Байсын дәстүрі қалай «басмашылар күйіне» айналды?
2019 ж. 16 мамыр
3549
0
Оңтүстік өңірінен шыққан мырза толғау күйдің бір заңғары – Оразбек Сәрсеновтің есімі жалпы жұртқа кең танымал болмағанымен, кәсіби күйшіл қауымға жақсы таныс. Оның тартқан күйлері сирек болса да Қазақ радиосынан беріліп тұрады, күйші шығармашылығына арналған радиоочерктер де бар. Бірсыпыра туындылары күй фонотекаларында тіркеулі, дәстүрлі аспаптық туындылар антологиясына шығуы да жоспарлануда. Ал осы О.Сәрсеновтің күй мұрасын қай мектепке жатқызамыз?
Өз сазы, өз мақамы бар арналы дария
Қазақтың күй өнері белгілі бір қалыптасқан орындаушылық мәнерге байланысты дамитыны, соған орай аймақтық дәстүр-салты бар мектеп түзетіні белгілі жайт. Домбыра күйлері табиғатына қарай Батыс Қазақстан (Атырау-Орал), Маңғыстау, Сыр-Жиделібайсын, Жетісу, Қаратау, Сарыарқа, Шығыс Қазақстан болып жеті мектепке бөлінеді. «Бөлінеді» деудің өзі – шартты ұғым, себебі қазақы күй толғау – әуелден әуезі біртұтас дүние. Бұл анықтаманы «арғы асылы бірегей түркілік сарынның ғасырлар бойы заманына сай байырғы ырғақ пен сұлу сазға шомылып кемелденгені, сөйтіп, ауызша дамыған аспаптық мәдениетіміздің сахарадағы сан алуан саздық келісімді бойына сіңіргені» деп ұққанымыз дұрыс.
«Күйшіліктің мектеби анықтамасы қазіргі оқыту жүйесіне байланысты туындаған әдістеме» деген кісі қателеспек, себебі дәстүрлі танымның тамыры тереңде, ата-бабамыз қазақ даласында сайран салған сал-сері, әнші-күйшінің қай елдің кісісі екенін домбыра алып «әу» дегенінен, екі ішекті бір қаққанынан таныған. Яғни қазақтың күй қазынасының кәсіби түрде түзілуі ХVIII-ХIХ ғасырларда-ақ жүзеге асқаны баршаға аян.
Аталған күйшілік мектептердің ішінде, өкінішке қарай, біртұтас «Оңтүстік күйшілік мектебі» деген сөз кездеспейді. Оның орнына көбінесе «Қаратау күйшілік мектебі» жүреді. Ал енді «Әзіреті Қаратау», «Кие қонған сырлы Созақ» деп ел ішінде аты ардақталатын осынау өлкенің жағырапиясы жалпақ оңтүстікке келе бермейді, себебі ол – Қаратаудың шоқы-сілемдерінің күнесі емес, теріскейін жайлаған ел. Созақ – Мойынқұмның жалын кеше, Жетіқоңыр даласы арқылы Сарыарқаға иек артады, сондықтан ел ішінде оны «Сарыарқаның Өрқақпасы» дейді. Қаратаудағы әмбе күйшіліктің алды-артындағы шежіреде арқаның шүйгін өнері басымырақ, қобызшылық салт – Ықыластан (Ықылас Дүкенұлы – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы), домбырашылық жол берісі – Арғын Дайрабай, Сайдалы Сары Тоқадан, әрісі – Итаяқ, Тәттімбеттерден бастау алады.
Осы себептен болар, қазіргі оңтүстік өлкенің күнгей тұсында Қаратау шертпелері етене сіңе қоймағаны аңғарылады, оның есесіне жергілікті өнерпаздар Жиделібайсын, Сыр дәстүріне жүрдек келеді. Оңтүстік күйшілерінің сарыны көбінесе Әлшекей, Қазанғап үлгісіне бейімделе бітеді, төкпелей, желдірмелете толғауға әуес. Жалпы «шертпе мектебін жатырқамайды» дегеннің өзінде оңтүстіктің күнгейіндегі елдің атадан
дарыған өзіндік төл мақамы бар, әлбетте, салыстыра келсек, Қаратаудағы күйшіліктен алабөлек арна екені бірден аңдалады.
