Академик Мәлік-Айдар Асылбековтың рухани жаңғыруы
2019 ж. 18 мамыр
3233
0
Тарих - киелі ғылым. Ол киелілік ғылымның жалына қол апармайтын асаулығы немесе бағындыруы қиын биіктігінен емес кейінгі ұрпаққа берер тағлымынан туындайды. Тарихтан тағлым алу үшін оны дұрыс тани алуымыз керек. Сонда ғана тарихтың сабағы қоғам игілігіне айналады. Демек, тарихшының миссиясы тарихи сананы қалыптастыру, тарихи танымды жаңғырту және оларды тарихи тәжірибеге ұластыру. Әйтсе де архив ақтарып, кітап жазғанның бәрі кәсіпқой тарихшы деңгейіне көтеріле бермейді. Тарихшы болу үшін шұқынған еңбек, кәсіби біліктілікпен қатар азаматтық ұстаным, биік парасат, адами мінез һәм мықты ұлттық рух керек. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбековтың бір басынан осы қасиеттердің бәрі табылатын. Ол биыл 90-ға толар еді...
М.Х. Асылбековтың ғылыми жолы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнология және археология институтымен тығыз байланыста өрбіді. 1958 жылы кіші ғылыми қызметкерліктен басталған қызмет баспалдағы осы институттың Бас ғылыми қызметкері лауазымына дейін жалғасты. Арасында бірнеше рет бірнеше бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары болғаны да бар. Ғылымда мансап пен дәрежені емес, ғылыми жетістікті мұрат тұтқан аға әманда тарихшылар қауымының алдыңғы сапында болды, ғылыми ізденістердің қайнаған ортасында жүрді.
Мәлік ағаның өмірлік стихиясы тарих ғылымы, соның ішінде Қазақстан тарихы ғылымына арналды. Тарихшы-ғалымның шығармашылығы оның жекелеген тақырыптарды қаншалықты игергендігімен танылады. Осы қағидамен қарастырар болсақ, М.Х. Асылбековтың ғылыми шығармашылығында шоқтығы биік үш тақырып бірден байқалады. Оның тарихшы болып халықаралық деңгейде танылуы, Отан тарихына қосқан үлесі және тарихшылар қауымының арасындағы алар орны осы тақырыптардағы ғылыми жаңалықтарымен айқындалады.
Біріншіден, М.Х.Асылбеков ғылым жолына теміржол және теміржолшылар тарихының кәсіпқой маманы болып келді және осы саланың Одақтық деңгейдегі бірегей де білікті білгірі болып қалыптасты. Оның 1965 жылғы «Қазақстан теміржолшылары бірінші орыс революциясы жылдарында (1905-1907 жж)» және 1973 жылы жарық көрген «Қазақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы мен дамуы (1917-1970)» монографиялары осы саладағы іргелі еңбектер ретінде жоғары бағасын алған еді. Осы тақырыптың ұңғыл-шұңғылын шұқына зерттеп, темір жол тарихын еліміздегі өнеркәсіптің даму тарихына ұластырған 1976 жылы жарық көрген «Қазақстанның жұмысшы табының индустриялық кадрларының өсуі (1945-1965 жж)» еңбегі (С.Б.Нұрмұхамедов, Н.Г.Панмен бірге) Отан тарихының мазмұнына үлкен олжа салды. Содан бергі кезеңде Қазақстанның өнеркәсібі мен жұмысшы табы туралы іргелі ғылыми жинақтардың құрастырушысы, авторы болған еңбектерінің де қатары мол. Осыншама рухани дүние «Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталатын бес томдық академиялық еңбектің ІІІ томынан берік орын алды. Қазіргі кезде отандық тарих ғылымы мазмұнындағы өнеркәсіп тақырыбында Мәлік ағаның ой-тұжырымдары айқын танылып тұрады.
Ал ғалымның ғылыми шығармашылығының екінші қыры тарихи демография саласындағы қызметімен танылды. Қазақстанда тарихи демография тақырыбын өткен ғасырдың 80-жылдарының соңынан қолға алып, оның әдіснамалық негізін қалыптастырған да М.Асылбеков болды. Отан тарихында кенжелеп қалған салаға жан бітіріп, оның теориясы мен әдіснамасына тән жаңашыл тұжырымдар жасап, ұлттық тарихи демографияның толыққанды мазмұнын қалыптастырудағы еңбегі елеулі. М.Х.Асылбековтың ғылыми шығармашылығына тән ерекшеліктің бірі – зерттелетін мәселелердің жан-жақты және кешенді қамтылуы екендігін айтуға болады. Индустриялық модернизация мен әлеуметтік-демографиялық дамудың себептері мен салдарларын, нәтижелерін тұтас, өзара байланыста қарастыру арқылы жасалған тұжырымдар методологиялық негізділігімен және ең бастысы саяси байыптылығымен ерекшеленеді. Бұл жетістіктерді ғалымның тақырыпты игеруде қалыптастырған методологиялық ұстанымдарымен байланыстырамыз. Оның жетекшілігімен өндіріс пен демографияны ұштастырып, түрлі желілерде қарастырған 6 шәкірті докторлық, жиырмаға жуық шәкірті кандидаттық диссертациялар қорғап шықты. Қазіргі кезде Асылбеков ғылыми мектебінің өкілдері Қ.Алдабергенов, А.Алтаев, С.Игібаев, В.Козина, С.Нұрмұхамедов, М.Сдықов, Х.Сүтеева, Т.Төлебаев, М.Төлекова және т.б. тәуелсіздік жылдары тарихымыздың бұрын зерттелмеген желілері мен «ақтаңдақ» тақырыптарын ашып, Отан тарихының мазмұнын тың деректермен толтырып, жаңа тұжырымдармен байытқан көрнекті тарихшылар қатарында. Олардың өздері бұл күнде өз шәкірттерін тәрбиелеген ұстаздарға айналды.
Ғалымның осы тақырыпта қол жеткізген үлкен ғылыми жетістігі ретінде 1937 және 1939 жылғы халық санағының құпияланған деректерін шетелдік архив қорларынан алып, ғылыми айналымға ұсынуы еді. Бұл тарихи деректердің ұжымдастыру, байлар мен кулактарды тап ретінде жою, ауа көшу, отырықшыландыру, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, одан кейінге саяси қуғын-сүргін сияқты ұлтымызды демографиялық апатқа ұшыратқан тарихи құбылыстардың ақиқатын танып-білуіміздегі маңызы ерекше екендігі даусыз. Оның маңыздылығы сол – саяси сипаты басым тарихи процестердің статистикалық мәліметтерге негізделген нақты цифрлар мен дәйектер арқылы талдануы көптеген саяси тұжырымдарға айқындық берді. Ұшқары тұжырымдарға түзетулер жасалды, көмескі пікірлерлер ұштала түсті. Демография ғылымының осындай ерекшелігі Асылбеков сияқты тарихшының шығармашылығында ұлттық тарихи сананы жаңа сапаға көтеруге қалтқысыз қызмет ете алды.
Ғалым шығармашылығының үшінші қыры – Отандық тарихтағы тұлғатану тақырыбы. Тұлғатану саласы қай қоғамда болса да кірпияз, шетіндігімен ерекшеленеді. Жалпы, әлемдік тарихта, соның ішінде Қазақстан тарихында тұлғатануға қатысты осы кезге дейін мойындалған ортақ теориялық-әдіснамалық тұжырым орныға қойған жоқ. Шығармашылық еркіндікті шектейтін ондай әмбебап әдіснаманың болуы мүмкін де емес. Пікір әралуандылығы үшін оның қажеттілігі де жоқ. Бірақ ақиқатқа бастайтын ортақ ұстанымдардың мойындалуы қажет-ақ. Әр ғалым тұлғатануға өз ұстанымымен, өз дайындығымен һәм өз мүддесімен келеді. Сол себептен кейде бұл ғылыми бағыттың төңірегінде ақиқатпен қатар саяси бөспелік, әдеби қызыл сөз, топтық мүдде деген сияқты тарихи танымда тиянағы жоқ тұжырымдар да ере жүретіндігі жасырын емес. Оның мәнісі тарихтың заңдылығын қасақана бұрмалап, тұлғаның қызметін дәлел, дәйексіз асыра бағалау, оның тарихи үдерістегі рөлін әсіре дәріптеуге немесе дерексіз тұқыртуға саяды. Кәсіпқой тарихшыға айдай анық бұндай жасанды тұжырымдар тарихи танымды шатастырады.
