Павлодар облысының жаңа әкімі тағайындалды
2020 ж. 21 қаңтар
1620
0
Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірдің жаңа басшысын бүгін таңертең ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин таныстырып, бұған дейін Павлодар облысының әкімі болған Болат Бақауов қызметінен босатылғанын атап өтті.
Еске салайық, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Кейін, Павлодардың мамандандырылған тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Болат Бақауовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша күдік келтіріліп отыр. Аталмыш бап мал-мүлкін тәркілей отырып, 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ қандай да бір лауазымды атқару құқығын өмір бойына шектеуді қарастырады. Прокурор Рустам Сәдуақасов соттан айыпталушыны екі айға немесе 16 наурызға дейін қамауда ұстауды сұрады. Себебі экс-әкім бостандықта жазадан қашып, болмаса тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін.
Өз кезегінде Болат Бақауов өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтты.