Елбасы президент жұмысына араласпайды - Дәурен Абаев
2019 ж. 18 қазан
1778
0
"Хабар" арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасына қатысқан ҚР ақпарат және даму министрі Дәурен Абаев Қазақстандағы "қос билік" қауесеті жөнінде осындай пікір білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, осы мәселе арқылы халықты дүрліктіргісі келетіндер бар. "Бірқатар анонимдік каналдар Қазақстандағы "қос билік" тақырыбын әдейі таратты. Мұндай ресурстардың асыра сілтеп, өтірікті шындай етіп көрсеткісі келетіні түсінікті. Елбасы өз мәлімдемесінде бұл жорамалдарды жоққа шығарды", - деді ол. Министр Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесінен бірнеше тұжырым шығаруға болатынын айтты. "Біріншіден, Елбасы президент жұмысына араласпайды. Мұның барлығы конституциялық нормалармен межеленген. Екіншіден, Тоқаев – екінші Назарбаев емес, оның өз басқару стилі, өз көзқарасы бар. Сондықтан, жаңа президент өз жұмысында жаңа формат қолданған сайын "қос билік" туралы шу көтерудің қажеті жоқ. Үшіншіден, Елбасының өзі де, Қасым-Жомарт Кемелұлы да маңызды мәселе жөнінде кеңесіп отыратындарын айтты. Не дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлының табысты ел басқарудағы тәжірибесі мол. Оған өзге мемлекеттердің де көшбасшылары кеңес сұрап жүгінеді, мұны мен анық білемін", - деп түйіндеді Дәурен Абаев.