Қай заманда да, қай халық та, орыстың қаупі мен қиындығын, орақтығы мен опасыздығын қазақтай сезіне алмады. Батыс өңірінің қазағы сонау Әбілқайыр ханның кезінен бастап, амалының аздығынан, шарасының жоқтығынан сары шашты, шегір көзді орыспен табақтас болуға мәжбүр болды. «Көп қорқытады, терең батырады» дейтінді басты «қаруы» еткен сасық самагонның төл-атасы қандай мәселеде де аз-кем келіспеушілік туындаса, кеңкелес тапыраңдай ер-тұрманын бауырына алып тулайды...
Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев түркі баласының бірлігіне картысты бір ауыз сөз айтып еді, қалың орыс Елбасымыз бен Қазақстанға қарсы арсыз, ақпараттық соғыс бастап, тағы да бөрінің артындай шулап шыға келді...
Шын ныспысын жазудан да қаймыққан Колеров Модест дейтін лақапшы біреу «Назарбаевтың мәлімдемесі туралы үш сөз» атты мақаласымағында: «Назарбаев Еуразия Одағын құрудағы Ресей мен оның президенті Владимир Путиннің еңбегін бағаламайды да, құрметтемейді де. Ол әлдеқашан қирап қалған «Түркі бірлігі» жобасын жаңғырту арқылы Күрдістан, Израил, Иран, Сирия, Ресей сынды елдерді өзіне қарсы қойып алуы ықтимал» – деп күңкілдейді.
Керек десеңіз, Еуразия Одағы туралы идеяның тарихи авторы Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрағаң бұл ойын тұңғыш рет айтқан кезде, біріншіден, «Владимир Путин» ешкім де емес еді және оны бір адам танымайтын; екіншіден, сірә, Елбасы көңілшек Ельциннің емеурініне үміт артқан болуы керек...
Мақаласымақтың мылжыңбасы Колеров Модест әрі қарай былайша сандырақтайды: «Қасіретті 1930-1940 жылдардан кейін Д.Қонаев пен атышулы 1986 жылы Н.Назарбаевтың билікке келуі мен оның кепілдігін өзі айтқан «басқыншылдыр» орнатып берді».
Сандалыпты! Қазақ ұлтының отызыншы жылдардағы қырып-жойылған қасіреті үшін орыстың «кеңес» деп атын өзгерткен билігі мәңгі-бақи жауапты болып, көрлерінде де өкіріп, тыныш жатпайды. Ал, 1986 жылдың желтоқсанын біздің құрбы-құрдастарымыз, қазақтың рухы күшті, намысы оттай қайсар жастары жасап, күллі әлемді дүр сілкіндіріп, 15 бодан елге бостандық сыйлап қана қоймай, адамзаттың келешек тағдырын түбегейлі өзгертті. Осынау орасан шындықты мойындағысы келмеген меңіреу Мәскеудің қалай оттаса да өз еркі, бірақ, одан тарих өзгермейді...
...Мәскеуден Түркияға тіке ұшып барған Нұрағаңның: «Барлық түркі халқы біріксек, біз қуатты одаққа айналамыз» – деуі әсте тегін емес. Қазақ елі басшысының түрік топырағындағы ниетін Қазақстан халқы толық қуаттап, қолдауы керек.
...Айналасындағы «ресейшілдердің» көңіліне қарап, қашан да парасаты мен сезімталдығына сүйенген Елбасы орыспен ойланбай, асығыс, «аттың жалы, түйенің қомында» жасалған жақындасулардың – қазақ ұлтының ғасырлық армандары «тәуелсіздіктен» ажыратып қана қоймай, өзін де халқынан алыстататындығын түсінген тәрізді...
Бір ғана мысал: бүгінде Қазақстандағы азық-түлік, киім-кешек, жанар-жағармайдың бағасы шарықтап барады. Жұмақтағы жеңіл өмірге уәде берген Кедендік Одақтың нәтижесі қайда? Көлемі жыл санап артқан, мәселен, былтыр
67,7 млн тонна мұнай өндірген еліміздің хал-ахуалы неге бұлай? Оған кім кінәлі?