Оңтүстік күйлері, әсіресе Қызылқұм даласын мекендеген қалың жұрттың ән-күйі, іргелес Мырзашөл, Тамды, Жызақ топырағында өніп-өскен жұрттың өнері – өз мақамы, өз сазы қалыптасқан дариялы бір қазына. Бұл жөнінде айтылған, жазылған зерттеулер де баршылық, әсіресе Рахманқұл Бердібай, Ақселеу Сейдімбек, Ілия Жақанов, Берік Жүсіпов сияқты ғалымдар бұл аймақтағы домбырашылық өнердің ырғын екенін және арғы тарихы Алтын Орда заманынан сыр тартатынын кезінде қамшымен нұсқағандай атап-атап жазған еді. Фольклортанушы Б.Жүсіпов: «Сыр бойы күйшілерінің шығармашылығы – музыкатанудағы тың арна. Ұмыт болу қаупі төнген заманда қайта түлеген Сыр күйінің қазақ әлеуметінің әлі талай кәдесіне жарары сөзсіз», – деп жазады (Жүсіпов Б. Жиделібайсын күйлері. Оқу құралы. Алматы. «Ғылым». 2000 жыл. 14-бет).
Сыр бойы күйшілік мектебінің бір сағасы – Қызылқұм домбырашылық үлгісі туралы алғаш қалам тербеген осы Б.Жүсіпов еді. «Жиделібайсын күйлері» атты кезінде қазақтың күй өнерінде сенсация тудырған осы ғылыми еңбектің руханиятымызға қозғау салар серпіні әлі күнге өте өзекті, себебі бұл – ұлыстық дәуірдің тарихы. Сондықтан болашақта аталмыш зерттеудің жалғасы да болары сөзсіз.
Әйтсе де бұл аймақтағы мәнер қазіргі кезеңдегі ғылыми көзқарастарға сай «Шығыс Қазақстан күйшілік мектебі», «Батыс Қазақстан күйшілік мектебі» дегендей көшелі жолға түсе қоймаған. Осының мінәйі себебі қандай? Алаңды қауым, алқалы ұлыс қонған осынау өлкеде күй өнерінің тарихи дамуы көмескі тарта бастаған ба? Әлде домбырашылықтың кәсіби-дәстүрлі жолы үзілуге бет түзеп, заманы келген соң табиғи үдерісі тоқтаған ба? Төменде осы сұрақтарға жауап іздеуге талап етпекпіз. Әуелі ұлыс шежіресіне, ел мен жер тарихына қысқаша шолу жасалық.
Өзбек пен қазақтың бауыры ажырамаған кез еді...
Қызылқұм – Кіндік Азияның ең ұлық даласы, ол Әмудария мен Сырдарияның ортасындағы шөлейт алапта орналасқан, қазіргі Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан мемлекеттерінің аумағына ортақ өлке. XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін бұл өлке Қоқан мемлекетіне қарады. Заманында Қоқан қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан, Қашғар, Қырғызстанды біріктірген алып жұмхрият болды (Қоқаннан бөлек өз егемендіктері бар Бұқар әмірлігі мен Хиуа мемлекеті де қатар өмір сүрді, әрегідік шарпысқаны болғанмен бұлардың өзара саясаты мен мәдениеті ортақ еді. Ал Қазақ хандығы бұл ғасырларда өз билігінен айрылып, отаршылық қамытын кигені тарихтан аян). XIX ғасырдың соңғы ширегінде Қоқанды ақ патша жаулап алды да, атын «Орыс империясының Түркістан генерал-губернаторлығы» деп өзгертті, орталығы Ферғана аңғарындағы Қоқан қаласы болды. Кейіннен Хиуаға қарасты Сыр бойындағы елді Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский шапты, артынша Ақмешіт пен Ташкентті генерал П.М.Кауфман басып алды. Оңтүстік өңірге, қазіргі Шымкент қаласы мен оның күнгейіндегі Қызылқұмға қарайтын жерлерге генерал Черняев әмір жүргізді де, «Орыс Түркістанының»
астанасы етіп ежелгі Ташкент шәрін (бүгінгі Өзбекстан астанасы) бекітті. 1917-1918 жылдарда Ресейдегі қазан төңкерісінен соң Қоқан хандығы қайта бас көтерді, жас өкімет «Түркістан мұхтарияты» (автономия) болып аталды, оның басында Түркістан көсемі – Мұстафа Шоқай болды.
Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады, қанды қылышын сүйрете келген большевиктер Түркістан мұхтариятын қанға бөктіріп, орнына өз режимін орнатты. Кеңес өкіметі кіндігі бір бауырлас ұлыстарды күшпен ажыратты, ұсақ автономияларға бөлшектеді, Сыр мен Әмуді тел емген ортаазиялық жұрт ендігі жерде жасанды шекарасы бар ұсақ дәулеттерге, автономиялы республикаларға, округтерге бөлініп, шашырап кетті. Қоқан, Хиуа дәуіріндегі Қазақ елінің басына түскен салық ауыртпашылығы, көшпелі мен отырықшы арасындағы қақтығыстар бөлек әңгіме. Алайда ат құйрығын кесіскен жерлері жоқ. Тарихи қайшылығы мен саяси тартысына қарамастан осынау түркі тамырлас Орта Азия халықтары белгілі бір саяси-әкімшілік, ғылыми-мәдени және діни руханият ошағында әрдайым ымыралы болып келді.
Генерал П.М.Кауфман жорығында оның әскери капельмейстері болған Август Эйхгорн кәсіби өнертанушы ретінде Түркістан өңірінің мәдениетін, өнерін көп зерттеді, ән-күйлерді нотаға жазды, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы жазбалар қалдырды. Түркістан өлкесінде 13 жыл өмір сүрген оның арқасында қазақтың аспаптық музыкасы әлем назарына алғаш рет іліккенін айту парыз. Оның «Песни и напевы Центральной Азии» атты этнографиялық альбомы екі бөлімнен тұрады, біріншісі «Киргизы», екіншісі «Музыка узбеков» деп аталады. Өзбекстандағы, Қазақстанның оңтүстігіндегі және Сыр бойындағы қазақтардың өнеріне Эйхгорнның берген бағасы жоғары, бұл жөнінде ол: «В смысле музыкального благородства, народной теплоты, душевного содержания и самобытной силы здоровья казахская музыка превосходит музыку других народов», – деп тамсанған.
Тағы бір жазбасында мынадай сөздер өрілген: «...киргизские песни с их силой и полнозвучностью, с душой и чувством, заставили меня воскликнуть: «Да! Это – истинная, настоящая музыка, которая действительно дарит человеческому сердцу утешение и удовлетворение! И даже теперь, когда я пишу этот очерк, после истекшего десятка лет... звучат во мне постоянно с той же красотой и с той же прелестью эти песни степей, являющиеся символом чистейшего стремления и неподдельного искания звуков из той сферы, которая носит название музыки! Эти песни, с нашей стороны, полностью заслуживают достойного к ним уважения и справедливого отношения!» (Т.М.Джани-заде. Музыкальная культура Русского Туркестана. Книга-каталог (по материалам музыкально-этнографического собрания Августа Эйхгорна, военного капельмейстера в Ташкенте (1870-1883 гг.). Москва, 2013. 25-стр.).
А.Эйхгорн өмір сүрген заманда өзбек пен қазақтың бауыры ажырамаған еді. Дешті-Қыпшақ заманынан бері қазіргі Өзбекстан мен Қазақстанда тең өмір кешіп келе жатқан ірі тайпалар – үйсін, жалайыр, алшын, қият, керей, арғын, тарақты, найман, қыпшақ, қанжығалы, қоңырат, қаңлы, керейіт, меркіт, тама, табын, рамадан, маңғыт, таңғыт, қатаған, кенегес, қоралас, хангелді,
құлан (қыпшақ), құрама, шанышқылы, киікші, қырықсадақ (қырықмылтық) және қазаққа сіңген қырғыз, қалмақтың аздаған әулеттері де болды. Бұлардың алтын бесігі – Сыр мен Әму, Қызылқұмның апайтөс даласы. Өзбекстандағы қазақтың қасиетті жерлері – Самарқандағы Жалаңтөс батыр құлпытасы, Ташкендегі Төле би кесенесі, Бұхараның Нұрата жеріндегі Әйтеке би зираты, бұлардан бөлек Шымыр ата, Жыланды ата, Жалаңаш әулие, Шопан ата, Сүйел ата, Көктерек әулие, Бабай шертер, Құс қонбас әулие, Зәркет баба, Ақсақ ата, Нұреке әулие, Былғары ата, Көктілек ата, Көктонды ата, Құдайберген ата, Еңсе әулие сияқты ортақ тәуетерлеріміз бар. Өзбекстан ішіндегі қазақ рулары атақоныс ретінде қосөзен – Әмудария мен Сырдарияны ежелден қыстаған жұрт, ұлт ретінде қазіргі өзбек құрамына ассимиляцияланбаған.
