Қазыбек ИСА. ЖАН ҚАЗА мен ДАҢҒАЗА... .
2012 ж. 25 наурыз
2841
3
ЖАҢАӨЗЕН ҚЫРҒЫНЫНЫҢ 100 күндігін БИЛІК ДУМАНДАТЫП ҚАРСЫ АЛДЫ..
Ал оппозиция Абайға жетпесе де, талайға жетті...
Қазақ зиялысы, қайдасың!?.
Биылғы Наурыз мерекесінің 3 күндік ресми мейрамын Алматы әкімшілігі қуана-қуана 4-ші күні де балалармен қосылып, бар ықыласымен тойлады... Әншейінде Жаңа жылға 2 ай бұрын дайындалып, ұлттық мейрамдарға қырын қарайтын бұл билікке не болды екен десеңіз, айтайық, 24 наурыз күні халық Жаңаөзен қырғынының 100 күндігін еске алуға Абай-Достық көшелері қиылысындағы Абай алаңына жиналуы керек болатын. Әдеттегідей Абай алаңына рұқсатсыз митингіге жиналғандарды жібермеу үшін онда Наурыз күнін тағы бір күн артығымен тойлап жіберу... алматылық әкімқаралардың жерден жеті қоян тапқандай жетістігі... Олар үшін Жаңаөзен қырғынында жазықсыз жапа шеккен халық қайғысы, қанішерлер қолынан қаза тапқан елдің, 17 адамның қазасы ойланатын нәрсе емес, ең бастысы жоғарыдан «жарайсыңдарды» естісе жарап жатыр... Тіпті Жаңаөзен құрбандарын еске алуға келетін шерлі халыққа қарсы... алдарына бейкүнә балаларды салып алып... думанды той тойлау – ешқандай ұғымға сыймаса керек... Өзге, өзін-өзі сыйлайтын елдерде екі-үш адам апатқа ұшыраса, мемлекет басшысы ұшып барып, көңіл айтып, қаралы күн жариялап жатады. Ал біздің шетелдің әрбір осындай қазасына көңіл айтуды ұмытпайтын билігіміз өз елімізде Қызылағаш ауылы қып-қызыл қанға боялып, қырылып қалса да, Жаңаөзен жарылысы жаһанға жария болса да, былқ етпейді... Президенттің ондай жерлерге қашан баратынын тап бір жергілікті әкімдер шешетін сияқты... Олар бәрін жайғастырып, із қалдырмаған соң ғана «енді келе беруіңізге болады» дейтіндей... ай аралатып жетеді ғой... Иә, сонымен Жаңаөзен құрбандарына құран оқылып жатқанда... билік әндетіп, даңғазалатып, думандатып жарысып жатты... Алматы аспанында, Абай дананың жанында Абайына жете алмаған елдің құрбандарға бағышталған дұғасының жан қазасымен... билік думанының даңғазасы қатар естіліп жатты... Жан қаза мен даңғазаның қайсысын Алла қабыл етіп, қайсысын күнә санайтынын есімовтерді қайдам, есті кісі білер... Жаңаөзен қырғыны құрбандарын еске алуға 2 мыңға жуық адам жиналды. Ел ең алдымен қаламгерлерін іздейтіні белгілі ғой. Бірақ Жазушылар Одағының 700-ден аса мүшесінен әдеттегідей 7 адам да келмепті. Көрінгендер Софы Сматай, Темірхан Медетбек, Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабек, Айсұлу Қадырбаева, Болат Жетекбай... Кеше ғана шүлен таратқандай тайлы-таяғымен қатысқанының бәрі жаппай алған 2012 жылғы әдеби Алаш сыйлығының 42(!) иегерінен жалғыз Бауыржан Қарабекті ғана көзіміз шалды... Сонда Алаштың жырын жырлағаны үшін берілетін Алаш сыйлығы... Алаштың мұңын мұңдайтын жиындарға бармау үшін берілген бе?.. Жалпы зиялы қауымнан да, белгілі журналистер мен БАҚ басшыларынан да ешкім байқалмады. Кеше ғана 19 наурызда өткен Қазақ зиялылары форумында жарыса сөйлеген 50-ден аса зиялының да жоғарыда аталған үш-төртеуі ғана жүр... Ел мұңын емес, ертісбаевтардың ертегісін ғана тыңдайтын, сайлауда "біз ғанамыз" деп, кеуделерін ұрғанда дүңк-дүңк етіп бос дауыс шығатын билік партиясы Нұротаннан бастап, бірде-бір партияның басшыларын байқамадық. Саясаткерлер бірді-екілі ғана, ал саясаттанушылардан жалғыз Айдос Сарымды ғана көріп қалдық... Қалғандары саясаты мен саясатнамасын саялы жерден шықпай-ақ, терезе мен интернеттен қарап-ақ жасай беретін... жаза беретін... болғаны ғой деп ойладық... Жиынды суретші, саясаткер, әйгілі «Балық басынан шіриді» флеш-мобымен белгілі Қанат Ибрагимов жүргізді. Қоғам белсендісі Бірлік Тоқай Жаңаөзен құрбандарына дұға бағыштап, соңынан арнаған жырын оқып берді. Сөз сөйлеген ұлтшыл-патриоттардың жетекшілерінің бірі Геройхан Қыстаубай ұлшылдардың Жаңаөзеннің 100 күндігіне арналған қарарын оқығанда жиналғандар «Әр қазақ менің жалғызым!» деп ұрандады. Жазушы Софы Сматай Жаңаөзен қырғынының орын алуына елдегі жағдайдан хабарсыз қалған президентті де, осындайға қарсы үн қата алмайтын зиялысы жалтақ халықты да кінәлі деп санайтынын мәлімдеді. Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Рысбек Сәрсенбайлардың Жаңаөзен құрбандарын еске алу үшін Жаңаөзенге ұшып кеткенін жеткізген саясаткер Маржан Асфандиярова , жастардан үміт күтетін janaozeh.net порталының бас редакторы Қасым Аманжол, «Жас қазақ үні» газетінің бөлім редакторы Өмірзақ Ақжігіт, журналист Айгүл Кохаева, қоғам қайраткерлері Назарбек Қанафия, тараздық белсенді Рахым Ауғанбаев, ақын Айсұлу Қадырбаева, алматылық қария Валентина Максимқызы, 25 ақпандағы митингіде «Айтшы, қане, Нұрсұлтан!» өлеңімен танылған Оқап Мұқажанұлы т.б. өз сөздерінде Жаңаөзен қырғынын жасаған мемлекеттік қызметкерлерді анықтап, қатаң жазалау керектігін айтып, осындай ел тағдырын толғайтын жиындарға келмей, бұғып қалатын зиялыларды айыптады... Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың қызы, асылдың сынығы Ильфа Жансүгірова-Жандосова өз сөзінде "Балық басынан шіриді"-деген мақалға баса назар аударды.Оппозиция қуыстан алаңға шықты...
Қаңтар мен ақпандағы митингіде қатты қыстан бетер қақаған полиция, яғни билік бұл наурыздағы митингіде көктем келгесін бе, анау айтқандай, адыр оспадарлық көрсете қойған жоқ. Алдыңғы екі жиында оппозиция жетекшілерін екі рет қамаған, бала-шаға, қыз-қырқын демей, жығып салып, автобусқа тоғытқандарына куә болғанбыз. Алпамсадай полицайлардың шындық үшін шырылдап жүретін шынашақтай қыз Инга Иманбайдан қалай қорқатынын да білдік... Алдында ғана «ағаларым» деп, полицайларды да халыққа қарсы шығудан - ауыр күнәдан сақтандыра сөйлеген қарындастары - жап-жас қызды «ағалары» сұлатып салып, көкпар тартқандай қөтеріп алып бара жатқандарын көргенде қорғайды деген полицияның қорлаған бассыздықтарын көріп, түңіліп кетесің... Бұл жолы формаларын кимей, халықтың ішінде араласып жүргендер сөйлегендерді түртіп алумен шектелді. Бұрыш-бұрышта топ-топ автобус ішінде бұйрық күтіп отырған полицайлар да байқалды. Тек "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қоры төрайымы Бақытгүл Төреғожинаны үйінен шығып келе жатқанда тұтқындағаны анықталды. Шамасы билік, жазушы Дулат Исабековтың президентке қарата айтқан: «Митингке келгендерден несіне сонша шошып, абақтыға сүйрейсіңдер? Олар екі сағат тұрған соң өздері де «қал» десеңдер де, қалмай тарап кетеді»-дегені құлақтарына жетіп, бір байқап көрейік деген болуы керек. Өзі де солай болды. Бір жарым сағаттан соң ел ың-шыңсыз тарады. Енді билік қорқытудың заманы өткенін түсініп, қабаттастыра айқайлатып концерт қою тәсіліне өткенін білдіреді... Бірақ бұл қашанға дейін созылатынын бір құдай біледі... Толеранттық «тұтқыны» болып келген оппозиция 20 жылдың ішінде алғаш рет өткізген бұл рұқсатсыз өткізген үш митингіде.. Абайға жетпесе де... талайға жетті... Бір шеттегі «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы Ленин мен Калинин ескерткіштері апарып тасталған коммунизм қоқысы қуысынан... қаланың қақ ортасындағы Абай ескерткіші мен «Қазақстан» қонақүйінің арасындағы алаңқайға жетті... Митингіні қазір халық оппозиция жетекшілерінсіз-ақ, өздері өткізе беретін болды. Рахым Ауғанбаев, Саламат Омаш, Оқап Мұқажанұлы секілді өңірлерден де келген жаңа белсенділер жарыққа шықса, Қанат Ибрагимов, , Геройхан Қыстаубаев, Өмірзақ Ақжігіт, Жұмаш Көкбөрі, Құрманғазы Рахметов секілді ұлтшылдар, Қасым Аманжол, Инга Иманбай, Айгүл Кохаева, Бақытгүл Мәкімбай секілді журналистер белсенділіктерін күшейте түсуде. Ал «Жарлы емеспін, зарлымын» деп өткен ұлы Абай қаптаған полиция қоршауында өзіне жете алмай жапа шеккен халқына қарап: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!»-деп, әлі күңіреніп тұр...Қазыбек ИСА
24 наурыз, 2012 жыл
*Суреттер janaozen.net cайтынан алынды
www.qazaquni.kz