Мәселенің мәнісі мынада екен. Алдымен, Кедендік Одақта екендігіне қарамай, Ресей Қазақстанға баж салығынсыз жеткізілетін мұнайға квота енгізіп қойған көрінеді. Ол-ол ма, Қазақстанның мұнай мен газды сыртқа эскпорттау үшін Ресейдің көмегіне сүйенуге мүдделілігін пайдаланып, орыс билігі Павлодар зауытына мұнайды әдейі дер кезінде жеткізбеуі-
мен тоқтамай, мамыр айында мұнайдың көлемін екі есеге
қысқартып, тиісті 500 мың тонна мұнайдың орнына, небәрі
270 мың тонна ғана жеткізілген...
Аталған мысал орыспен шешімін күткен шиеленісті мәселелердің жалқысы ғана. Яғни, қазақ елінде жаппай қымбаттаушылықтың кілтипаны Ресеймен тығыз байланысты болып шықты.
Мұнай – Қазақстан үшін мемлекеттік бюджетті құраудың негізгі кіріс көзі. Орыс орнатқан одағай квота талабы өзгермесе, ел кірісінің көлемі азая бермек. Құдайға шүкір, Г.Марченко қаншама «қорықытып-үркітсе» де, елімізде жаңа кен орындарын ашып, мұнай өндірісінің көлемін молайтудың тетіктері табылады. «Теңгіз» кен орнын үлкейту арқылы сөткесіне 900 мың баррель мұнай өндіре алсақ, «Қашаған» жобасының алғашқы кезеңінде сөткесіне 370 мың баррель, кейінірек 450 мың баррельге жеткізуге мүмкіндік бар. Жалпы, қазақтың мұнайының өндіру көлемін 2013 жылы 82 млн тоннаға, 2017 жылы 102 млн тоннаға дейін өсіруге болады.
Осыншама көл-көсір қазынаны орыс қана көріп отыр ма? Жоқ, әрине.
Айталық, жардың астындағы Қытай қазірдің өзінде біздегі мұнай өнімдерінің 25-30 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал, айдаһардың тәбеті тау бұзатын дауылдай алапат...
Қазақ басшысының, ең бірінші кезекте, өз халқының мүддесін көздеуі түсінікті. Нұрағаңның «1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін, ұлтымыздың орыстың боданына айналғандығы, кейінірек Кеңес Одағының езгісіне түскендігі, бір заманда әлемді алақанында ұстаған «Түркі қағанатының» болғандығы, Ататүріктің: «Күндердің-күнінде күллі түркі баласы бірігетін күн туады» деп айтқандығы, жер бетіндегі 200 миллионнан астам түркі баласы жұдырықтай жұмылса, әлемдегі әсерлі күшке айналатындығы» турасындағы сөздерінің бәрі тарихи шындық.
Бірақ, Кедендік одақ, Еуразиялық одақ т.б. толып жатқан жобаларды Қазақстанды «қантөгіссіз» қайтадан отарына айналдырудың айла-тәсілдері ғана деп түсінуден ары аспайтын, шын мәнісінде, Қазақстанды «екінші сортты ел» санайтын Ресей, бағымызға қарай, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған жоқ.
Ресей қымбат құндылықтар негізінде достық қарым-қатынас орната алмайтын, экономика мен сауда саласында да өте нашар әріптес болатындығын, тек күштік қысым мен ақпараттық тоқпақтарды ғана түсінетін ел екендігін қаншама мәрте дәлелдесе де, көрші қонғандықтан, Қазақстан Президенті баспасөз хатшысының: «Қазақстанның сыртқы саясаты бұрынғыдай өзгеріссіз қалады» деген мәлімдемесіне түсіністікпен қарасақ та, әсіре ұлтшыл Путиннің Ресейімен жақындаса бе-
ру – егемендіктен айырылуға жасалған қадам болмақ...
...Түркі баласының бірлігі – Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі ғана емес, әлем түркілерінің ынтымағының алтын қазығы. Мәселені осылайша тұңғиық түсінген адам ғана түрік топырағындағыдай батыл мәлімдеме жасай алады...
Құлтас ДОСТАН