Өзбекстанда осы күні өздерін ресми түрде өзбек ұлтына жатқызатын қазаққа туыс екі ірі «көшпелі өзбек» тайпасы бар, олар – қоңыраттар мен лақайлар. Лақайдың тілі, өнері бөлектеу, қазаққа етене жақыны – қоңыраттар. Қазіргі Өзбекстанда тұратын қоңыраттар «диаспора» емес, автохтонды ұлт, яғни тарихи отаны, жері бар жергілікті халық болып саналады. Олар 1930 жылы қазіргі Өзбек мемлекеті ту көтергенде санаққа жеке субэтнос ретінде тіркелген. Өзбек қоңыраттары Боқтаңбалы, Айынлы, Қостаңбалы, Қанжығалы, Төртуыл деп бес атаға бөлінеді, олар бүгінгі қарақалпақ, қазақ қоңыраттарымен аталас. Бұлар Өзбекстанның барлық аймақтарында дерлік кездеседі, дегенмен тарихи отаны – ежелгі Жиделібайсын жері. Байсынға қарасты негізгі жерлер – Қашқадария, Сұрхандария аймақтары.
Өзбек қоңыраттары бүгінге дейін өзіндік дербес этностық қасиеттерін сақтаған, жартылай көшпелі өмір сүреді, көкпар тартады, домбыра шертеді, жыр айтады. Мыңжылдық тарихы бар «Алпамыс батыр» дастанын кие тұтады. Өзбек қоңыраттарының домбырашылығы да жақсы дамыған, байсын күйшілік нақышы қалыптасқан, өзіндік шерту мәнері бар. Ұлы даланың көшпелі қазақ пен өзбекке ортақ байырғы сарыны бұзылмаған. Байсын дәстүрі мектебі жағынан қазақ, қарақалпақ, түркімен күйлеріне жақын келеді, тек көне хорезмдік мәдениет ықпалынан пайда болған қайырымдардың акценті ерекшелеп тұратыны бар. Енді осы жөнінде сөз жалғалық.
Қазақстанда – тыйылды, Өзбекстанда – өркендеді
Қоңыраттар – өзбек музыкасы мәдениетіндегі «қунғироти» деген аспаптық-музыкалық жанрдың басиесі. Өзбек музыкасының білгірі Файзолла Кароматов зерттеулерінде қоңырат күйлерінің ерекше стилі бар екенін атап өтеді, бөлек аспаптық жанр ретінде қалыптасқанын жазады: «Особое внимание привлекают такие домбровые пьесы, как «Қунгироти» («Конгратская»), «Лакай» («Лакайская») и другие. Уже названия этих пьес и широкая их популярность в местностях, где проживают конграты, лакай и др., по имени которых названы пьесы, указывают на принадлежность этих мелодий тому или иному роду или племени» (Кароматов Ф. Узбекская домбровая музыка. Госполитиздат УзССР, Ташкент. 1962. 14-стр).
Ф.Кароматовтың «Узбекская домбровая музыка» атты кітабына Байсын аймағында тұратын күйшілерден көптараулы «Қунғироти», «Қунғироти сает» (саят, аңшылық), «Қунғирот куй», «Қунғирот чертиш», «Қара Қунғироти»
деген күйлерді кіргізеді, сонымен қатар Байсынның дәулескер күйшілері ретінде Шәді Әлимардановты, Мұсылманқұл Алтиевті, Жорақұл Данияровты, Тұрсын Абыройовты, Нарша Баратовты атап өтеді. Әсіресе Шәді күйші туралы ілтипатпен мынадай пікір айтады: «Трудно назвать человека, который не знал бы в колхозе «Ғалаба» Сарыассийского района Сурхандарьинской области, прекрасного домбриста, старейшего чабана Шоди-ата Алимарданова. Его хорошо знают и в других местностях этого района. Прославленному домбристу в 1956 году, в год прибывания нашей экспедиции исполнилось 68 лет. Несмотря на преклонный возраст, он прекрасно владел домброй и мастерски исполнял традиционные пастушеские домбровые пьесы, составлявшие с детских лет его «репертуар». Односельчане слушали Алимарданова затаив дыхание, стремясь овладеть «секретом» его исполнительского мастерства» (Кароматов Ф. Узбекская домбровая музыка. Госполитиздат УзССР, Ташкент. 1962. 5-стр).
