Алмазбек Атамбаев тергеу изоляторына қамалды
2019 ж. 09 тамыз
2894
2
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы оның адвокаты Сергей Слесарев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Адвокаттың айтуынша, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне судья шақырылып, шұғыл түрде отырыс өткізген. Соттың шешімімен Атамбаев 26 тамызға дейін - тергеу жұмыстары жүріп жатқан кезге дейін қамауға алынды.
"Ешкім де ұсталғаны жайлы немесе мәжбүрлі түрде жеткізілгені жайлы құжаттарды көрсеткен жоқ. Бүгін береміз деп уәде берді. Менің қорғалушым қолына бір қағазды беріп, бірден бұлтартпау шарасын қабылдады", - деді Сергей Слесарев.
Бірақ адвокат Алмазбек Атамбаевқа тағы қандай айыптар тағылуы мүмкін екенін айта алмады. Еске салайық, кеше, 9 тамызда Алмазбек Атамбаев ұсталған еді. Оған дейін Атамбаевтың үйіне басып кіру операциясының қайта басталғаны хабарланған болатын.
Ал 7 тамызда Қырғызстанда Атамбаевты ұстау операциясы жүріп жатқаны хабарланған болатын. Президенттің резиденциясы айналасында тікұшақ ұшып жүргені айтылған болатын. Журналистердің мәліметінше, Атамбаевтың жақтастары кірген киіз үйге жарық-дыбыс гранатасы лақтырылған. Кейінірек Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасаған болатын.
"Атамбаевтың аузын жабу үшін билік өз халқына оқ атуға дайын. Қарапайым халыққа, қырғызстандықтарға алғысым шексіз, олар жиналып, мені ұстап әкетуіне жол бермеді. Биліктегілерге ойлану керек, біз тізерлеп жүріп өмір сүретін халық емеспіз", - деген еді экс-президенті мәлімдемесінде.