Дания Еспаева: Зорлаушыларға қатысты заңнаманы қатайту қажет
2019 ж. 07 қыркүйек
1869
0
Әйел зорлау бойынша айыпталған «Тұлпар-тальго» поезының екі жолсерігіне ҚР Қылмыстық кодексінің 120 бабына сәйкес жаза мерзімінен екі есе аз мерзім беру туралы үкімі соңғы екі аптада бүкіл қоғамды дүрліктірді.
Үкім шығарған соттың шешіміне сәйкес жаза орташа ауыр қылмысқа жатқызылған. Ал жасалған қылмыс бойынша жеңiлдететiн мән-жайдың болған және ауырлататын мән-жайлардың болмаған кезінде 55-баптың 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес сот орташа ауыр қылмыстың мерзімін екі есе азайта алады. Сол себепті, сот сотталушыларға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын берген.
Менің ашуымды тудыратыны – соттың бұл екі нақұрысқа жеңілдететін факторларды қолдануға мүмкіндік табуы. Біздің барлығымыздың апа-қарындастарымыз, қыздарымыз бар, құдай олардың осындай жағдайға тап болуынан сақтасын, ал үкімдегі мұндай жеңілдіктер ынталандыруға тең.
Сот жеке адамға қарсы қылмыс жасалғанына қарамастан, өкінішке қарай, тиісті жазадан құтылуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормаларға сүйенген болуы керек.
Бірақ, моральдық тұрғыдан алғанда, зорлық құрбаны үшін, әсіресе айыпталушылар бір жылдан кейін мерзімінен бұрын шартты босатыла алатын болса, үкімнің мазақ екенін көреміз.
2019 жылдың басынан бастап елімізде 799 зорлау фактісі тіркелген, бұл, менің ойымша, сотқа жеткені ғана. Зорлық құрбандарының менталитетімізге байланысты жария болуынан қорқуынан, органдарға істің аяғына жеткізетіндігіне сенбеуінен құқық қорғау органдарына бармағаны қаншама.
Депутат және әйел ретінде заң жүзінде зорлаудың кез-келген түрін ауыр қылмыстар категориясына жатқызуды, осылайша, айып мерзімін ұзартып, мерзімнен бұрын шартты босату мүмкіндігінен айыруды сұраймын. Қылмыстың бұл категориясы адамшылық факторларды қарастырмауы тиіс. Сондай-ақ, бүгінгі кезде заң бойынша педофилдерге химиялық кастрация жазасы қарастырылған. Мүмкін, бұл жазаны мұндай қылмысты бірнеше рет істегендерге қатысты да қолдану керек болар.
Мен және фракция бойынша менің әріптестерім аталмыш заңнамаға тиісті түзетулерді дайындаймыз.
«Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі
qazaquni.kz