Еxit poll: Сайлаушылардың 70,13 проценті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді
2019 ж. 10 маусым
2428
0
Еxit poll нәтижесі бойынша 9 маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында сайлаушылардың 70,13 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Бұл туралы елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қоғамдық пікір» институтының кеңес төрайымы Айнұр Мәжитова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық пікір» институты бүгін күні бойы сайлау учаскелерінің шыға берісінде азаматтарға әлеуметтік зерттеу Exit poll жүргізді. Сұхбаттасушылар 325 сайлау учаскесінде сауалнама жүргізді. Оның ішінде облыс орталықтыры мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 97 учаске, шағын қалаларда 94 учаске, ал ауыл округтерінде 134 учаске қамтылды», - А. Мәжитова.
Оның айтуынша, сайлау күні «Қоғамдық пікір» институты Exit poll-дың халықаралық стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді. Оларға «Сіз қай кандидатқа дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сауал қойылды. 9 маусымда таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сауалнаманың 6 толқыны өтті. Нәтижесінде 13 мың 200 сайлаушы арасында сауалнама жүргізілді.
«Іріктеме қателігі шамамен 3 пайызды құрайды. Сауалнама жүргізу жұмысына 350-ден астам интервьюер қатысты», - деді Мәжитова.
Сонымен, Exit-poll нәтижесі келесідей: Қасым-Жомарт Тоқаевқа - 70,13 пайыз, Әміржан Қосановқа - 15,39 пайыз, Дания Еспаеваға - 5,32 пайыз, Жамбыл Ахметбековке - 3,86 пайыз, Төлеутай Рақымбековке - 3,03 пайыз, Амангелді Таспиховқа - 1,41 пайыз, Сәді-Бек Түгелге - 0,86 пайыз дауыс берілді.