Олеся Кексельге қатысты тергеу тоқтатылды - ІІМ
2019 ж. 13 желтоқсан
1783
0
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қылмыс жайты болмауына байланысты 5 желтоқсанда Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Барлық тергеу шарасы жүргізілді, шешімнің заңдылығын тексеру үшін материалдар прокуратураға жолданды", - деді министр үкімет отырысынан кейін.
Еске салайық, Олеся Кексель биыл мамырда арнайы прокурорлар қызметінің басшысы қызметінен босатылған еді. Ол бұл қызметті 2018 жылдың қаңтарынан бастап атқарған. Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының орынбасары болған.
2017 жылы Олеся Кексель "Жылдың мемлекеттік қызметкері" атанды. Ол ең күрделі сыбайлас жемқорлық істерімен айналысып, II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған.
Мұның алдында осыдан бір ай бұрын Ішкі істер министрлігінің өкілдері Олеся Кексельдің ісі тоқтатылды деген ақпаратты растамаған болатын. Ал бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаров керісінше Олеся Кексельдің ісі тоқтатылғанын айтқан еді.
"Осыдан екі ай бұрын Кексельдің үстінен шағым түскенін білемін. Сенбі күні қылмыс құрамы болмағандықтан, Кексельге істің тоқтатылғаны жайлы хабарланды. Мұны Кексельдің өзі айтты. Тергеушінің өзі де хабарласып, қылмыс құрамы болмағандықтан, істің тоқтатылғанын айтты", - деген еді Қожамжаров.