Қазақстан Президенті Елжан Біртановты қабылдады
2020 ж. 26 ақпан
1318
0
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысына министрліктің қазіргі жұмыстары мен отандық медицинаның дамуы жөнінде егжей-тегжейлі есеп берілді. Елжан Біртанов Президентке елімізде коронавирустің таралуына жол бермеу үшін министрліктің қабылдаған шаралары туралы баяндады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекстің әзірлену барысы жайында мәлімет берілді. Елжан Біртанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі және ауруханаларды жаңғыртуға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы жөнінде айтты.
Президент халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігін арттырудың аса маңызды екенін атап өтті және жұртшылықтың пікірін ескере отырып, Денсаулық туралы жаңа кодексті әзірлеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.