Арыстанбек Мұхамедиұлы "Ешкіммен қоштаспайтынын" айтты
2019 ж. 18 маусым
3810
0
Мәдениет және спорт министрі қызметінен кеткен Арыстанбек Мұхамедиұлы әлеуметтік желіде ұжымына алғыс айтып, әр қызметкермен дос болып кеткені туралы жазды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экс-министр фейсбуктегі жеке парақшасында бес жылдай бірге болған ұжымымен қоштасты.
"Достарым, бүгіннен бастап Қазақстанның мәдениет және спорт министрі қызметіне Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова келді. Министрлік жұмысының қыр-сырына қанық, менің орынбасарым болып талай жыл бірге қызмет атқарған бірегей маман, қайырымды адам ретінде білемін. Сала басшылығында бұрыннан жұмыс істеп, жақын жүрген адам қалғанына ұжым да қуанышты. Ақтоты Рахметоллақызы алға қойған мақсаттарды әдеттегідей табысты орындайды деп сенемін!", - деген ол жаңа министрді шын жүректен құттықтады.
Мұхамедиұлы мәдениет және спорт министрлігін 2014 жылдың тамызынан бастап басқарғанын айтып, қызметіндегі алғашқы күнді еске алды.
"Мені ұжымға таныстырған күн әлі есімде, шығармашыл, ақылды, көздерінде от бар мамандар біртіндеп ашыла бастағаны да есімде. Осы жылдар ішінде министрліктің әр қызметкерімен жақын дос болып кеттік. Командамызбен бірлесе талай жұмыс атқардық. Әрқайсыңызға еңбектеріңіз үшін алғысым зор! Сіздердей адамдармен бірлесе жұмыс істеп, шамам келгенше пайдамды тигізгенім үшін тағдырыма ризамын! Шынайы көңілмен қабыл алыңыздар, достарым! Ешкіммен қоштаспаймын - сіздерге деген достық көңілде қала беремін", - деп жазды Мұхамедиұлы.
Еске сала кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы "Қазақ үні" газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2018 жылғы «Жыл адамдары» таңдауында үздік атанып, "Жыл министрі" атанған болатын.
Атап өту керек, сол жылы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен "Рухани жаңғыру" аясында көптеген игі шаралар істелді. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы төрт елде – Сеулде, Лондонда, Берлинде және Нью-Йорк қалаларында өтті. Сонымен қатар ел күнтізбесінде жаңа мереке – Домбыра күні енгізіліп, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтуге мұрындық болды. Астанада алғаш рет аталып өткен Домбыра күніне еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам күйші келіп қатысты.