«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті
2019 ж. 12 сәуір
2394
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңартылған Ұлттық комиссия құрамына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин жетекшілік етеді.
Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының іске асырылу қорытындылары, сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары қаралды.
Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин екі жыл ішінде қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуды басты мақсат еткен ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған жер» жобасы аясында меценаттар қаражатына 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды. Отандық тарихта алғаш рет шет тілдерден экономика, әлеуметтану, саясаттану, психология және өзге де ғылым салалары бойынша әлемдегі 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылып, басып шығарылды. Елдің гуманитарлық білім қоры 2019 жылы тағы 30 кітаппен толықпақ. Сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі 6 (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) тілінде Қазақстан жазушылары мен ақындарының проза және поэзия антологиялары баспаға әзірленіп, осы жылы жарық көретін болады. «Киелі Қазақстан» жобасы табысты жүргізілуде: 28 тарихи нысанда реставрация жасалды, жаңадан «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» қорық-музейлері ашылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар қызу іске асырылуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижелері мен жоспарлары туралы отырыста Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев, «Wikibilim» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай іске асыру жұмысын жандандыру қажеттігін айрықша атап айтып, бірқатар тапсырма берді, олардың орындалуы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті бөлімдері мен Ұлттық комиссияның ұдайы бақылауында болмақ.