М.Әуезов жазған «Қилы замандағы» Кәрібоз кім?
2019 ж. 09 мамыр
4730
0
«Ораза – он екі айдың падишасы,
Бұл айда қабыл болар көздің жасы», - деп бұдан бір ғасыр бұрын жырға қосқан Кәрібоз Қаңтарұлы «Мархаба иа рамазан» атты қиссасы мұсылманның бес парызының бірі –ораза айы туралы жырлағанын біздер біле де бермейміз. Себебі, дін тақырыбында жазылған шығарма кеңес заманына дейін жарыққа шығып, халыққа кең насихатталса, кеңес кезінде дін тақырыбы жабық болғаны рас. Шығарманың мазмұны мұсылмандарды имандылыққа, мейірімділікке және адамгершілікке үндеп, рамазан айының құдіретін оқырманға жыр жолдарымен жеткізеді. Қисса 1912 жылы «Қазан» баспасынан арабша жазумен жарық көріп, сол жылдары оқырмандар қолына тиген. Міне, содан бері бір ғасырдан астам өтсе де, оның мән мағынасы жойылмаған қиссаны оқып отырып, көз жеткізуге болады. Көлемі шағын кітапша рамазан айын басқа айлардан ерекше екендігін түсіндіреді. Осынау кітапша Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбаларында сақталып келген. Оны біздің қазіргі әріпімізге түсірген, әрі құрастырған филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібек. Және де мұсылмандық тақырыпта дінді дәріптеп жазған дастандар мен қиссалар кезінде көп болса, Қазан төңкерісінен кейін олар жарыққа шыққан жоқ. Бұл туралы кітапты құрастырушы кеңірек тоқталып, солардың ішінде «Мархаба иа рамазан» көпшілік қауымға керек екендігіне аса мән берген.
«Мархаба – иа рамазан» – қиссасы бастан аяқ мұсылман баласына және ислам қағидаларынан бейхабар жандарға дін жолына үндесе, оразаның ұлылығын басқа айлардың өзгешілігі мен артықшылығын жоғары дәріптейді. Оны қиссаны оқыған адам бірден аңғарады.
Биссимиллә әл-рахиман әл-рахим,
Алланың атын айтып, көп-көп сиын.
Ораза ұстап, пітірін бермей қойсаң,
Тәңірім қазы болғанда, болар қиын.
Әй, жарандар, үшбу дүние өтер Һаман,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Ұлылығы он екі айдың рамазан,
Мазһабында айтыпты имам Ағзам.
Бұл айдың құрметіне кешіледі,
Он бір айдың ішінде қылған жазаң.
Әй, жарандар, үміт қылсаң хор-хылман,
Мұхаммед, үмбетіне шаһри рахман.
Ораза он екі айдың шамшырағы,
Құрмет қылған адамның артық бағы.
Бұл айдың құрметі үшін бір ат берсең,
Жұмақтың беріледі мың пырағы.
Құрмет қыл оразаны болмай надан,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рахман.
Бұл айда күндіз ішпе, түнде ұйқтама,
Садақаны көп қылғын келсе шама.
Бұл айдың құрметіне шығын берсең,
Ұжмақтан беріледі бір мың жама.
Әй, жарандар, әл-рахимулла рахман,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Ораза он екі айдың падишасы,
Бұл айда қабыл болар көздің жасы.
Сахадат, Махрифат, Рахмат,
Он-оннан бөлінеді әр хасасы.
Әй, жарандар, ғибадатқа келсе шаман,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан- деп,
Кәрібоз Қаңтарұлы оразаның мәнін, мағынасын осылай жыр жолдарына түсіреді. Қисса да ораза он екі айдың сұлтаны, қожасы, мырзасы сардары екенін айта келіп, рамазан айы келсе қуанып, имандылыққа бет бұру әр пендеге тән нәрсе екендігін жеткізеді. Мұсылмандықта ораза бес парыздың бірі болса, ол исламда діннің тіреуі деп түсіндіреді. Құдіретті айда шайтан қашып, періштелер оларды шынжырлап аяқ-қолын байлап, хауаиаға жабатынын айтады. Ораза айында шайтан қашып, жұмақтың есігі ашылатындығын ескертеді. Ораза ұстаған жан пітір, садақа берудің маңыздылығына тоқталады.
Айында оразаның шайтан қашар,
Есігін сегіз ұжмақ әулім ашар.
Ораза ұстап, пітірін бермей қойса,
Аспанға шыға алмастан, болар нашар.
Пірадарлар, бес парызды қылғын тамам,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Пітір тәмәм уәжіп халы барға,
Зекетке халы келген малы барға.
Қатын-бала, қызметкер-малайға,
Неше бас бір үйдегі жаны барға.
Әй, назымшы, қалдырма білген заман,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Бидай болса-бес қадақ бір адамға,
Арпа болса-он қадақ әрбір жанға.
Ақша болса- сол бидай бағасын бер,
Әр нәрсе үшін сауаптан құры қалма.
Әлиахатын жазып бақ жетпей қазан,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Пітрің оразаның қанат екен,
Құрмет қылсаң орының жаннат екен.
Алланың сүйген айына құрмет қылғын,
Отынан жеті тамұх азат екен.
Әй, жарандар, кешіледі қылған жазған,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһари рамазан.
