Ислам Әбішев болмаса бір елді-мекеннің тарихы шашылған күйі қалар еді - Әбдіғаппар Айдаров
2019 ж. 30 сәуір
5439
6
Ислам Әлмаханұлы Әбішев – Түркістан облысы, Шардара ауданы, Көксу совхозында өсіп, ержеткен. Әкесі – Әлмахан Әбішев Көксу кеңшарында ауыл шаруашылығы саласында және қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Ислам аға мектепті алтын медальмен бітіріп, жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, қызметке орналасқаннан кейін де ешуақытта Көксу өңірін есінен шығарған емес. Оңтүстікке сапарға шықса, әрдайым ауылға соғып, ақсақалдардың қолын алып, өмірден өткендердің үйлеріне кіріп дұға жасап, бірге оқыған достарының қуаныш, жақсылықтарына "құтты болсын" айту дағдысынан бір де бір рет жаңылған емес. Қаншалықты қым-қуыт қарбалас тірлікпен жүрсе де Исекеңнің ерекше бір қасиеті – ол кісінің есте сақтау қабілеті және соншалықты құнттылығы. Егемен болып еңсемізді тіктеп, Кеңестік дәуірде өткізіп алған олқылықтардың орнын толықтырып, ата-бабаның ізімен салынған салиқалы да сара дінімізбен аядай ауылымызға лайықты мешіт салу әрекетіне ауыл тұрғындары болып кірісіп кеткенбіз. Алайда, ары тартсаң арыға, бері тартсаң беріге жетпейтін тұрмыс ауыртпалығының әсерінен екі-үш жылдай бастаған тірлік аяқсыз қала берді. Жиналған қаражат мардымсыз болып, шынын айтсам, мешіттің іргетасын құюға да жетпеді.
Соның барлығын байқап жүрген Ислам Әлмаханұлы бір келген сапарында ауылдастарының бәрін жинап: "Құрметті көпшілік! Қадірлі менің жерлестерім. Сіздер ешнәрсеге әуре болмаңыздар. Мен Сіздердің ниеттеріңізді, ықылас-пейілдеріңізді өте жақсы түсініп тұрмын. Бірақ қанша әрекет жасағанмен шамаларыңыз келмей жатыр. Сондықтан осы мешіттеріңізді мен өз қаражатыма салып берейін. Мен сіздердің араларыңызда өстім, ержеттім. Осы ауылда Әкем, Анам, туған ағам, жеңгем Сіздермен бірге қаншама жыл ғұмыр кешті. Мен Сіздерді сағынып келемін. Араларыңызда екі-үш күндеп жүргім келеді, емен-жарқын отырып, төрлеріңізде аунап-қунап жатып шәй ішіп, бұйырған дәмдеріңізді татып сұхбаттасқым келеді. Өкінішке орай, қолым тие бермейді. Сондықтан мені де жақсы түсініңіздер. Ал мешіттеріңізді бір жылдың ішінде салып беремін", – деді.
Азамат айтқан сөзінде, берген уәдесінде тұрды. Мешіт күні бүгінде киелі Көксу ауылында талапқа сай, иман байлығында жүрген жамағаттың әжетіне жарап келе жатыр.
Ислам ағаның Көксу ауылына жасаған тағы бір, бір емес, бірегей тірлігі Көксу ауылының жетпіс бес жылдық шежіре кітабын шығаруға демеушілік көрсеткені. Мен бұрын-соңды мұндай тірлікті істеп көрмесем де іштей түйсінгенім, егер Ислам Әлмаханұлы қаражатпен қолдау көрсетпегенде бір елдімекеннің сексен жылдық тарихы шашылған күйі қалар еді. Міне, жақсының жақсылығының арқасында
"Сыр бойында ауыл бар" деген сырға толы үш жүз он төрт беттен тұратын керемет тарихи кітап өз оқырмандарымен қауышты.
Мен Ислам Әлмаханұлының ұланғайыр даламыздың бір шетінде өзімен өзі қоңырқай тіршілік кешіп жатқан қарапайым қазақы ауылға жасаған бір ғана қайырымдылығын айтып отырмын.
Қас жаманға мал бітсе,
Ебіменен жидым дер,
Бұл күнде өзім болдым дер, –
деп нақылият жырларда айтылғандай, өзімен өзі бола салғандай, ауыл тұрмақ, әке-шешесін танымай, тантып жүргендер қаншама?! Алла ондайдың бетін аулақ қылсын.
Не дейміз енді?!
Арғымақтың жолында жазығы бар, оры бар,
Азаматтың жолында бақыты бар, соры бар, –
дегендей Исламдай иманжүзді ағаның басына азырақ қырсық айналып тұрған соң, ара ағайындай араша сұрағанымызды Алаш жұрты айып көрмес.
Бірін-бірі батыр дейтін, өсер елдің ұрпағы емес пе едік?!
Әбдіғаппар АЙДАРОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Түркістан облысы Шардара ауданы