Темір жол құрылысының тарихын түгендеген алғашқы ғылыми мақаласын тұлғатану бағытында жазғандығының өзі оның тарих ғылымына қосар үлесінің басты бағыттарының бірін айқындағандай. Осы мақаласы жарыққа шыққаннан кейінгі жарты ғасырдан астам уақытта Асылбеков ғылымның биік шыңына – ҚР ҰҒА академигі деңгейіне дейін көтерілгендігі сияқты тұлғатану бағытындағы ғылыми еңбектері де барынша ауқымды болуымен бірге деректік, мазмұндық және методологиялық тұрғыда арналы да терең сипат алып, оның ғылыми мектебінің берік ұстанымына айналды.
Осындайда, шәкірт ұстанымы ұстаздың өнегесінен өріс алатындығы да есте болуы керек. Асылбековтың тұлғатану бағытындағы методологиялық ұстанымдары шәкірттерінің шығармашылығында жалғасын тапты. Шәкірт ұстанымы ұстаздың өнегесінен өріс алатындығы да есте болуы керек. Осы ретте академик Асылбековтың тұлғатану саласын дамытудағы еңбегі де қыруар. Оның жетекшілігімен шәкірттері қоғам және мемлекет қайраткерлері Ә.Бөкейхановты, Т.Тәжібаевты, Ө.Жәнібекті, көрнекті тарихшы ғалымдар Б. Сүлейменов, Ж.Қасымбаев, М. Қозыбаевтарды ғылыми тұрғыда тұлғаландырып, кандидаттық диссертациялар қорғады, монографиялар жариялады. Осының өзі үлкен еңбек. Олардан өзге М.Тынышпаев, Т.Рысқұлов, Б.Төлепбаев, А.Нүсіпбеков, С.Зиманов, Ж.Омаров, С.Темірбеков және т.б. қоғам қайраткерлері мен әріптес ғалым ағаларына арналған портреттік мақалалары мен баяндамаларында қазіргі кездегі тұлғатанудың басты қағидалары негізделді.
Жекелеген тұлғаға қатысты зерттеулерде тарих ғылымының теориялық һәм методологиялық мәселелеріне қатысты ғылыми пікірталас, көзқарастық айтыс-тартыстар да басты назарда болады. Асылбековтың танымал тарихшы Б.Сүлейменов туралы зерттеуі өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы Е.Бекмаханов және оның методологиялық ұстанымдары жөнінде өрбіген саяси әрі ғылыми пікірталастың сипаты мен мазмұнын түсінуге арналды. Осы айтыс-тартыста Б.Сүлейменов Е.Бекмахановтың басты оппоненттерінің бірі рөлін атқарды. Бүгінде айтулы тарихшының ғылыми жаңалығы ерлік, ұлтжандылық деп бағаланып жатқанда оның оппонентінің ғылыми тұжырымдарын біржақты жоққа шығару оңайдың оңайы екендігі белгілі. Әйтсе де, М.Х.Асылбеков осы бір методологиялық шетін мәселеге өзінің әрқашандағы байыпты ұстанымына сай аралық позициямен баға беруге тырысады. Екі көрнекті тарихшының жеке бас араздығы емес, ғылымның методологиялық мәселелері бойынша пікір, көзқарас алшақтығынан туындаған пікірталас ғылыми ақиқатқа қол жеткізуге қызмет жасағандығын ғалым естеліктермен өріп, деректермен дәйектеп ұсынады. Әрине, ақиқат ашық та бүкпесіз пікірталаста ғана алға шығады ғой. Тарих ғылымының екі алыбы арасындағы ғылыми пікірталас отандық тарих ғылымының мазмұнына айқындық беруге қызмет жасады деп бағаланады.
Академик тарихи тұлғатануда «Әрбір саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді, оның себептерін, нәтижелері мен салдарын объективтік, жан-жақтылық, тарихилық және басқа ғылыми-методологиялық принциптер негізінде» зерттеу арқылы тарихи таным ілгерілейтіндігін айта келіп, «Жеке тұлғалардың өмірі, саяси-қоғамдық қызметі мен мұрасы зерттелгенде» «олардың ұлт мүддесіне істеген қызметін көрсету» басты өлшемдердің бірі екендігіне назар аударады.
