Жер туралы заңға өзгеріс енгізіледі
2020 ж. 21 ақпан
1746
0
Ауыл шаруашылығы министрлігі жер заңнамасына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министр Рүстем Құрмановтың айтуынша, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша бірқатар өзгеріс болады. Осыған орай, арнайы заң жобасы әзірленді.
"Осы құжат жер туралы заңға, кәсіпкерлік пен салық кодекстеріне өзгеріс енгізуді көздейді. Атап айтқанда, игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру және мемлекет меншігіне қайтару мерзімі қысқартылады. Осы шараларды атқару уақыты 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарады", - деді Құрманов министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Оның сөзіне қарағанда, бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салық 20 есеге артады.
"Бүгінде заң жобасының тұжырымдамасы дайын. Біз оны ашық нормативтік актілер порталында талқылау үшін жарияладық. Сондай-ақ, ол құжат министрліктің ресми сайтында бар. Оған пікір білдіріп, ұсыныс жасауға болады. Осының нәтижесінде заң жобасының тұжырымдамасы ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады", - деп атап өтті Құрманов.