қағидасымен қабысып жатты...
Асап ас ішіп, асыра асқақтап кеткен американдықтар дағдарысты сезініп, дағдарып қалғанда, Барак батыр 100 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны үнемдеп, дағдарыстың дарбазасын бекітуге үлестіріп берді...
...Табиғатында тілі мен жағына сүйеніп, ақ нәсілдінің ауызын айға қаратып кететін кез-келген қара баланы он орап, «жүз шайнап» тастайтын Иллинойс штатының кіші сенаторы Барак Обама айналасының айқай-шуын аттап өтіп, Ирактағы соғысты тоқтатып, 50 мың ғана американ жауынгерін қалдырды; Ресейдің бейпіл сөздеріне сарказммен жауап қатты; Қытайдың Африкадағы «асыл армандарын» тұсады; Иранмен арадағы кикілжіңге көсеуін қыздырмады; діңнің торларын зерттеуге тыйым салды; адамды Айға қайтару бағдарламасының тамырына балта шапты т.с.с.
Мұндай батыл қадамдардың сергек сарыны Барак Обаманың соңғы сайлаудағы: «Ask for Change!», яғни, «Өзгерістер жасауға шақырамын!» деген ұрандарынан айқын байқалып тұрды.
Республикалық партияның өкілі, Барактың қайтпас қарсыласы Митт Ромнидің «денсаулық саласын сутегін жасап, ипотекалық несиелерді кешіремін» деген арзан уәделеріне халық сенбей, қолын бір-ақ сілтеді. Обаманың Израилға иліге қоймай, Палестина мұсылмандарына тізесін батырмағандығына наразы Американың жөйттері қандастары Митт Ромниге ет-бауырлары елжіремесе де, әйтеуір, қара баланы сүріндіру пиғылымен қарбаласып, қарсы дауыс беріп жатты...
Қиямпыр қоқан-лоққыдан қорықпақ түгілі, Барак Обама: «Біз Ресейдің қадамдарынан аса қауіпті заңдылықтарды байқай бастадық: орыстардың Шешенстандағы жауыздықтары мен бұрынғы кеңес республикаларына өктемдік етуге талпынуы – бізді терең ойларға итермелейді» – деп, ашық мәлімдеді...
...«Жеңімпаз барлығын алатын» жүйесі бойынша өткізілген әділетті сайлауда Барак Хусейн Обама басым дауысқа ие болып, АҚШ-тың 45-ші Президенті болып сайланды.
Қайсыбір білгіштер: «Барак Обаманың қанының құрамының 50 пайызы ақнәсілді анасына, 44 пайызы мағриптік арабқа, 6 пайызы негрге тиесілі» – деп болжайды.
Жаны бар сөз: қанының 44 пайызы арабқа тән адам, әмісе мұсылманға жат болмаса керек. Лаңкестік орын алған атақты 9/11 маңынан мешіт салуға рұқсат берген Хусейннің ұлының бұл өнегелі қылығы жаттанды толеранттықтан гөрі, шынайы имандылыққа жақын қасиет...
Қалай болғанда да, Ақүйді екі мәрте «басып алған» қайсар да қараторы қожайынды қазақ бөтенсімейтіндей сезіледі...
Құлтас ДОСТАН