Өзбек қоңыраттарының домбырасында перне болмайды, «Алпамыс батырды» жырлайтын бахшылары (жыршылары) домбыраны «саз» деп те атайды. Күйлерінің құрылысында қазақы буындық, сағалық форма сақталған, күйді шертіп те, толғап та тарта береді. Шертпе күйлерді «ғариби чертиш», «бойымча чертиш» деп екі үлгіге бөледі. Бұдан басқа «довра чертиш» деген де күй үлгісі бар, ол – күлдіргі мінездегі (юмореска) қолды ойната шертетін елтімелі шығарма. Төкпе күйлердің бір парасы – жыр күйлер, оны «достон күй» деп атайды, яғни дастан айтардың алдында бақшы тартатын қаратпа күйлер топтамасы. Ал толғау күйді «домбыра күй» деп тараулатып тарта береді. Бұлардан басқа би күйлерінің де сан түрлі үлгілері сақталған. Ал енді осы үлгілердің бәрін бір жанрға біріктіре келе жалпылама «Қунғироти», «Қунғирот куй» деп атайды.
ХIХ ғасырдың ортасы, ХХ ғасырдың басында Жиделібайсыннан бастау алатын «қоңырат күйлері» қазіргі Қызылорда, Түркістан облыстарында тұратын қазақтардың, Әму сағасын жайлаған қарақалпақтардың да ортақ
музыкалық мұрасы болып саналды. Себебі бұл сартауыл сазымен былғанбаған, сағасы кемел, қағысы тепкінді, нағыз ежелгі көшпелілердің мұрасы еді. Қарақалпақ күйшілерінде «қоңырати күйлер» ізі әлі сарқылмаған, олар домбыра мен дутарда тең тарта береді. Алайда концерттерде атын атап орындау мәселесі қиындап кеткенге ұқсайды. Себебі қарақалпақ күйшілік дәстүрінде түрікмен, ноғай сарыны үдемелі. Жиделібайсындық «қоңырат күйлерінің» қазақ арасында тыйылуы қазан төңкерісінен кейін басталды, кеңес өкіметінің саяси пәрмені оны «басмашылардың күйі» деп айыптады, ілуде бір қайырмасын шерткендерді аямады, атты, асты, итжеккенге айдап отырды. Сөйтіп, өткен ғасырдың 30-жылдар мұғдарында қосөзеннің домбырада сөйлеген ұлы сарыны қазақ жерінде өмір сүруін мүлде тоқтатты.
«Қоңырати» үлгісінде күй шертіп өткен соңғы өнерпаз – Әлшекей Бектібайұлы (1847-1932). Өнерлілер арасында «қоңырати күй» деген аты да жойылды, кейінгі ұрпақтың санасында сарғайған естеліктер бар екені рас, бірақ оны қоғамдап зерттеушілер де болмады. Ендігі жерде кеңес идеологиясы өзбек пен қазақтың аспаптық өнерін бөле зерттеуді қолға алды. Тек А.Затаевич қана осы өлкедегі қоңыраттардың ән-күйлерінің ерекшелігін сипаттаған жазбалар қалдырды. Затаевичке Хиуа жеріндегі қоңырат әндерін орындаған қазақ театрының атасы, халық арасында «Нарком» атанған Темірбек Жүргенов болатын. Затаевич бұл жөнінде: «Т.Жургенов – интеллигентный и серьезный молодой казах, основательнейший знаток сырдарьинских песен, давший мне чрезвычайно ценные сообщения песен Конратовского рода, происходящего из Хивы. К сожалению, несмотря на все мои старания, мне не довелось более исчерпывающе использовать широкую осведомленность этого лица в старинном песенном творчестве его Родины».
Ал енді Өзбекстанда керісінше жағдай етек алды. Жиделібайсын жерінің күйшілік өнері дами түсті. Өзбектің домбырашылық өнері өзбек музыкасының жаңа тарихына «Қоңырат күйлері» деген атпен кірді. Қоңырат күйлері тақырыбына симфониялық, камералық шығармалар да жазылды. Жаңа дәуірде егемен ел болған Өзбекстан мемлекеті Сұрхан жазирасының мәдени мұрасын дамытуға күш-жігерін аямады. 2011 жылы Байсын өлкесіндегі қоңыраттардың жыры мен күйі «адамзаттың ауызша дамыған және материалдық емес құндылықтары» ретінде танылып, ЮНЕСКО тізіміне енді.
(Жалғасы бар)
Мақсат Мұхитденов,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, түрколог, музыка зерттеушісі
Дереккөз: Abai.kz