Сол сияқты, ғалымның тарихи тұлғалар туралы зерттеулерді жекелеген топтардың «монополиясына айналдыруына» жол беруге болмайтындығын баса айтып, ғылыми этика мәселесін де қозғады. Пікір алшақтығына қарамастан кез-келген ғылыми тұжырымның өмір сүруге құқылы екендігі де тағаттылықтың ұстанымдарының бірі ғой. Ақиқатты мойындау – парасаттылықтың көрінісі болса, дәлелді ғылыми тұжырымға дәйекті пікір айта алу жоғары мәдениеттілікті танытады емес пе?!
Мәлік ағаның осындай ғылыми көрегендігі мен биік азаматтық парасаты Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты өрбіген ғылыми пікірталас тұсында таныла түсті. Он том, жиырма кітаптан тұратын Отан тарихы академиялық еңбегінің құрылымын айқындап, методологиялық ұстанымдарын қалыптастыруда тарих ғылымы ақсақалына лайық парасат пен біліктілік танытқан болатын. Ғылымға жанашырлықтан туған бұндай интеллектуалды әбжілдік ғалымның тұлғалық болмысына тән мінез еді.
Кәсіпқой тарихшы ретінде М.Х.Асылбеков ұрпақтар сабақтастығы дәстүріне адал болды. 50-жылдардың соңында тарих ғылымының табалдырығын аттаған Мәлік аға А.Нүсіпбеков, Ә.Марғұлан, Б.Сүлейменов, Б.Төлепбаев, сияқты ғұлама ғалымдарға іні болып, олардың қосын жекті, өнегесін алды, ойына ой қосып, пікірлерін ұштады. Әріптестері М.Қ.Қозыбаев, К.Н.Нұрпейісов, О.Ы. Ысмағұловтармен қызметтес болып, інілері М.Қойгелиев, К.Бұрханов, С.Мажитов, Х.Абжановтарға ғылым жолында ақыл-кеңесін аяған жоқ, ортақ істің мүддесі үшін әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Ең бастысы – Қазақ тарихының киелі қара шаңырағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының уығын қадап, іргесін бекітуге, өрісін кеңейтуге өз үлесін қосты. К.Нұрпейіс, В.Галиев, З. Қинаятұлы, Х.Алдажұманов сияқты көптеген ізбасар әріптес інілерімен, соңына ерген шәкірттерімен тарих ғылымына қызмет жасаудан шаршаған емес.
Тарихшы – өз дәуірінің перзенті болғандықтан оның еңбегінде сол дәуірдің табы болады. Оның шығармашылығы өзі өмір сүрген қоғамының ахуалымен айқындалмақ. Осы үдерісте тарихи сананың әдіснамасы өзгереді, тарихтың өзі басқа кейіпке еніп, қоғамдық, саяси және рухани құндылықтар жүйесі өзгеріп, жаңа бағаға ие болады. Өмірлік және кәсіптік тәжірибе тарихшының алдына шешілуі тиіс жаңа мәселелер қояды, ескі мәселелер жаңа қырынан алдан шығады. Кеңестік қоғамда ғалым болып қалыптасқан және осы қоғамның идеологиясына қызмет жасаған Мәлік ағаның аға, іні әріптестерінің кейбірі шығармашылық еркіндікке кең жол ашқан тәуелсіздік жағдайында бұрынғы ұстанымдарынан бас тарта алмай тоқырап қалды. Олардың таптық-партиялық методологиямен жазылған ғылыми еңбектері түбірімен қайта қарауды қажет ететін еді. Бұл жағдай ғалым үшін тарихты қайта жазу емес, күні өткен көзқарастан бас тарта отырып, өз зерттеулеріне сын көзімен қарап, оны уақыт талабына сай жаңғырта алу. Осындай сындарлы сәтте кеңестік қоғамның ұстанымдардан бас тартып, рухани тұрғыда қайта түлеп, тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруға құлшына кірісіп кете алған аға буын тарихшыларымыздың бірі – осы Асылбеков еді. Асылбековтың рухани жаңғыруы оның тәуелсіз тарихи сана қалыптастырудағы шығармашылық кредосын айқындап, отан тарихының мазмұнын байытқан табыстарға жол бастады.
Мұстафа Шоқайдың «зиялылар тек жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдануы жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білуі тиіс» деген сөздері тәуелсіз қоғамда тарихи сана қалыптастыру деген мемлекеттік міндетті арқалаған, бәтуалы билігімен, уәжді сөзімен қоғамдық ойды елдікке ұйытуға қызмет жасаған Мәлік-Айдар Асылбековке арналғандай.
Хазретәлі Тұрсұн,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы
qazaquni.kz