Бағлан Майлыбаев мерзімінен бұрын босап шықпайтын болды
2019 ж. 16 қазан
1936
0
Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініші қанағаттандырылмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен сотталушы Бағлан Майлыбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініші қанағаттандырылмады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылғы 13 маусымда Астана қаласы №2 Есіл аудандық соты ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігі, 185-бабының 3-бөлігінде қарастырылған қылмысты жасағанын мойындау туралы келісіммен сотқа келіп түскен Майлыбаев Бағлан Асаубайұлына және Галихин Николай Николаевичке қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот үкімімен Б.Майлыбаев жоғарыда көрсетілген баптар бойынша кінәлі деп танылды және оған мүлкін тәркілеу, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру және 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.