Көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев қаскөйлер қолынан қапыда қаза таппағанда, бүгінде Ердің жасы елуге толар еді. Ел ағасы болып, ел алдында жүрер еді. Біз бүгін осы орайда әрдайым ақиқатын айтып, ой қозғап жүретін жазушы Ғаббас Қабышұлының «Оян, қазақ!» дегенді жаңғыртсақ жарар еді» атты Алтекең туралы маңызды мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Аяулы Алтынбекті студенттік “Өркен” (“Горизонт”) гәзетінің бас редакторы кезінен білген едім. “Ауылына қарап азаматын таны” дегендей, газетте жарияланып жатқан материалдарды оқығаннан-ақ әділетті Азамат екеніңе шүбәланған жоқпын. Батылдығына тәнті бола ұзақ ғұмыр тілеп, жастарымыздың өмір жолын, міндет-парызын жазуда үлгі-өнеге көрсете түсіңдер деп хат жаздым. Редакторлықтан кейінгі қызметтерінің бәрінде де абыройлы болғанын көрдім.
Екеуіміз кездескен уақыттардағы әңгімеміз әдебиеттен басталып, саясатпен аяқталатын. Көбінде он-он бес минөттен ұзақ сөйлесе алмайтынбыз, мен уақытқа «бай» болсам да, Алтынбек «кедей» еді. Армансыз әңгімелесуіміздің екі сағатқа созылған алғашқысы 2000-жылғы қаңтардың 5-і күні Алматыда өтті. Одан бір тәулік бұрын Астанадан телефон шалып, сәлемдесіп: «Ғаб-аға, ертең Алматыда боламын, дәл осы мезгілде, сағат он бірде, министрліктің сондағы кеңсесінде кездессек қайтеді?» деді. «Іздеп баруға жолым ұзақ, қолым қысқа болып жүргенімде өзіңнің келгенің жақсы болды-ау!» деп әзілдедім. Ол ақырын ғана күліп: «Келіңіз, күтемін» деді.
Иә, біз екі сағат әңгімелестік. Қай тақырыпты қозғап, қандай ой түйгеніміз кейінде «Жас алаш» гәзетінде жарияланды, көзі қарақты қазақ оқыған болар, «ол жоқ қой, кім біліп жатырға» ұрынып оны «толықтырмайын». Қысқасы: Алтынбектің сондағы тұжырым-пікірлері бертінгі сөздерінде, сұхбаттарында, мақалаларында атап-атап айтылды. Бірақ, амал не, қара мылтықты қарақшылардың кесірінен жалғасын таба алмай кеткені өте өкінішті!..
Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзев бастап шыққан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының мақсат-жоспарымен танысқан сәтімде сонау жолғы сәтті сұхбатымыз жадымда тағы жаңғырып: «Алтынбек ол қозғалыстың боларын білген екен, сұқкөздерге сездірмей қолдап жүрген екен!» деп түйдім.
Алтынбек қоштасарда маған жымия қарап:
– Ғаб-аға, осыным орынды-ау деген ойларыңызды ашық та анық айтып, жазып жүрсіз, құптаймын, қолдаймын. Енді өз ортаңыздан қол ұстасып шығар пікірлес іздей жүрсеңіз, тапқаныңызды көбейте алсаңыз жарар еді. Әсіресе жас ақын-жазушылардың әділеттілікті іздеген, жақтаған, тіпті батыл талап еткен үні керек. Жастар оянбайынша, жағдай оңалмайды. Ішкі де, сыртқы да жағдайымыз мәз емесін жайып салдым ғой. Жастардың оянуы қажет-ақ! – деді. Жас демократтар қозғалысының керегесін керу қолға алынғанын сонда аңғартқан екен-ау!
Ашық әңгімеде бопсалау болмайды. Мен:
– Бала-шағасынан бұрын бастықтарының тілеуін тілеп үйренген зиялы көп екенін өзің де білесің. Жұртты оятуға тиіс олардың өзін ояту Қожекеңше айды аспанға шығарудай оңай болмас, – дедім. Ол салқындау жымиды,– немкеттілік дертіне шалдыққанымызға өзінің де көзі жете бастағандықтан шығар.
Алтынбек министрлікке екінші рет барып, одан оппозицияға екінші рет оралғанда бірде:
– Сенің сонда жүре тұрғаның жөн болар ма еді, жақыннан қимылдап, іштен шалғаның оппозицияға пайдалырақ еді, – дедім. Ол басын сәл шайқап:
– Менің қолымнан келмейтін шаруа көбейіп кетті. Түрі жаман... «Көп түкірсе – көл» деп, көпті қозғалтпай, оятпай болмайды. «Оян, қазақ!» деген Міржақып ағамыздың дауысын жаңғыртсақ жарар еді. Зиялы қауым осыны ойласа, қолға алса...
Е, заман!.. Зиялы қауым Алтынбектің үмітін ақтай алмадық. Тым болмаса, Аяулы Азаматтың қазасына көп болып күйіне білмедік. Дауыс қосып: «Бұл не сұмдық?!» демедік...
Егер Алтынбек биліктің бір тұтқасын ұстаған қалпында болса, «Жаңаөзендегі», «Арқанкергендегі»... жауыздықтар да болмас еді, деп ойлаймын кейде. Кім біледі. «Түрі жаманды» текке айтпаған да шығар.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
(07. 09. 2012 ж.)