Қиссада ораза ұстаған жан пітір беру парыз болса, оны ұмытпай айт мейрамынан бұрын берген абзал екендігіне көңіл бөледі. Ал пітір айттан кейін қабыл болмайтындығын ораза ұстаған жандарға ескертеді. Дін тақырыбына оның ішінде рамазан айына арналған қисса тек мұнымен шектелмейді. Оразада ішпек, жемек шектеу жасаса, онда бойдың таза ұстау аса құрмет екендігін және жаман сөзді тілге алмауды, ғайбаттан тілді сақтап, жаман көзден де аулақ болуды да айтады. Сонымен қатар, оразаның бір күнін қаза қылмай ұстауға шақырады. Егер де ораза қаза болған жағдайда, оның жазасы қиын болатынын былай түсіндіреді.
Оразаны қастан бір күн қаза қылса,
Кифират, бір құл азат риза қылса.
Иә болмаса, алпыс ашқа тағам берер,
Яки, ұдайы алпыс күн ораза болсын,
ада қылса.
Пірадарлар, момынға бермесін
осал заман,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Егерде, заурат боп сенбе бір күн,
Бір күнге ораза ұстар кейін бір күн.
Бір күнгі бір күнмен ада болар,
Шариғаттың әмірін тұсын әркім.
Пірадарлар, үшбу сөзді ұқын ғаман,
Мұхаммед, үмбетіңе шаһри рамазан.
Кәрібоз ұлы Қадір түніне де тоқталып, оның құдіретіне үлкен мән берумен қатар ол күні ұйқысыз иман келтіріп, Аллаға сыйыну, тілек тілеу, жақсылыққа мойынсұнуға үндейді. Отыз күн оразада сахабалар ояу жүретіндігін пендеге ескертеді. Алладан тілеген тілеудің қабыл болуына сендіреді. Қисса да пайғамбарлар мен сахабалар туралы да көп нәрселер айтылып, олардың исламдағы орындарын жіктеп береді.
Жалпы Кәрібоз Қаңтарұлының «Мархаба-иа Рамазан» қиссасы уақыт өтсе де, мұсылманның бес парызының бірі – оразаның барлық жақсылық жағын терең ашып беретіндігімен құндылығында. Және оразаға тән жайттардың барлығын қамтып, мұсылманның бес парызының бірі екендігін көпшілікке жыр жолдарымен жеткізді. Бұдан біз Кәрібоз Қаңтарұлының діннен мол хабардар ілімді жан екенін байқаймыз.
Ал осындай қиссаны жазған Кәрібоз Қаңтарұлы кім екеніне тоқталсақ, ол 1916 жылғы Жетісудағы «Қарқара» көтерілісінің басшыларының бірі болған. Оның есімі атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабында жиі кездессе, көтерілісшінің басшыларының бірі ретінде абақтыға жабылып, Қарақол түрмесінде атылады. Ұлы жазушының кітабында абақтыға қамалғандардың ішінде ақ патшаның терушілері Жәмеңкеге у бергендігі суреттеледі. Сонда Жәмеңке көз жұмғанда Кәрібоздың құран сүрелерінен «ясинді» оқи бастады деген сөйлем бар. Демек Кәрібоз дін жағынан сауатты молда болғандығын осы жол аңғартады. Көп кешікпей абақтыдағы Қарқара қаһармандарына ақ патша солдаттары оқ жаудырып, оларды қырып тастайды. Жасы алпыстың мол ішіне келген Кәрібоз осылай мерт болады.
Кәрібоздың есімі жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаевтың «Бейуақ» кітабында де көп кездеседі. Онда оның есімі көтерілісшілердің басшысы ретінде айтылып отырады. Жақында ғана «Тоғанай Т» баспасынан жарыққа шыққан Жетісудың белгілі ақыны Көдек Байшығанұлының «Қайтейін, жалған дүние...» атты жыр кітабында Кәрібоз есімі албанда ерекше аталатындығы үлкен тарлан мағынасында ілімді молда болғандығын жырға қосады. Ақын қисса авторын жоғары бағалауы бұл жайда тегін емес. Себебі, Ұзақ, Жәмеңкені және оның айналасындағыларды Көдек өз көзімен көріп өссе, барлығы бір заманның адамдары. Сондай халыққа шапағаты тиген жандарды Көдек ақын жырға қосып, олардың ел ішіндегі беделін айқындап береді. Олардың ішінде Кәрібоз да бар.
Сондай-ақ, Кәрібоз оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, әділеттілікке жүгінген өз заманында турашыл азамат болғандығын Қарқара көтерілісінің сабаздарының бірі І. Дәлденбаұлының естелгінде айтылады. «Кәрібоз Қаңтарұлы парсы-арабша жақсы білген молда кісі еді. Сол заманда патшаның «Шолпан жұлдыз», «Ұшқын» деген газеттерін оқитын. Кәрібоз газет оқып, жұртқа сөз таратушы деп ұсталды. Ұзақ Кәрібозды қасынан тастамаушы еді.(Қарқара айбаты. Алматы . «Өлке», 1991. 175 бет) деген жолдар бар.
Міне, «Мархаба-иа рамазан» киссасың авторы туралы қысқа дерек. Алайда, ілімді молданың бұл қиссадан басқа да дін тақырыбында жазған туындылары болғанын анық. Оны Тоқтар Әлібек те айтады. Бірақ ол шығармалар бізге жетпеуі өкінішті-ақ. Және де Кәрібоз жөнінде ізденуші зерттеушілердің жоқ болуы.
Жалпы айтқанда Кәрібоз Қаңтарұлының «Мархаба иа Рамазан» қиссасы мұсылманның бес парызының бірі ораза туралы дін тақырыбында жазылған алғашқы шығарма. Ол қашан да өз құндылығын жоғалтпайды.
Жексен АЛПАРТЕГІ
qazaquni.kz